Бүгін Созақ аудандық «Мыңжылқы» мәдениет үйінде ұстаз, дарынды сазгер Әділбек Нысанбаевтың 70 жылдық мерейтойына арналған «Әділбектің әндері-ай» атты облыстық ән байқауы өтуде.
Салтанатты шараны аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков ашып, сайысқа қатысушы үміткерлерге сәттілік тіледі. Әділбек Нысанбаевтың 70 жылдық мерейтойы аясында өтіп жатқан шараның маңыздылығына тоқталды. Сазгердің жұбайы, ардақты ана Әдемі Нұрышоваға сый-құрмет көрсетіп, Созақтан шыққан дарынды тұлғалар жайында сөз қозғады.
Тағылымды шара аясында Қазақ ұлт аспаптар оркестрі күмбірлете күй орындады. Сондай-ақ оркестрдің сүйемелдеуімен ҚР еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, ауданның «Құрметті азаматы» әнші Жұбаныш Жексенұлы, облыстық филармония әншісі Оразәлі Жаңабай, Назар Смағұл және «Өркен» тобы бастаған өнерпаздар Әділбек Нысанбаевтың әндерін жанды дауыста шырқап, шараға жиналған жұртшылықтың қошеметіне бөленді. Мың бұралған бишілер өз өнерлерімен көпшілікті тәнті етіп, салтанатты шара одан әрі «Әділбектің әндері-ай» атты облыстық ән байқауға ұласты.
Байқауға облыс аумағындағы аудан, қалалардан келген 15 үміткер қатысып, ІІ кезең бойынша өзара сынға түсті. Бірінші кезеңде үміткерлер Әділбек Төлегенұлының шығармашылығынан бір ән орындаса, екінші кезеңде еркін тақырыпта Қазақстан композиторларының бір әнін орындайды.
Ән додасына әнші, термеші Облыстық, Республикалық байқаулардың жүлдегері, Халық творчествосы Бүкілодақтық фестивалінің екі дүркін лауреаты, Қазақстан Республикасы мәдениет және спорт министрлігінің «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің иегері, қазылар алқасының төрағасы Ізбалаев Бекберген,
Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қызметкері, Бәйдібек ауданының Құрметті азаматы, «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» медалінің иегері, әнші, композитор
Нышан Мұсабекұлы,
Қожа Ахмет Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің профессоры, Филология ғылымдарының кандидаты, журналист, ғалым, композитор, Халықаралық және Республикалық ән байқауларының лауреаты Бекжігіт Кенжебекұлы,
«Облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығы» МКҚК «Халық шығармашылығын қамтамасыз ету» бөлімінің жетекшісі Ұлдана Ақылқызы және әнші, Республикалық, Халықаралық ән байқауларының лауреаты, 2014 жылғы «Әділбектің әндері-ай» ән байқауының бас жүлде иегері Мархаббат Бейсенова қазылық етті.
Жүлдегер атанған өнерпаздарға арнайы сыйлықтар табысталады. Сонымен қатар, Созақ ауданы әкімінің арнайы жүлдесі, «Бала ғашық» пен «Елім менің» номинациялары бойынша арнайы жүлделер қарастырылған.