Бүгін Түркістан қаласындағы Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-ға Өзбекстанның Алматы қаласындағы Бас консулдығының консулдары арнайы келді.

Бас консулдық өкілдері Дилшод Собиров пен Эркин Абдукаюмов университет студенттерімен кездесті.

Қазіргі таңда университетте Өзбекстаннан келген жалпы саны – 200 студент білім алады. Оның ішінде, 152 студент – бакалавр, 22-сі интернатура, 24-і дайындық факультетінде оқиды.

Жиында сөз алған әлеуметтік-мәдени даму мәселелері вице-ректоры Еділ Төлегенов: «Ясауи университетінің құрылудағы мақсаты – түркі мемлекеттері жастарының басын қосып, білім беру. Қазіргі таңда оқу ордамызда 10 мыңға жуық студент болса, оның 13%-ы — шетелдік студенттер. Олардың қатарында өзбекстандық білімгерлеріміз де бар. Жалпы, қазақ пен өзбек халқының байланысы мен татулығының тамыры тереңде. Ол жайлы тарих беттерін қарап-ақ айтуға болады», — деді.

Консулдар құшақ жая қарсы алып, азаматтарын білім нәрімен сусындатқан оқу орда басшылығы мен оқытушыларына алғыстарын білдірді.

Кездесу барысында Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ-нің бөлім басшысы Бақытжан Әшірбаев этносаралық татулықты нығайту бағытында өңірімізде атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады. Өз сөзінде ол Президент тапсырмасына сәйкес өткен жылы Түркістан төрінде «Достық үйі» ашылғанын, Ассамблеяның 30 жылдығына орай биыл өңірде «Қоғамдық келісім» мекемесінің үйлестіруімен 60-қа жуық ірі жоба мен іс-шара жүзеге асатынын атап өтті.

Сонымен қатар, Өзбекстаннан келген студенттерге қажетті, кедендік мәселелер, заңнамалық жүйелер, шетелде білім алып жүрген жастарға көмек түрлері сынды өзге де кеңестер берді.

Жиын соңында студенттердің сұрақтарына жауап беріп, пікірлерін тыңдады.

Сонымен қатар ректор өкілі м.а Нажи Генчпен де кездесіп, сұхбат құрды. Қос мемлекет ынтымақтастығының одан әрі нығаюы және жастарға білім беру үдерісінде бірге еңбек етуге келісті.