Отырар – қазақ руханиятының алтын бесігі, өркениет пен мәдениеттің мәңгілік мекені. Биыл бұл қасиетті өлке – Отырар ауданына 90 жыл толып отыр.

Тарихы терең, тағылымы мол өлкенің мерейлі мерекесі кең көлемде аталып өтті. Отырардың торқалы тойы кең көлемде тойланып, мерекелік шаралар легі ел есінде қалатын тағылымды басқосулармен жалғасын тапты.

Отырар ауданының 90 жылдық меретойы аясында аудан орталығында «Берекелі – алтын күз» ауыл шаруашылығы мамандарының жәрмеңкесі өтті. Мерекелік жиынға келген көпшілік орталық алаңдағы ауыл шаруашылығы өнімдері мен техникаларының, қолөнер бұйымдары мен ұлттық құнды жәдігерлердің, көркемсурет және танымдық кітаптар көрмесімен танысты.

Салтанатты іс-шара Отырардың тарихи тұлғаларының шеруімен басталып, ҚР Мәдениет қайраткері Хадиша Шалабаеваның орындауындағы Шәмші Қалдаяқовтың «Отырардағы той» әні көрермендерге мерекелік көңіл күй сыйлады.

Отырар ауданының әкімі Қайрат Жолдыбайұлы аудан тұрғындары мен қонақтарын мерейлі мерекемен құттықтап, ауданның озат шаруаларын марапаттады. Іс-шарада аудандық мәслихат төрағасы Уәлихан Ұзақов та тұрғындарды мерейтоймен құттықтап, өңірдің дамуына үлес қосқан азаматтарға «Отырар ауданына – 90 жыл» мерекелік медалін табыстады. Сондай-ақ, мемлекет және қоғам қайраткерлері Орынбай Рахманбердиев, Қуаныш Айтаханов, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жеңісбек Мәуленқұлов, ғалым, ауыл шаруашылығы ғылымының докторы, профессор Әбдірахман Омбаев, қоғам қайраткерлері Созақбай Әбдіқұлов пен Кенжехан Төлебаев жүрекжарды лебіздерін жеткізді.

Мерекелік іс-шара концерттік бағдарламаға ұласып, Берік Сексенбек, Хадиша Шалабаева, Ермахан Әшіров, «Алатау voice» тобы, Нұрлан Балтақожа, Зере Жүнісбай, Айдос Омаров, Досхан Одаманов сынды аудан өнерпаздары әннен шашу шашты.

Отырар жұрты үшін биылғы күз – тек алтын түске боялған табиғаттың көркем көрінісі ғана емес, елдің еңсесін көтерген, ауылдың әлеуетін айшықтаған шынайы берекенің символына айналды. «Берекелі – Алтын күз» шарасы арқылы еңбек адамдарын ұлықтау, туған өлкенің қадірін арттыру, ұлттық құндылықтарды насихаттау сынды ізгі мақсаттар лайықты дәріптелді. Бұл – ғасырлар бойы дала төсінде тер төккен диқан мен шебер, өнерпаз бен ұстаз, ғалым мен қарапайым еңбек адамына деген шынайы құрметтің көрінісі.

Шараның мазмұны мен көркемдік ауқымы ауданның жетістігін паш етіп қана қоймай, Отырар жұртшылығының бірлігі мен берекесін, рухани байлығы мен мәдени әлеуетін айқын аңғартты. Мерекелік думанның сәні мен салтанаты, тарих пен бүгінгі тіршіліктің үндестігі көрермендерге рухани серпіліс сыйлап, ауданның келешегіне деген сенімді күшейтті.

Төл тарихы тереңге тартқан Отырар – бүгін де жаңғыру жолында. Осы бағыттағы жүйелі жұмыстар мен игі бастамалар ауданның 90 жылдығында айшықтала түсіп, туған жерге деген перзенттік ықыласты, ұлттың өткені мен болашағына деген құрметті тереңінен танытты. Ұлт руханиятының алтын бесігі саналатын бұл өңір – өзінің даңқты жолын лайықты жалғастырып келеді.

Осылайша, «Берекелі – Алтын күз» шарасы тек ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі немесе мерекелік концерт қана емес, Отырардың өткені мен бүгінін жалғаған, ұрпаққа өнеге болған тағылымды әрі тағдырлы күн ретінде есте қалды.