Түркістан облысының қоғамдық даму басқармасына қарасты «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен қоғамда мейірімділік пен ізгілікті дәріптеу, ерекше талант иелерінің шығармашылығын қолдау және олардың өнеріне құрмет көрсету мақсатында мүмкіндігі шектеулі жастар арасында «Мейірім шуағы» атты облыстық қылқалам және қолөнер шеберлерінің көрмесі өтті.

Бұл көрме – жай ғана өнер туындыларының жиынтығы емес, жүректегі сезімнің, жан дүниедегі сұлулықтың, шексіз қиял мен қайсар рухтың көрінісі. Әрбір сурет пен қолөнер бұйымында автордың өзіндік қолтаңбасы, өмірге деген ерекше көзқарасы, талпынысы мен шығармашылық ізденісі көрініс тапқан.

Көрмеге қатысушылар қылқаламынан туған көркем туындылары мен қолөнер бұйымдарын көпшілік назарына ұсынып, өнер арқылы ішкі жан дүниесін, арман-мақсаттарын және әсемдікке деген сүйіспеншілігін жеткізді. Бірі бояулар әлемі арқылы табиғаттың ғажайып көріністерін бейнелесе, енді бірі түрлі материалдардан ерекше бұйымдар жасап, шеберлігі мен шығармашылық қабілетін танытты.
Көрме қатысушылары мен қонақтары ұсынылған шығармашылық жұмыстарды тамашалап, қылқалам және қолөнер шеберлерінің туындыларымен жақын танысты. Әрбір туынды көрермендердің қызығушылығын оятып, авторлардың шығармашылық қабілеті мен еңбегіне деген құрметті арттырды.

«Мейірім шуағы» көрмесі өнер арқылы ізгілік пен мейірімділікті насихаттап, ерекше талант иелерінің шығармашылығына қолдау көрсетуге бағытталды.
Көрме аясында қатысушыларға құрмет көрсетіліп, олардың шығармашылық еңбектері мен өнерге деген құштарлықтары жоғары бағаланды. Ерекше талант иелеріне арнайы алғыс хаттар мен марапаттар табысталып, шығармашылық жолдарына сәттілік тілектері білдірілді.

«Мейірім шуағы» көрмесі әр адамның бойындағы талант пен шығармашылық қабілеттің шексіз екенін айқындаған тағылымды іс-шара болды. Өнер арқылы қоғамға мейірімділік пен жанашырлықтың маңызын жеткізген көрме қатысушылары көпшілікке ерекше әсер сыйлады.
Өнер – шекараға бағынбайды, ал талант – мүмкіндікпен өлшенбейді!
