
Биыл ұлт намысын биік ұстаған тұлға, саяси қуғын-сүргін құрбаны — Телжан Шонанұлының туғанына 130 жыл толып отыр.
Телжан Шонанұлы — көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері, Алаш партиясының мүшесі, ХХ ғасыр басында ұлт мүддесі, қазақ мемлекеттігі жолында күрескен Алаштың біртуар азаматы: даңқты ғалым, дарынды аудармашы, алымды ағартушы, ұлағатты ұстаз, тарих, география, әдебиеттану, методика мәселелерімен терең айналысқан энциклопедист ғалым, қазақ тіл білімінің қалыптасуына өлшеусіз үлес қосқан кәсіби лингвист.
Телжан Шонанұлы — қазақ тіл білімінің дамуы мен ғылым ретінде қалыптасуына орасан зор ықпал еткен ХХ ғасыр басындағы Ахмет Байтұрсынұлы бастаған қазақ лингвистерінің алғашқы легі. Ғалым — қазақ тіл білімінде тұғыры биік тұлға. Қазақ тілінің морфологиясы, ситаксисі, әліпби, емле, жазу, стилистика, аударма теориясы, терминология, түркітану, қазақ-латын әліпбиі тақырыптарымен терең айналысып, көптеген лингвистикалық мәселенің шешім табуына аянбай еңбек етті. Ол — қазақ білім беру жүйесінде үлкен рөл атқарды. Телжан Шонанұлын қазақ тілін оқыту, әсіресе шеттілдік аудиторияда оқыту әдістемесінің негізін салушы ғалым ретінде танылуы тиіс. Телжан Шонанұлының ғылым мен білім беру ісіндегі осы айрықша үлесі, туған халқын сауаттандыру жолындағы қалтқысыз адал қызметін замандастары да жоғары бағалады. Сондықтан болса керек, 1937 жылы Телжан тұтқындалғанда дәріс үстінде Елдес Омарұлы: «Телжан халық жауы болса, мен де халық жауымын» деген болатын. Ал Ахмет Байтұрсынұлы «Еңбекші қазақ» газетінің 1925 жылғы 342 санында жарияланған мақаласында: «Телжан — Нәзір екеумізден бұрын «атқа мінген жігіт» деп бағалайды.
Ахмет Байтұрсынұлы тұтас ғұмырында екі-ақ адаммен бірге еңбек дайындады, оның бірі — Әлихан Бөкейхан, екіншісі — Телжан Шонанұлы. Мұның өзі ғалымның әдістеме саласындағы тәжірибесін, жалпы ғалымдық келбетін жоғары бағалаудан болса керек. Телжантану тәуелсіздік жылдарынан кейін қайта жанданды. Ғалымның қазақ руханияты мен мемлекеттігі жолындағы қалтқысыз қызметі болашақ ұрпақ пен халық жадында мәңгі сақталатыны сөзсіз.
Телжан Шонанұлы 1894 жылы, Торғай облысы, Ырғыз ауданы, Аманкөл болысы, 4-ауылда дүниеге келген.
Ол 1908–1912 жылдар аралығында Ырғыздағы орыс-қазақ училищесін өте жақсы бағамен оқып бітіреді.
