Бүгін Ордабасы ауданындағы Мәдениет үйінде ҚР Мәдениет қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, кинорежиссер, көптеген көркем және анимациялық фильмдердің авторы, сценарист Батырхан Дәуренбековтің 60 жылдық мерейтойына арналған «Тәрбие – тал бесіктен» атты балаларға арналған шығармашылық кездесу өтті.

Шараға оқушылар мен мұғалімдер, сондай-ақ әдебиет пен кино өнеріне қызығушылық танытатын көрерменден қатысты. Батырхан Қалдарбекұлы өзінің өмірі мен шығармашылық жолы туралы баяндап, балалар әдебиеті мен кино өнеріндегі өзекті мәселелерді қозғады. Сонымен қатар, кездесуге қатысушылар жазушыға өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, мазмұнды сұхбат жүргізді.

Кездесу барысында мерейтой иесі анимациялық фильмдердің тәрбиелік мәні туралы ой бөлісіп, ұлттық құндылықтарды дәріптеудің маңыздылығына тоқталды. Сондай-ақ, қатысушылар оның кино саласындағы еңбектері жайында ақпарат алып, көркем және деректі фильмдер түсірудің қыр-сырымен танысты.

Түркістан облыстық мәдениет басқармасының «Оңтүстікфильм» КММ-сі мен Ордабасы аудандық мәдениет үйі ұйымдастырған шара барысында тәрбиелік мәні бар бірнеше анимациялық роликтер көрермен назарына ұсынылды.

Бұл ерекше басқосу жас оқырмандар мен өнер сүйер қауым үшін рухани азық болған мазмұнды жиын ретінде есте қалды.