ТЕРІСКЕЙДІҢ ТӨЛТУМА ПЕРЗЕНТІ ӘДІЛБЕК НЫСАНБАЕВТЫҢ 70 ЖЫЛДЫҚ МЕРЕЙТОЙЫ ҚОС БІРДЕЙ ҚУАНЫШПЕН БАСТАУ АЛДЫ

Ұстаз, дарынды сазгер, Созақтың талантты перзенті Әділбек Нысанбаевтың 70 жылдық мерейтойына арналған салтанатты шара С. Қожанов атындағы Созақ аудандық тарихи-өлкетану музейінен бастау алып,Т. Әлімқұлов атындағы №14 мектеп-интернат лицейінде жалғасты.

Ән өнері тарихында қолтаңбасын әнмен қалдырған Әділбек Нысанбаевқа арналған экспозициялық бұрыш пен дәрісхананың салтанатты түрде лентасы қиылды.

Салтанатты шарада аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков ізгі тілегін арнап, Теріскейдің төлтума перзенті Әділбек Нысанбаевтың еңбектеріне тоқталып өтті.

Сондай-ақ шараға арнайы келген ақын-жазушылар, зиялы қауым өкілдері мен құрметті қонақтар тағылымы терең әңгімелер қозғап, дарынды сазгердің жұбайы, ардақты ана Әдемі Нұрышова және Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің ректоры Мұхтар Әділбекұлы бастаған перзенттері мен туған-туыстары игі шараны ұйымдастырушыларға алғыс айтып, ілтипаттарын жеткізді.

С. Қожанов атындағы Созақ аудандық тарихи-өлкетану музейінің директоры Ниязәлі Дүйсенбек шараның маңыздылығына тоқталды. Ардақты ана Әдемі Нұрышоваға сый-сияпат табыс етіп, құрмет көрсетті.