1912 жылы Орынбордағы Қырғыз-қазақ мұғалімдер институтына қазына есебінен оқуға түсіп, «Халық мұғалімі» мамандығын тәмамдаған соң, 6 жылдық мұғалімдік міндетін өтеу үшін 1916-1920 жылдары Ырғыз уезі, Тоқырауын болысы, 3-ауылдық мектепте ұстаздық қызмет атқарады. 1917-жылы ұлттық автономия жолында Алаш ұлт-азаттық қозғалысына атсалысты; 1917 жылы, 5−13 желтоқсанда Орынборда өткен екінші жалпықазақ съезінде, небәрі 23 жасында, Алашорда үкіметі, оқу комиссиясының 5 адамнан тұратын мүшесінің бірі болды;
Алашорда үкіметі күшпен таратылғаннан кейін Кеңес үкіметін мойындауға мәжбүр болып, түрлі қызметтер атқарады:
Оның ең елеулі қызметі — жиырмасыншы жылдары Қазақ Автономиялы Кеңестік Социалистік Республикасының Халық ағарту комиссариаты (ХАК) жанындағы Академиялық Орталықтағы білікті һəм жауапты маман ретіндегі жұмысы еді. Бұл Телжан өмірінің 1922–1926 жылдардағы Орынбор кезеңі болатын. Ол 1923 жылы 15 сəуірде «Қазақ өлкесін зерттеу қоғамына» мүше болып, латын əліпбиін енгізуді жақтаған зиялылар тобында болды. 1924 жылы 12–18 маусымда өткізілген қазақ білімпаздарының тұңғыш съезіне, сол жылы
Қазақ АКСР-і ғылым саласы қызметкерлерінің съезіне делегат болып қатысты. Т.Шонанұлы 1926–1929 жылдары Қызылордада Қазақ Халық ағарту институтында оқытушы болып жұмыс істеді. Осында жүріп 1926–1928 жылдары «Қазақ өлкесін зерттеу қоғамының» тарихэтнография секциясының төрағасы болды. 1929 жылы Алматыға көшіп келіп, Қазақ АКСР-і ХАК-да қызмет атқарды. 1934 жылға дейін ҚазПИ-де оқытушылықпен айналыса жүріп, мектепке арналған оқулықтар мен оқу бағдарламаларын жазды. 1935 жылдан бастап Қазақ мемлекеттік университетінде (қазіргі ҚазҰУ) қазақ тілінің доценті болып еңбек етті Т.Шонанов 1937 жылы 21 шілдеде нақақтан тұтқындалады. Оны «ұлтшыл, төңкеріске қарсы, Амангелді мен Таранның өліміне қатысты жан» деп айыптайды. Телжанды сол жылдың 1 қарашасына дейін тергейді. Содан төрт айға жуық мерзімнен соң, 1938 жылы 27 ақпанда КСРО Жоғарғы сотының əскери коллегиясы ғалымды атуға үкім шығарады. Үкім сол күні Алматыда орындалады. Телжанмен бірге оның жары Шаһзада Аронқызы Шонанова (1903–1938) да қуғын-сүргінге ұшырады. Шахзада Шонанова да 10 күннен кейін НКВД-ның түрмесінде атылды. Шахзада Шонанова 1903 жылы Батыс Қазақстан Облысында, Сырым аударында дүниеге келген. Төре тұқымынан, әкесі Арон — Қаратаев Әйгілі Әбілқайыр ханның ұрпағы. Анасы Хұсынижамал Зұлқарнайқызы — Нұралі ханның ұрпағы. Жоғары білім алған, қазақ білім беру саласында аянбай еңбек еткен ХХ ғасыр басындағы аса дарынды қазақ қыздары, Алаш қайраткерлерімен бірге атылған 3 қазақ қызының бірі.
Ол жазықсыз саяси құрбан болғанға дейінгі, 34-ақ жас өте қысқа өмірінде қызметке ерте — 19 жасында кіріскен. 1922–1926 жылдарда Орал Губерниялық Атқару жəне Сырдария Губпаркомитеттерінде қызметкер, 23 жасынан бастап, КСРО Ағартушы қызметкерлер одағының мүшесі болған, 1928–1930 жылдарда Халық ағарту комиссариатында мектепке дейінгі балалар тəрбиесінің нұсқаушысы, 1932–1936 жылдарда Республикалық педагогикалық жəне ұлттық мəдениет ғылыми-зерттеу институттарында, Халық ағарту комиссариатында жауапты хатшы, ғалым хатшы, əдіскер, кеңесші қызметтеріне мəдени-ағартушылық үлес қосқан. Əкесі «үстем тап» өкілі болғандықтан, 1921 жылы САГУ-ден, 1932 жылы Қазақ мединститутынан оқудан шығарылған. Тұтқындалғанға дейін 1936–1937 жылдарда Қазақ университетінің студенті болған, саяси қуғынға мойымаған. НКВД жендеттері атып, көмуге əкелгенде, кенеттен тіріліп, бір өлтіруге көнбеген құдіретті қазақ қызы болды.
