
Ұлттық дәстүр мен салт-сана тағылымын жас жеткіншек бойына дарытып, оның жан жүйесін оятуда, өнерге деген ынтасын арттыруда қазақтың қасиетті де киелі домбырасының атқаратын рөлі ерекше. Домбыра үні өзіне тән дыбыстық бояумен, алуан түрлі қағыстарымен қатар, өте бай көркем бейнелік әлеммен де айқындалады.
Домбыраның осынау қадір-қасиетін терең түсінген аудандық балалар саз мектебінің ұстаздары апта барысында «Туған жерім – мақтанышым» тақырыбында жергілікті ақын, жыршы, термешілермен кездесу өткізді. Оқушылармен кездесуге ақын, аудандық «Өскен өңір» газетінің бас редакторы, Сәбит Лаханов, белгілі жыршы-термеші Сәкен Бегманов, Қанат Дауылбаевтар қонақ болып қатысты. Кездесуді осы мектептің терме-ән сыныбының мұғалімі Айдарбек Шырынбеков ұйымдастырып, жүргізіп отырды.
Кездесу барысында сөз алған қонақтар өнер туралы, оның ішінде домбыра туралы әсерлі, мазмұнды әңгімелер шертті. «Қолына домбыра ұстаған балаға имандылық пен дарындылықтың жылуы дарып, қатыгездіктен аулақ болады» деген нақыл сөзде үлкен шындық жатыр. Өйткені домбыра – үлкен рухани адамгершілік мектебі, баға жетпес эстетикалық өмір оқулығы.
Кездесу барысында домбыра сыныбына қатысушы өнерлі өрендер өздерін толғандырып жүрген сауалдарына жауап алып, ағаларына ризашылық білдірді. Жиынды қорытындылаған аталған мектептің директоры Әйгерім Жұмағалиева алдағы уақыттары осы мазмұндас кештерді көптеп өткізуге күш салатынын жеткізді.
М.ЕРАЛЫ.