Төрегелді Байтасов – журналист, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, егемендік алған алғашқы жылдары ұлттық рухты көтеріп, ел санасын жаңғырту жолында қалам тербеген бірегей тұлға. Ол «Оңтүстік Қазақстан» газетіне тың серпін, жаңа леп алып келіп, оқырман жүрегінен жол тапқан журналист еді. Журналистік қызметі ғана емес, баспагерлік еңбегі де ел жадында. Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарындағы қиын-қыстау кезеңде нартәуекелге барып, алғашқылардың бірі болып тәуелсіз баспа ашқан азамат – Төрегелді Байтасов болатын. Ол ақын-жазушылардың туындыларын еш қаржысыз-ақ жарыққа шығарып, мәдениеттің қамқоры, руханияттың шын жанашырына айналды.

Бүгінде Төрегелді Байтасовтың артында қалған рухани мол мұрасы, жарияланған кітаптары мен еңбектері ел жадында жаңғырып келеді. Түркістан облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасының «Өнерлі өлке» бөлімінде ардақты қаламгердің кітаптары арнайы қойылып, оқырман назарына ұсынылған. Бұл – оның шығармашылығына деген құрметтің, кейінгі ұрпаққа қалдырған аманатын қастерлеудің бір үлгісі.

Фото: alashaqparat.kz