1992 жылы 18-қыркүйекте Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы Телжан Шонанұлын ақтады. Ғалым қысқа ғана 43 жылдық ғұмырында қыруар құнды мұра қалды. Қазірге белгілі 40-қа жуық оқулық пен аударма еңбек, ғылыми-танымдық оқыту бағдарлама, 100-ге таяу публицистикалық, ғылыми-теориялық, ғылыми әдістемелік, публицистикалық, мақалалар мен өмірбаяндық очерктер. Бұлардың қатарында тілтанымдық еңбектерінің мәні айрықша.
Телжан Шонанұлының əлеумет істерге белсене араласуы Телжан Шонановтың əлеумет істеріне белсене араласуы 1916 жылғы қазақ халқының ұлт азаттық көтерілісі кезінен басталды. Ол қарулы көтеріліске қарсы болған Ə.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Дулатов бастаған зиялы азаматтарға қолдау білдірді. 1917 жылғы Ақпан революциясынан кейін Телжан ұлттық автономия жолында күрес жүргізген Алаш қайраткерлерінің
қатарында болды. 1917 жылы 5–13 желтоқсанда Орынборда өткен Екінші Жалпықазақ съезінде Шонанұлы Алашорда үкіметі жанынан құрылған оқу комиссиясының құрамына (А.Байтұрсынов, М.Дулатов, М.Жұмабаев, Е.Омаровпен бірге) енгізілді. 1921 жылы Ырғызда тұтқынға алынып, Орынбордағы ОГПУ бөлімінде тергелді. 1922 жылы түрмеден босатылды.
Алашорда үкіметі таратылғаннан кейін жалпы ғылымға ыңғайы бар Телжан Шонанов Халық ағарту комиссариатының жұмысына тартылады. Себебі бұл уақытта ағарту саласын Телжанды 1917 жылдан білетін Ахмет Байтұрсынов басқарған болатын. Архивте сақталған мəліметтерге қарағанда, Т.Шонанұлының ғылыми-шығармашылық ғұмырбаяны сол кезде кезектесіп астана мəртебесін алған қалаларда: Орынборда басталып, Қызылордада жалғасып, Алматыда аяқталды. Ғалымның соңында қалған мұрасын шартты түрде төмендегі бес тақырыпқа жіктеуге болады: 1) Тіл туралы еңбектері; 2) Тарих жөніндегі зерттеулері; 3) Əдебиет хақындағы ғылыми жұмыстары; 4) Жағрапия ғылымын меңгертуге арналған оқулықтары; 5) Жалпы көсемсөздік туындылары. Бұған қоса қаламгердің бірсыпыра аудармалары да бар [2; 180]. XX ғасырдың бас ширегінде қазақ оқығандарының алдындағы ең үлкен мақсат — іргелі ғылымның негізін қалау еді. Мұны жүзеге асыру үшін Телжан азамат ретінде алғашқылардың бірі болып өзін осы қиын іске жекті. Шамалы уақытта ол оқулық жазудың «еңбекторысы» атанды. Телжан Шонанұлының тарих жөніндегі зерттеулері Т.Шонанұлы небары 43 жыл өмірінде əзірше бізге мəлім қырық шақты ғылыми, ғылымитанымдық оқыту бағдарламасы, оқулық кітаптары, сондай-ақ жүзден аса көлемді публицистикалық,
ғылыми-теориялық, ғылыми-əдістемелік, проблемалық мақалалар, өмірбаяндық очерктер жазып, аудармалар жасады [4]. Солардың ішінде «Қазақ жері мəселесінің тарихы» атты арап əрпімен, 3 мың таралыммен шыққан еңбегі басқаларына қарағанда ұлттық мүддеде жазылуымен, тарихи окиғаларды шынайы көрсетуімен ерекшеленеді. Телжанның 17 бөлімнен тұратын осы ғылыми-зерттеу еңбегі 1923 жылы жазылып, 1926 жылы Ташкентте басылып шыққан.
