Келес ауданында «Қоғамда заң мен тәртіп идеологиясын ілгерілету жөніндегі 2025-2030 жылдарға арналған тұжырымдама» аясында «Ашық есік күні» атты тегін құқықтық көмек көрсету акциясы өткізілді. Іс-шараны Келес ауданы әкімдігі мен Шымкент қаласы заң консультанттары палатасы бірлесе ұйымдастырды.

Акцияның мақсаты – тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыру, заң бұзушылықтың алдын алу, азаматтардың өз құқықтары мен міндеттерін білуіне жағдай жасау.

Іс-шараны Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев ашып, құқықтық мәдениетті қалыптастыру, қоғамда әділдік пен тәртіпті нығайту – баршамыздың ортақ міндетіміз екенін жеткізді.

Шара барысында Шымкент қаласы заң консультанттары палатасының төрағасы Оралбай Құдайберген сөз алып, тұжырымдаманың негізгі бағыттарына тоқталды. Ол «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатын жүзеге асыруда мұндай ашық алаңдардың маңызы зор екенін атап өтті.

Акцияға Шымкент қаласы мен Түркістан облысынан арнайы келген білікті заңгерлер қатысып, Келес ауданы тұрғындарына тегін құқықтық кеңес берді, түрлі саладағы атап айтқанда жер мәселесі, әлеуметтік төлемдер, отбасы құқығы, кәсіпкерлік, еңбек қатынастары сынды сұрақтарға жеке жауаптар мен кәсіби ұсыныстар ұсынды.

Тұрғындармен ашық форматта пікір алмасу жүргізіліп, нақты жағдайларға байланысты құқықтық көмек көрсетілді. Көптеген азаматтар өздерін толғандырып жүрген мәселелерін заң аясында шешудің жолдарын білді.

Іс-шара соңында қорытынды сөз сөйлеген аудан әкімі Жәнібек Есенұлы мен палатаның төрағасы Оралбай Бижанұлы мұндай акциялар алдағы уақытта да жалғасатынын жеткізді.