Бүгін Қазығұрт аудандық орталық Мәдениет сарайында белгілі қаламгер, ақын, сазгер, журналист, сатирик, заңгер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әкім Ысқақ Әбдіқайымұлымен «Өмір сені сүйемін» атты кездесу кеші өтті.

Атаулы кешке аудан әкімінің орынбасары М.Әшірбаев, аудандық мәслихаттың депутаты А.Молдасапар, Шымкент қалалық дін істері басқармасының басшысы Б.Өнербаев, «Бақдәулет» жеке шаруашылығы президенті Н.Оспанов, физика-математика ғылымдарының кандидаты, халықаралық Қазақ-түрік университетінің профессоры, «Ы.Алтынсарин», «ҚР ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгілерінің иегері, «Архимед» зияткерлік бастауыш мектебінің құрылтайшысы М.Сарыбаев, зейнеткер ұстаз, ауданның «Құрметті азаматы» Т.Бердіқұл, «Атамұра» Варшава келісім шарты бойынша шет елдерде әскери борышын өтеген ардагерлері қоғамдық бірлестігінің облыстық төрағасы И.Аманқұлов, Шанин драма театрының әртістері Н.Орынбек пен А.Тәттіғұлова және аудандық Ардагерлер кеңесі мүшелері мен «Әжелер алқасы» мүшелері және көпшілік оқырмандар қатысты.

Кездесу жиыны Әкім Ысқақ Әбдіқайымұлының шығармашылығы мен Кеңес Одағының батыры, Қазақстан мен Орталық Азия халықтары арасынан шыққан тұңғыш генерал, Қазығұрт ауданының тумасы Сабыр Рақымовқа арналған арнайы көрмемен бастау алды. Кейіннен С.Рақымов жайлы сахыналық қойылымдар, Әкім Ысқақтың шығармашылығынан өлеңдер, жырлар оқылып, келген қонақтар құттықтау тілектерін жеткізді.

Мазмұнды да тағылымды кеште Әкім Ысқақтың, Киелі де қасиетті мекен – Қазығұрттың топырағынан шыққан, өзінің бабадан қалған батырлық рухымен, қайтпас қайсарлығымен Ұлы Отан соғысында қаһармандықпен қаза тапқан генерал Сабыр Рақымовқа арнап жазылған «Темір генерал» атты жаңа туындысы көпшілік оқырманға таныстырылды.