Профессор Ə.Тəкенов, архивші Б.Байғалиев пен ізденуші Г.Жүгенбаеваның жəрдемімен мемлекеттік һəм салалық ғылыми-зерттеу институты жасамаған істі жүзеге асырды: 1995 жылы «Санат» баспасынан Т.Шонанұлының «Қазақ жері мəселесінің тарихы» зерттеуі «Жер тағдыры — ел тағдыры» деген атпен, ғылыми түсініктемелерімен жарық көрді. Ғалым бұл еңбегінде қазақтың жер тарихын ертеден қозғап, түсіндірмесе, бұл құр «қысыр кеңеске» айналады деп тарихқа жүгінеді. Автор қазақтың көшпенді болуының өзі тарихи-табиғи жағдайда пайда болғанын, ал «көшпелі» деп кемсіту, олардың өмір салтын «біліп жетіспегендердің» теріс пікірі екенін дəлелдеуге тырысады. Осы мақсаттар кітаптың, əсіресе отырықшылдандыру, жаппай ұйымдастыру саясаты қарсаңындағы атқарар жүгін салмақтандыра түседі.
Т.Шонановтың осы кітабына енген «Қазақ жерінің қарақұлақтары» атты мақаласы — автордың туған халқының тарихын терең біліп, аграрлық, əлеуметтік мəселелерді мемлекеттік, жалпы халықтық деңгейде айқын бағдарлап, дер кезінде мəселе етіп көтергенінің бірден-бір дəлелі.
Зерттеудің мақсаты өткен тарихпен танысу ғана емес, жер мəселесін толық түсіне отырып, дұрыс шешу екенін ғалым ашық айтады: «…Жапон соғысынан Ресей жеңілді, шаруаны күйзелтті, ел төтенше апатқа ұшырады. Үкіметке қарсы қаладағы төңкерісшіл жұмыскер де көтерілді. Бұл
жұмыскерлер көтерілісі мұжықтың көтерілісшіл шоғының үстіне құйған май болып шықты. Бұған сол жылдардағы егін шықпауының сылтауы қосылды. Бұрыннан сабыры тозған еңбекшіл халық дауылдағы теңіздей толқындады. 1905 жылдың атақты төңкеріс қимылы басталды. Халықтың көтерілісі бөгетті бұзып шыққан тасқын суша, бүтін Ресейге жайылып, алпауыттарды, байларды төңкеріс топанына батырып жіберуге айналды. Алпауыттар жерін банкке сата бастаған еді, банк сатып алған жерін мұжыққа сата бастады. Дума шақырылды. Жіберген өкіліміз бізге байлардың
жерін алып береді деп мұжық күтті. Думадан күткен үміт орындалмады. Полиция, жандарм, надан солдат күшіне сүйсініп, Ресейдің үстін қанды селге жауып, үкімет төңкерісті басты. Жер мəселесінің сонғы дəуірі — Столыпин заңы шықты.
Кіші Ресейде жер саясаты өзгертілді. Үкімет тынышсыз мұжықты сыртқа — Сібір мен Қазақ даласына бұрынғыдан бетер тоғытып айдай бастады. Қазақ даласына 1906–1909 жылдар арасындағыдай бұрын да, соңынан да мұжықтың көп келіп көрген уақыты жоқ. Түркістан сияқты бұрын отар болмай тұрған аудандарды да отар қыла бастады. Көкшетау уезінде 1906 жылға қарсы «артық» деген жердің бəрі алынып бітеді. 1906 жылдың 1
шілдесіне қарай Ақмола, Торғай облыстарында «отарлық жердің қоры таусылып біткен. Енді үкімет не қылмақ?». Үкіметтің енді қазақтан тағы артық жер тауып алғысы келеді, бұрынғы Щербина нормасын қайта пішкісі келеді. Қазақтардың шаруасын, тұрмысын, жерін қайта зерттеп шықты.
