Түркістан облысы қарқынды дамып келеді. Инфрақұрылым, соның ішінде электрмен қамту жүйелері де заманауи талаптарға сай болуы тиіс.

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС-ның басшылығымен кездесіп, өңірді электр энергиямен қамту бағытындағы жобаларды талқылады. Кездесу барысында облыс орталығы мен облыс аумағындағы елді мекендерді үздіксіз әрі сапалы электр энергиясымен қамтамасыз ету, тозған электр желілерін реттеу, жаңа қосалқы станциялар салу және қуаттылықты арттыру бойынша ұсыныстар қаралды. Сонымен қатар жасанды интеллект пен автоматтандыру жүйелерін енгізу мәселелері де сөз болды.

Облыс әкімі бұл саладағы өзекті проблемаларды шешуде нақты шаралар қабылдау қажет екенін айтып, жауапты басшыларға тапсырмалар жүктеді.

– Өңір халқын сапалы инфрақұрылммен қамту – басты басымдықтарымыздың бірі. Өңіріміздің энергия тапшылығын жойып, стандартқа сай қажеттілікті толық қамтамасыз ету керек. Аудан, қала ұсыныстарына сай тиімді жобаларды қолдап, жүзеге асырамыз, – деді Нұралхан Оралбайұлы.

Жиында «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС-ның директоры Айдар Махамбет жобаларды таныстырып, қамту деңгейіне тоқталды. Оның мәлімдеуінше, «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС тарапынан 2025-2029 жылдар аралығында іс-шара жоспары әзірленді. Жоспарда 778,9 шақырым электр желілерін, 23 қосалқы станциясына және 343 трансформаторға қайта құру жоспарланған. Нәтижесінде, 2029 жылға электр желілердің тозуы 52,8%-ға, нормативтік-техникалық шығындар 14,80%-дан 12,50%-ға төмендету жоспарлануда. Сонымен қатар энергия тапшы аудандарда қосымша 230 МВт пайда болады деп көзделген.

Кездесу барысында Сарыағаш ауданында қуаты 220 кВ болатын «Жібек жолы» қосалқы станцияның құрылысын салу бойынша ұсыныс берілді. Нәтижесінде, өңірдің оңтүстік аймақтарында қосымша 100 МВт пайда болады деп күтілуде. Осылайша, Сарыағаш, Қазығұрт, Мақтаарал, Жетісай аудандарын қажетті электр қуатымен қамтамасыз ету көзделіп отыр.

Одан бөлек, Отырар, Ордабасы, Сайрам, Мақтаарал аудандарында іске асыру жоспарланған жобалар жіті қаралып, зерделенді. Тиімді жобалар қолға алынып, 2026-2029 жылдар аралығында іске асырылатын болады.

Сонымен қатар, жаңа жобаларды іске асыру барысында экологиялық және экономикалық тиімділікке ерекше көңіл бөлінбек. Өңірдің электрмен қамту мәселесі тек тұрғындардың қажеттілігін қанағаттандырумен ғана шектелмей, сонымен қатар өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығындағы өнімділікті арттыруға да серпін береді. Электр желілерінің қайта құрылуы мен қосалқы станциялардың жаңартылуы өндірістік кәсіпорындардың тұрақты жұмысын қамтамасыз ете отырып, жаңа жұмыс орындарын ашуға да ықпал етеді.

Жаңа энергетикалық жобалар іске асқан соң, аймақтағы тұрмыстық қажеттіліктер мен экономикалық қызметтің деңгейі айтарлықтай артады. Сонымен қатар, жобаларды автоматтандыру және жасанды интеллект технологияларын енгізу арқылы, энергияның үнемделуін және оның тиімді бөлінуін қамтамасыз ету көзделуде. Бұл бағыттағы шаралар Түркістан облысының ұзақ мерзімді даму жоспарына сай, өңірдің тұрақты өсімін қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады.

Қазіргі таңда, облыс аумағында іске асырылып жатқан электрмен қамту жобаларының арқасында, аймақтың энергетикалық тәуелділігі төмендейді. Ал болашақта бұл жобалар облыс экономикасының барлық салаларына оң әсерін тигізіп, энергетикалық қауіпсіздікті нығайтуға мүмкіндік береді.