
Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Мәдениет комитетінің қолдауымен «Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығының ұйымдастыруымен Түркістан қалалық Мәдениет үйінде мектеп оқушылары арасында дәстүрлі «Ясауитану – 2026» республикалық байқауының шымылдығы түрілді.
Салтанатты ашылу рәсімінде Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Мадияр Әліпов құттықтау сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі. Сондай-ақ музей-қорық директорының міндетін атқарушы Нұрлан Дүкенбаев та ізгі лебізін білдіріп, жас талапкерлерге шығармашылық табыс пен жеңіс тіледі.
Әділқазылар алқасының құрамында «Әзірет Сұлтан» музей-қорығы директорының міндетін атқарушы Нұрлан Дүкенбаев, музей-қорық жанындағы Ясауитану ғылыми орталығының басшысы Сайфулла Моллақанағатұлы, жетекші ғылыми қызметкері Жұмағали Ибрагимов, сондай-ақ Қожа Ахмет Ясауи атындағы ХҚТУ Ясауитану ғылыми-зерттеу институтының басшысы Бауыржан Сайфунов пен жетекші ғылыми қызметкері Мұхит Төлеген бар.
Байқаудың басты мақсаты – Қожа Ахмет Ясауи хикметтері арқылы халқымыздың рухани құндылықтарын дәріптеу, өскелең ұрпақты ұлы баба мұрасын терең танып-білуге және ғылыми тұрғыда зерделеуге баулу.
Айта кетейік, дәстүрлі байқау биыл 28-рет ұйымдастырылып отыр. Оған еліміздің барлық өңірлерінен, сондай-ақ Алматы, Шымкент және Түркістан қалаларынан іріктеуден өткен 70-ке жуық дарынды оқушы қатысуда.
Байқау аясында қатысушылар тек Қожа Ахмет Ясауидің хикметтерін жатқа айтып қана қоймай, оның философиялық ойларын талдап, қазіргі заманмен сабақтастыру қабілеттерін де көрсетеді. Бұл талап жас буынның тек есте сақтау қабілетін емес, терең түсінік пен сыни ойлау дағдыларын да дамытуға бағытталған. Осындай форматтағы интеллектуалдық жарыстар оқушылардың рухани танымын кеңейтіп, әдеби-тарихи мұраға деген қызығушылығын арттырады.
Шара барысында арнайы көрме ұйымдастырылып, онда Ясауи мұрасына қатысты сирек қолжазбалар, ғылыми зерттеулер мен музей қорындағы құнды экспонаттар көпшілік назарына ұсынылды. Бұл экспозициялар байқауға қатысушыларға ғана емес, келген қонақтарға да ұлы ойшылдың рухани әлемін тереңірек тануға мүмкіндік берді. Көрме арқылы тарихи-мәдени мұраның маңызы кеңінен насихатталды.
Сонымен қатар байқау барысында қатысушылардың дайындығы жоғары деңгейде екені байқалып, әр өңірден келген оқушылардың білім-білігі мен сахналық мәдениеті әділқазылар тарапынан ерекше бағалануда. Жастардың белсенділігі мен рухани ізденісі байқаудың мазмұнын одан әрі байытып, оның тәрбиелік мәнін күшейте түсті.
Жалпы, «Ясауитану – 2026» байқауы өскелең ұрпақтың ұлттық рухани құндылықтарға деген көзқарасын қалыптастырып, тарихи тұлғалардың мұрасын насихаттауда маңызды алаңға айналып отыр. Мұндай республикалық деңгейдегі жобалар жас буынның білімін тереңдетіп қана қоймай, олардың рухани-мәдени дамуына да зор үлес қосады.