Тұздың атағымен норманы шұнтитып, қазаққа қалған жерден тағы «ауысқан жер» шығарып, кесіп алғысы келеді. Қазақ шаруасы қара есекке теріс мінсе де, амалдан артық жер шығаруға қам қылады. Осы мақсатқа үйлестіріп, дөптеп, есеп алуға 1907–1911 жылдар арасында Ақмола, Семейге
Кузнецов экспедициясы, Орал, Торғай облыстарына переселен мекемесінің санақ партиясы барымтаға, қазақ жеріне аттанды. А.А.Кауфман сықылды переселен пірі бұларға бата беріп, жол көрсетіп отырады. Қазақ жерінің қарақұлақтары, ішкі Ресейдегі ақсүйек жерін аман алып қалу
ниетімен, оңнан, солдан ұрандасып қосылады. «Дауылпаз» деген — дауыл алдында, теңіз үстінде қанатын сабалап шығып, дауыл тынса жоқ
болып кететін кұс бар. А.А.Кауфман Ресейде жер жайын білгіш атағын меншіктеген, переселеннің пірі, ол əсіресе қазақ жерін отарлау кезінде сол құс сықылды еді. Қазақ жерінен артық жер керек болса, қазақтың бір жерін отар қылғысы келсе, барлап қайтуға үкімет сол Кауфмандай атарманшабарманын атқа мінгізетін еді.
Сібір темір жолының комитеті құрылып, Қостанай, Ақтөбе уездерінде жол езуіндегі жерлерге есептеп отар қыламыз дегенде 1897 жылы Кауфман жіберіліп еді. Кауфман отарлауға артық жердің ұшы-қиыры жоқ, отарлауға жерінің құйқасы да əдемі-ақ деген соң, осы екі уезге үкімет Щербина
экспедициясын, экспедициямен қоса жер тонаушы «уақытша партияларын» жіберген еді. Сонда Кауфман бұл екі уезге шығып, иə өлшеп, иə табиғат жағдайын сынап көрместен көзді жұмып жіберіп, айтып еді. «Алтын көрсе, періште жолдан таяды», қазақ жеріне жерік болғанда Кауфмандар ұятты жылы жабады.
Қазақ даласында «артық» жер таланып болған соң, бұрынғы Щербинаның артық деген жерінің 1/3 ғана отарға алынсын деу Кауфман сияқты переселен пірлеріне аз көрініп, 1901 жылдың 5 наурызында бұйрық шығартады. Енді бұл жарлық бойынша жердің J ғана қазаққа қалынып, S-i бар
отарға кесіп алынатын болды». Автор монографиясында қазақ жері мəселесін:
1) орысқа бағынғаннан бастап XIX ғасырдың 80жылдарының басына шейін. Бұл — атты казактардың пайдасына, əскерлік кісілердің пайдасына деп жер алу дəуірі;
2) 80-жылдардың аяғынан, 90-жылдардан бастап бері қарай Николай құлағанға шейін қара шекпенділер үшін жер алу дəуірі деп екі дəуірге бөліп қарастырады. Кітапдағы əр бөлім бір проблеманың қилы қырын ашуға құрылғаны байқалады. Монографиядағы «XVIII ғасыр ішінде қазақ қонысының ауданы», «Ертіс бойына талас», «Жайық бойына талас», «Бөкей жерінің мəселесі» атты бөлімдерде ресейлік отарлау саясатының жөн-жосығы шынайы сипатталған. «Қазақ жердің қадірін біле ме?» деген сұраққа жауап ретінде Т.Шонанов өз ойын былай түйіндейді: «Біз түсіндірмей-ақ қазақ жердің қадірін аса жақсы біледі. Оны тарихи тұрмыстың тоқпағы үйреткен. Жер шаруаға қандай əсер беретінін, қандай жерде қандай шаруашылық қылуға керектігін шаруа əдемі түсінеді. «Жер — анасы, мал — баласы», «Жері байдың — елі бай», — дейді ел. Халық ақынның аузымен: «Жайықтың бойы жайлы қиян, Маңғыстаудың бойы шаңды қиян», — дейді. «Көк Есілден кеткен соң, жылқының қонысы табылмас», — дейді. «Ащының бойы айтақыр,
алалы жылқы жусап тұр», «Шыбышым лақ салмаған, тоқтым қысыр қалмаған», — дейді. «Қалдығайты, Былдырты жер өрнегін қарасаң, көдесінің түбі сайын бір жылқы», — дейді. Бұл — жердің шаруаға жайлылығы туралы қазақтың көзқарасы. Жерсіз жарық тұрмыстың жоқтығын,
«Маңғыстаудың шаңды қияны» тəрізді жерлер қонысқа тұлға болмайтынын қазақ жақсы біледі. Жерден айрыларда қазақтың қабырғасы қайысып, омыртқасы майысады. Жалғызынан айрылғандай жермен қоштасады. Ботадай боздап өлең айтады. Қазақтың бір себептермен шаруаға тəуір қоныстан
айрылғанда айтқан өлеңдері — өлікті жоқтаған жылаулармен бірдей. Кенесары қоныстан ауарда Досқожа ақын былай толғайды:
Мына жатқан сарғайып,
Салынды қопа, қамысым.
