Бүгін, Төлеби ауданында Кеңес әскерінің Ауғанстан жерінен шығарылғанына 36 жыл толуына орай «Ерлік – елге мұра, ұрпаққа ұран» атты ауған соғысы ардагерлеріне арналған салтанатты жиын өтті.

Мерекелік басқосуға қатысушылар ең алдымен «Жеңіс» саябағында орналасқан «Мәңгілік алау» алаңына гүл шоқтарын қойып, ауған жерінде қаза болған ардагерлерді бір мезет үнсіздікпен еске алып, рухтарына құран бағыштады.

Салтанатты жиын аудандық мәдениет үйінде жалғасын тауып, аудан әкімінің орынбасары Бағдатбек Жанғазиев Ауған жерінде жауынгерлік міндетін абыроймен атқарып, бүгінде ауданның қоғамдық өміріне белсене ат салысып жүрген азаматтарға аудан әкімінің «Алғыс хатын» табыс етті. Аудандық мәслихат депутаты Белес Рысбеков Ауған жерінде батырлық пен қайсарлықтың үлгісін көрсете білген, қазіргі кезде жастардың бойына отансүйгіштік, батылдық, адамгершілік қасиеттерін дарытып жүрген азаматтарды аудандық мәслихат төрағасының «Алғыс хатымен» марапаттады.

Жиында аудандық Мәдениет үйінің қызметкерлері патриоттық әндер шырқап, іс-шараның мағынасын айшықтай түсті.