Отырар ауданындағы «Шеңгелді» шағын жинақты жалпы білім беретін мектебінде өлкетанушы, этнолог, әдебиеттанушы, Руханият-Әбу Нәсір әл-Фараби музейінің негізін қалаушысы Абдулла Жұмашовпен «Дара тұлға» тақырыбында кездесу кеші өтті.

Бүкіл ғұмырын музей саласына арнаған Абдулла Жұмашов кеш барысында Қазақстанда тұңғыш және жалғыз музей Руханият-Әбу Нәсір әл-Фараби музейінің ашылу тарихын, өнегелі өмір жолы мен шығармашылығын жастарға баяндап, тәлім-тәрбие беретін мәнді де мағыналы ойларымен бөлісті. Сонымен қатар мектеп ұжымына соңғы жылдары жарық көрген кітаптарын сыйға берді.

Кездесу барысында музей ұжымы мектеп оқушыларына «Рухани мұра жанашыры» атты көшпелі көрме таныстырылды. Онда сол өңірден шыққан жыршы, ақын Мырзабек Байжанұлының (Қызыл жырау), айтыскер ақын Тәушен Әбуованың және Абдулла Жұмашовтың қолжазбалары мен пайдаланған түпнұсқа заттары қойылды.

Кездесу кештен оқушылар керемет әсер алып, мектеп ұжымы Абдулла Жұмашов пен музей ұжымына алғыстарын білдірді.