Салық ауылы қыстаған,
Іргем тиген танысым.
Бұл қоныстан кеткен соң
Көбеймес пе екен налысым?..
Артымда қалып барасың,
Бастары самал, тауларым!
Арасы биік бауларым,
Кетемін деген есте жоқ,
Кетірді дұшпан-жауларым!
Тарихшы Телжан Шонановтың қайраткерлік … Қарға бойлы Қазтуған батыр қонысынан ауып бара жатып, Шеркөптімен (Шеркөпті —
Қазтуғанның замандасы, батыр. Бұлар Еділ-Жайық арасынан ауған деседі) қоштасып тұрып, қалып бара жатқан қонысына қарап толғайды:
Адыра қалғыр көк Жайық,
Аңырап қалды-ау қонысым!
Қонысымнан ауған соң,
Кемімесе игі еді ырысым?!
Таудағы тарпан бөрі едім,
Тарылғанға ұқсайды тынысым…
Міне, қазақтың жерге көзқарасы! «Ылдиы жоқ, өрі жоқ, ат тайғанар жері жоқ, жазып салған мақпалдай», «Күнде базар Есілге», «Жатып қалған боз тайлақ атан болып ерген жерге», «Жатып қалған бір тоқты мың қой болып өрген жерге», «Жапырағы жасыл ала қамқадай», «Бұтағы бұрама
күміс алқадай» ағаштарына орнығып, қазақ неге отырмайды?». Тарихшы Телжан Шонанұлының ең сүбелі еңбегін жазу барысында ғалымдық назарына XIX ғасыр мен XX ғасырдың басында ресей қалаларында шыққан тарихи зерттеулер, ғылыми жинақтар, құжаттар топтамасы ілінген. Ғалым Орынбор архивінде де жұмыс жасапты. Сонымен бірге Телжанның ресейлік мерзімді басылымдар мен қазақ газет-журналдарынан қажетті дерек алғаны да байқалады.
Телжан — қазақ ғылымы, оқу-ағарту қызметі мен мəдениетінде өзіндік соқпақ салған тұлға 1925–1935 жылдардағы қиын да жауапты кезеңде, теориялық мəселелерден гөрі, практикалық мұқтаждық басымырақ болып тұрған шақта, Т.Шонанұлы ғылым, оқу-ағарту қызметіне қызу араласып, əліппе, оқулық, бағдарламалар жазып, халықты сауаттандыру жолында көп еңбек сіңірді.
Ана тіліміздің мектепте жеке пəн ретінде оқытылумен байланысты туындаған қажеттілікті өтеген Т.Шонанұлының бұл еңбектерін, негізінен, төрт топқа бөліп, жіктеуге болады:
1) əліппе оқулықтары: «Жаңалық» (1928), «Сауаттан» (1929), «Колхоз ауылы» (1930; М.Жолдыбаевпен бірге);
2) бастауыш кластарға арналған тіл дамыту оқулықтары: «Тіл дамыту» (1930), «Қазақ тілі (Грамматика мен емле)» (1934), «Жаңа арна» (1927; М.Жолдыбаевпен бірге);
3) ересектерге арналған
қазақ тілі оқулықтары: «Шала сауатты ересектер үшін оқу құралы» (1926);
4) орыстарға арналған қазақ тілі оқулықтары: «Орыстар үшін қазақша əліппе» (1931), «Қазақ тілінің оқу құралы» (1933), «Учебник казахского языка для взрослых» (1934).
