Бүгін Қазығұрт ауданында “15 ақпан – Ауғанстан жерінен кеңестік шектеулі әскери контингентінің” шығарылуының 36 жылдығына орай, ауған соғысына қатысқан азаматтардың ерлігін дәріптеу, соғыстың зардаптарын кейінгі ұрпаққа тереңінен түсіндіру, бейбітшіліктің қадірін білуге үйрету мақсатында «Отқа оранған ауыр жылдар» атты мерекелік іс-шара өтті.

Атаулы іс-шараға аудан әкімі Азизхан Исмаилов, «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы Алтынсары Үмбетәлиев, аудандық ардагерлер кеңесі мүшелері мен ауған соғысы ардагерлері қатысты.

Алдымен аудандық қорғаныс бөлімі жанында соғыс майданында қаза болған сарбаздарға құран бағышталып, еске алып 1 минуттық үнсіздік жарияланып, кейіннен мәңгілік алау жанына және мемориал ескерткішке гүл шоқтары қойылды.

Атаулы іс-шара аудандық мәдениет сарайында салтанатты жиынға жалғасты. Бұл жиында аудан әкімінің орынбасары Мадияр Оразалиев құттықтау сөз сөйлеп, ауған соғысы ардагерлеріне сұрапыл соғыста батырлық танытып, отан алдындағы борышын абыроймен атқарған ерліктері және бүгінгі күні ауданымыздың дамуы жолында, өскелең ұрпақ тәрбиесінің кемелденуіне қосып жүрген үлестері үшін аудан әкімінің алғыс хаттарын табыстады.

Іс-шара аудандық мәдениет үйінің өнерпаздарының сахналық қойылымдары мен концерттік бағдарламасына ұласты.