Қазан айының үшінші жексенбісі – орманшылар күні. Осы орайда, бүгін Түркістан қаласындағы «Конгресс холл» кешенінде Республика күні қарсаңында Орман шаруашылығы қызметкерлері күніне арналған салтанатты жиын өтті. Іс-шараға осы салада еңбек еткен ардагерлер мен бүгінгі таңда жұмыс істеп жүрген орманшылар қатысты.

Басқосуда Түркістан облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Қайрат Абдуалиев пен облыстық қоғамдық кеңесінің мүшесі, Түркістан қалалық «Ауыл» партиясының төрағасы Бақытжан Раманқұлов құттықтау сөз сөйлеп, орманшыларға құрмет көрсетті.

Мерекелік шарада Түркістан облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасына қарасты мекеменің қызметкерлері ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігінің «Еңбек ардагері» медалімен, «Ауыл» партиясына 25 жыл» мерекелік медалімен, Түркістан облысының әкімінің «Құрмет» грамотасы және Алғыс хаттарымен марапатталды. Сонымен қатар облыстық мәслихатының грамотасы мен ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі Комитетінің ІІІ – дәрежелі «Қазақстан орманын қорғаудағы мінсіз қызметі үшін» төсбелгілері табысталды. Одан бөлек, «Жұмысшы мамандықтар» жылына орай бірқатар қызметкерге Алғыс хат тапсырылды.

Салтанатты жиында ардагер орманшы Мұрсейт Мейірқұлов орманшылардың атынан алғысын айтып, ризашылығын білдірді.

Орманшылардың мерейін үстем еткен мерекелік жиында Конгресс-хол кешенінің өнерпаздары ән-күйден шашу шашып, көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Айта кетсек, орманшылар сексеуіл көшеттерін егумен қатар, аудандағы орман мен тоғайлы жерлердегі бар қорды мүмкіндігінше сақтау, пайдалану, қосымша оны өсірумен айналысып келеді. Бүгінгі таңда, облыстық орман шаруашылығы мекемелері 68 пайызға техника мен құрал-жабдықтармен қамтылған. Сондай-ақ, 73 дана өртке қарсы мақсаттағы объектілерді салу мен бақылау-күзет іс-шаралары толық жарақтандырылған.

Бұл мерекелік жиын тек орасан зор еңбекке құрмет көрсету ғана емес, сондай-ақ табиғат қорғау ісіне үлес қосып жүрген азаматтардың жоғары кәсібилігін танудың айқын белгісі болып табылады. Қазіргі таңда, орманшыларымыз сексеуіл көшеттерін егумен қатар, орманның экологиялық теңгерімін сақтап, өрт қауіпсіздігі мен қорды сақтау жұмыстарын да ауқымды түрде жүргізіп келеді. Орман шаруашылығы мекемелерінің 68 пайызға техникамен қамтамасыз етілуі және өртке қарсы іс-шаралардың толықтай қолға алынуы – облыстың экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы маңызды қадамдар.