Кезінде Телжа Шонанов ұлы қазақ ойшылдары — Абай Құнанбаев, Шоқан Уəлиханов, Ыбырай Алтынсарин, Ахмет Байтұрсынов еңбектеріне терең бойлай отырып, нағын педагог ретінде шыңдалғаны байқалады. Мысалы, Телжан А.Байтұрсынұлымен шығармашылық ынтымақта болып, бірлесіп, 1926 жылы мектеп оқушыларына арнап 412 беттік «Оқу құралын» («Хрестоматия») бастырып шығарады.
Ғұлама Ахмет Байтұрсыновтың үзеңгілес замандасы ретінде Т.Шонанұлы 1923 жылы Ахаңның 50 жылдық мерейтойына арналған кітап шығару мақсатында орыс тілінде көлемді мақала жазғаны белгілі. Бұл мақаланы қолжазба күйінде ҚР Орталық мемлекеттік мұрағатының 544-қорынан алып, қазақшалаған филолог əрі мұрағат қызметкері Б.Байғалиев. Оның дайындауындағы мақала 1992 жылы «Жұлдыз» журналының № 2 санында «Əдеби мұра» айдарымен жарық көрді. «А.Байтұрсынұлы халық ағарту жəне əдебиет саласында» деп аталатын осы мақаланың оқырманға, оның ішінде ғылыми ортаға беретін соны жаңалықтары көп. Телжан Шонановтың мақаласындағы басты ерекшелік — ақындық- ауылына да ат басын бұрып тұрған А.Байтұрсынұлы
өлеңдерінің орыс тіліне аударылуы мен өлеңдердің шығу тарихына түсінік беруі. Сондай-ақ А.Байтұрсынұлының тіл білімі ғылымындағы өлшеусіз еңбегіне талдау жасай келе, «…қиын кезеңде Ахмет алғашқы болып дауыс көтеріп қазақ мектебін, бір жағынан, дүмше молдалардан, екінші жағынан — патша миссионерлері ықпалынан құтқару үшін қызмет етті» дей келе, А.Байтұрсынұлының тіл саясатындағы кемеңгер күрескерлігін, қазақ үшін жаңа əліпбиді тұңғыш түзудегі тарихи құбылыс тізгінін ұстаған қайраткерлігін дəлелдейді. Біріншіден, А.Байтұрсынұлының əліпбиі тіліміздің таза сақталуына; екіншіден, əлемдік мəдениетпен араласу жолын жеңілдетуге ықпал еткенін; үшіншіден, халық мектептерінің өркендеуіне алып адым жасағанын жазады. Сонымен қатар Ахмет қаламымен түркі халықтарының тілі талауға түскен тұста ана тілімізді қорғаған «Шекіспей, бекіспейді» мақаласы мен «Туған тілім » деген əйгілі өлеңі жазылғанын айтады [9]. Т.Шонанов қазақ бастауыш мектебінің теориялық жəне практикалық негізін қалаушылардың бірі болды. Оның қаламынан емлеге, тіл дамытуға, қазақ тілін оқыту əдістемесіне қатысты көптеген
еңбектер мен хрестоматиялар жарық көрді. Көрнекті ғалымның əдістемеге қатысты еңбектеріне «Жаңалыққа жетекші», «Диаграмдар, графиктер қандай болады» деген кітаптары, «Орыстарға қазақ тілін үйрету əдісі жайында», «Ересектерді сауаттандыру əдісі», «Дауыстап оқытудың əдісі» сияқты көптеген мақалалары жатады. 1935 жылы Телжан көрнекті əдіскерлер Ғ.Беғалиев, С.Жиенбаевпен бірлесіп «Бастауыш мектептегі қазақ тілінің əдісі» деген көлемді еңбек бастырып шығарған.
