Жетісай аудандық орталық кітапханасы мен «Асыл Қазына және Тең қоғам» әлеуметтік орталығы бірлесіп, қазақтың қара өлеңінің қайталанбас тұлғасы Мұқағали Мақатаевтың шығармашылығына арналған поэзия кешін өткізді. Бұл шараның басты мақсаты – ақынның өмірі мен әдеби мұрасын насихаттау болды.

Кеш шымылдығын ауданның құрметті аналары- Қоңырбаева Айжамал мен аудандық әжелер алқасының төрайымы Мауленова Рашида ашты. Аудандық әжелер алқасының мүшелері Мұқағалидың жүрек тербер жырларын оқып, әндерін орындады. Сонымен қатар, ақынның әйгілі «Аққулар ұйықтағанда» поэмасынан сахналық көрініс қойылып, көрермендерді ерекше әсерге бөледі.

Поэзия кешінде ақын шығармашылығына арналған «Мұқағали- мәңгілік ғұмыр» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды. Оқырмандарға қызмет көрсету бөлімінің меңгерушісі Шоматова Назира көрме туралы библиографиялық шолу жүргізіп, ақынның кітаптарына шолу жасады.

Ал кітапханашы Шынтаева Жадыра әсерлі әнімен кештің шырайын аша түсті.

Әдеби кештің көркін Абай атындағы №4 мектеп-гимназиясының оқушылары қыздырды. Асан Айғаныс, Есен Інжу, Құралбай Шынар, Мұсатай Бауыржан, Нышанбек Мұрат, Сәліхан Аружан, Тасқожа Мұстафа, Өтеген Балауса сынды жас таланттар Мұқағалидың өлеңдерін нақышына келтіре оқып, көрермендерді тамсандырды.

Іс-шара соңында оқушылардың өнері жоғары бағаланды.

Бұл поэзия кеші көрермендердің жүрегіне жылу сыйлап, Мұқағали мұрасын тағы бір мәрте жаңғыртқан әдеби рухани кеш болды.