
Бүгін Арыс қаласында КСРО және Қазақстан Республикасының білім беру ісінің үздігі, ұлағатты ұстаз әрі ақын Пернебек Үсенбайдың 100 жылдығына арналған облыстық байқау өтті. Айтулы шара Республика күні қарсаңында ұйымдастырылып, қазақ әдебиетінің алтын қорына үлес қосқан ақынның шығармашылығын насихаттау, оның рухани мұрасын жаңғырту мақсатында өткізілді.
Байқауға Арыс қаласының әкімі Гүлжан Құрманбекова, ҚР Мемлекеттік сыйлықтың иегері, композитор Төлеген Мұхамеджанов, Қазақстан және Татарстан Республикаларының халық әртісі, әлемге әйгілі опера әншісі Нұржамал Үсенбаева арнайы қатысты. Әнші өз жерлестеріне деген ыстық ықыласын білдіріп, әннен шашу шашты. Оның жүрекке жылы тиер әсем әндері көрермендерге ерекше әсер қалдырды.
Шараға Түркістан облысының барлық аудан-қалаларынан 15 үміткер қатысты. Олар ақынның өміршең туындыларын мәнерлеп оқып, сахнада көркемдік пен шеберліктің жоғары деңгейін көрсетті. Әрбір қатысушы ақынның өлеңдерін өз көзқарасы мен жүрек тебіренісі арқылы жеткізіп, оның шығармашылығының тереңдігін көрермендерге таныта білді.
Байқау барысында үміткерлердің өнерін білікті қазылар алқасы бағалады. Әділқазылар алқасының құрамында белгілі әдебиеттанушылар мен мәдениет қайраткерлері болды. Олар қатысушылардың поэзияны жеткізу шеберлігіне, сахна мәдениетіне және шығарманы терең түсінуіне ерекше назар аударды. Байқаудың қорытындысы бойынша жеңімпаздарға арнайы дипломдар мен бағалы сыйлықтар табысталды.
Осындай шаралар рухани байлығымызды сақтап қана қоймай, ұрпақтар сабақтастығын жалғастыруға үлкен септігін тигізеді. Пернебек Үсенбай сынды ұлтжанды ақынның өлеңдері арқылы жас ұрпақтың бойына патриотизм, ұлттық құндылықтарға деген сүйіспеншілік сіңіріліп, оның қаламынан туған асыл мұра мәңгілікке сақталады.
Арыс қаласында өткен бұл байқау ақынның шығармаларын жаңаша қырынан танытып, жастарды поэзияға баулудың маңызды алаңы болды. Сондай-ақ, Пернебек Үсенбайдың шығармашылығын кеңінен насихаттауға жол ашып, оның атымен тығыз байланысты рухани мұраны жас буынға жеткізудің бірден-бір құралына айналды.