Т.Шонановтың əдеби мұрасы да бірсыпыра. «Абай кітабын бастыру керек» («Ақжол», 1921, 19 маусым), «Театр жəне тұрмыс» («Қызыл Қазақстан», 1923, № 16), «Қазақстанда ғылым-білім, баспа жұмысы» («Қызыл Қазақстан, 1925, № 3–5), «Өлең өнері» («Еңбекші қазақ», 1926, № 126), «Устное творчество казахов» («Литературный Казахстан», 1936 ж., № 2), «Сəкеннің тілі туралы» («Социалистік Қазақстан», 1936, 5 шілде), тағы басқа мақалаларында қаламгер əр түрлі бағытта əдебиет мəселесін сөз етті. Аударма ісі бойынша Т.Шонанұлы Богдановтың «Курс политэкономии» атты кітабын қазақшаға аударып, орысша-қазақша термин сөздігін қоса берген. Бұдан басқа Каминскийдің, Крупскаяның кітаптарын қазақшаға аударған. 1929 жылы ол «Қазақстан жағрафиясы» атты кітап жазып, өлкетану жұмысына да белсене араласты. Д.Снегинмен бірге «Уйгурская поэзия» жинағын (1934) ұйғыр тілінен орыс тіліне тəржімалады. Сөз соңында біз қазақ ғылымы мен мəдениетінде өзіндік соқпақ салған тұлға — Телжан Шонановтың артында қалған еңбектері туралы əңгіме қозғай отырып, кезінде тарих бетінен еріксіз
сызылып қалған тұлғаны танытуымыз, төрден лайықты орын беруіміз — бүгінгі біздің қасиетті борышымыз демекпіз. Ал келешекте дара талантымен көзге түскен, аз уақыт ішінде артында мол мұра қалдырған Т.Шонанұлының еңбектерін жиып-теріп, оның таңдамалы шығармаларын бастырып шығаруды ойластырған жөн сияқты.
Қазақ ғылымын қалыптастыру жолында, елді өркениетке ілестіру қозғалысы барысында атқарылған еңбектің ішінен Алаш қайраткері, ғалым Телжан Шонановтың қызметін айрықша атаған жөн. Өткен ғасырдың 20–30-жылдары Алаш зиялыларын бір жайт қатты күйіндірді. Ол ғалымдардың,
тарихшылардың Телжанның ғылыми аманат-мұрасына немқұрайлы қарауы еді. Т.Шонанұлының сауатты мақалаларын, ғылыми еңбектерін, танымдық оқулықтарын, жалпы азаматтық ісін Кеңес үкіметінің бірмойын басшылары қаперіне де алмады. Тіпті қазақ арасында қазақты отырықшыландырудың мемлекетке де, халыққа да тиімді жолын, əдісін көрсете алатын адам бар деп ескерместен, өз білгендерін істеп, ақыр соңында қазақты үлкен ашаршылыққа ұшыратты. Т.Шонанұлы мұны алдын ала айтқаны үшін ұлтшыл атанып, репрессияға ілікті. 1937 жылғы тоталитарлық жүйе ұйымдастырған саяси террордың құрбаны болған Т.Шонанұлының есімі мен оның шығармашылық мұрасы 60 жылға жуық тарихымыздың «ақтаңдақ беттерінің» қатарында тұрды. Тек 1990 жылы 13 тамызда КСРО Президиумының «20–25жылдардағы саяси репрессия құрбандарының барлық құқықтарын қалпына келтіру туралы» Қаулысы негізінде Телжан Шонанов толық ақталды. Соңғы 10–15 жыл бедерінде Шонанұлының өмірі мен оның шығармашылық мұрасын зерттеуге
мүмкіндіктер туды. Сондықтан да болашақта Т.Шонановтың артында қалған мұраларын əлі де болса жинақтап, қоғамдық-ағартушылық жəне ғылыми қызметін зерттеу XX ғасырдың 20–30жылдарындағы Қазақстанның қоғамдық-саяси жəне мəдени өмірін баяндауға, тарихнамамызда кенжелеп қалған өмірбаяндық жанрды дамытуда өз үлесін қосары сөзсіз деп білеміз.