Бұл туралы брифингте Түркістан облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы басшысының орынбасары Самат Көшкінбай айтты.

«Бүгінде мемлекеттік қызметте еңбек ететін 5 611 қызметкердің 1 572-і нәзік жандылар. Оның ішінде, 233 әйел басшылық лауазымдарды атқарады. Облыс көлемінде қазіргі уақытта 216 100 кәсіпкер тіркелген, олардың шамамен 94 012-сі әйелдер. Түркістан облыстық кәсіпкерлер палатасының «Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту бойынша салааралық кеңесі» құрамында 29 әйел кәсіпкер бар. Аталған кеңес өз қызметінде әйелдердің кәсіпкерлігін дамыту, бизнес нысандарына қатысты кедергілерді азайту және әйелдердің экономикалық бастамаларын қолдау бойынша нақты жобаларды іске асырады. Осы орайда Түркістан қаласында ҚР ҰКП «Атамекен» жанынан 2021 жылы Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығы ашылған болатын. Ондағы оқу курстарына 120-дан астам әйел қатысып, кондитерлік өнім өндіру, визажист, SMM, тігін және аспаздық бағыттар бойынша кәсіби дағдыларын жетілдірді. Сонымен қатар, 12 кәсіпкерге жеке менторлық қызмет көрсетіліп, 5 кәсіпорынға сыртқы бағалау жүргізілді. Сондай-ақ, 51 әйел кәсіпкерге халықаралық жобаларға қатысу бойынша қолдау көрсетіліп, 14 қыз-келіншек арнайы оқудан өтті. Одан бөлек, биыл сервистік қолдау аясында 561 кәсіпкерге қолдау көрсетілді, олардың 252-сі әйелдер»,- деді спикер.

Сонымен қатар, брифингке қатысқан облыстық кәсіпкер әйелдер ассоциациясының мүшесі Гүлмира Салыбекова әйел кәсіпкерлер өңір экономикасына, салық түсімдеріне және жаңа жұмыс орындарының ашылуына елеулі үлес қосып жатқандығын айтты. Сонымен қатар, әйелдердің кәсіпкерлігін қолдау мақсатында гранттар, субсидиялар және микронесиелер бағдарламаларын кеңейту, жергілікті көрмелер мен сауда форумдары арқылы өнімдерді насихаттаудың тиімді тұстарына тоқталды.

Айта кетейік, биыл кәсіпкерлерді қолдау бойынша «Бірыңғай кешенді» бағдарламасы арқылы кәсіпкерлерге 22,8 млрд. теңге жеңілдетілген несие қаржысы берілген. Жеңілдетілген несиелердің 42%-н әйел кәсіпкерлер алған.

Түркістан облысында әйелдер кәсіпкерлігін дамыту үшін көптеген маңызды қадамдар жасалуда. Бұл тек экономиканың өсуіне ғана емес, сонымен қатар әйелдердің әлеуетін ашуға, олардың өз кәсібін жүргізіп, қоғамда белсенді рөл атқаруына мүмкіндік беруде. Мемлекеттік қолдау мен жеке бастамалар арқылы әйелдерге қажетті білім мен ресурстарды беру, олардың кәсіпкерлікке қызығушылығын арттыруда. Бұл бағытта өңірде түрлі тренингтер, курстар мен оқыту бағдарламалары іске қосылған.

Әйел кәсіпкерлердің экономиканы дамытуға қосатын үлесі айтарлықтай жоғары. Олардың белсенділігі арқылы жаңа жұмыс орындары ашылып, шағын және орта бизнес саласындағы теңгерімділікті қамтамасыз етуге болады. Кәсіпкерлерге арналған гранттар мен субсидиялар, жеңілдетілген несиелер мен кәсіпкерлік орталықтарының қолдауы әйелдердің өз кәсібін ашуына және дамытуына септігін тигізеді. Бұл бағдарламалардың нәтижесінде, көптеген әйелдер өзінің бизнесін табысты жүргізіп, жергілікті экономикаға қосымша құн қосуда. Әлеуметтік тұрғыдан алғанда, әйел кәсіпкерлер қоғамда маңызды өзгерістердің қозғаушы күшіне айналады. Олар тек экономикалық тұрғыдан ғана емес, сонымен қатар әлеуметтік процестерге де ықпал етіп, өз ортада және жанұяларда тұрақтылықты қамтамасыз етеді. Түркістан облысында әйелдер кәсіпкерлігіне көрсетілген қолдау басқа өңірлерге үлгі боларлықтай деңгейге жетіп, көптеген нәзік жандылардың армандарын жүзеге асыруына мүмкіндік туғызуда.