
Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев ауданда жүзеге асырылып жатқан инфрақұрылымдық жобалардың барысын аралап, жұмыс жағдайымен танысты. Атап айтқанда, аудан басшысы Жылға және Дарбаза ауылдық округтеріндегі құрылыс жұмыстары бойынша мердігер мекеме өкілдеріне жұмыс қарқынын арттырып, сапалы әрі мерзімінде орындауды тапсырды. Сонымен қатар, тиісті бөлім басшылары мен ауыл әкімдеріне жобалардың орындалу барысы туралы тұрақты түрде есеп беруді міндеттеді.
– Елді мекендерді инфрақұрылыммен қамтамасыз ету – аудандағы ең өзекті мәселелердің бірі. Қазіргі таңда тұрғындарды ауыз сумен және табиғи газбен қамту бағытында кезең-кезеңімен жүйелі жұмыстар жүргізілуде, – деді аудан әкімі.
Жылға ауылдық округіне қарасты Қарақалпақ елді мекенін көгілдір отынмен қамту жобасы аясында газ құбырларын тарту және газ реттеу пункті шкафын (ГРПШ) орнату жұмыстары қарастырылған.Мердігер мекеме: «Бақ-Ерке строй» ЖШС. Тапсырыс беруші: аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі. Табиғи газ желісінің ұзындығы: 14 шақырым. Жоба толығымен аяқталғаннан кейін 158 тұрғын үй табиғи газбен қамтылады.
Дарбаза ауылдық округіне қарасты Құрысай, Тасқұдық және Сарысу елді мекендерінде табиғи газға қосу жұмыстары жалғасуда. Жоба аясында 50 шақырымдық газ құбыры тартылып, 207 үй көгілдір отынмен қамтамасыз етіледі.Мердігер мекеме: «Ынтымақ-ОК» ЖШС Табиғи газ желісінің жалпы ұзындығы- 50 шақырым.
Айта кетсек, бұл жобалар шалғай ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған маңызды қадамдардың бірі саналады.
