
Бүгін Ордабасы ауданы әкімдігі жанындағы құқықбұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссияның кезекті мәжілісі өтті. Мәжіліске аудан әкімі Азат Оралбаев төрағалық етті.
Күн тәртібінде: алаяқтық қылмыстардың профилактикасы, табиғатты қорғау және браконьерлік құқықбұзушылықтардың алдын алу, интернет кеңістігіндегі алаяқтық әрекеттермен күрес сынды өзекті мәселелер қаралды.
Жиын барысында аудандық полиция бөлімінің бастығы Нүркен Сарыпбеков, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Әділ Ысхах, Шұбарсу ауыл округінің әкімі Әнуар Тұрсынбаев баяндама жасап, аталған бағыттар бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар мен проблемалық тұстарды атап өтті.
Талқылау қорытындысында аудан әкімі, комиссия төрағасы Азат Әбдіғалиұлы тиісті сала басшыларына нақты тапсырмалар беріп, құқықбұзушылықтың алдын алу бағытындағы шараларды күшейтуді тапсырды.
Мәжіліс аясында әсіресе тұрғындар арасында алаяқтықтың жаңа түрлеріне – интернет және мобильді алаяқтыққа қарсы ақпараттық түсіндіру жұмыстарын күшейту қажеттігі айтылды. Бұл ретте, әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы жалған хабарламалар тарату, банк шоттарына заңсыз қол жеткізу секілді қылмыстардың жиілегені атап өтілді. Аудандық полиция бөлімі мен ішкі саясат бөліміне ауылдық округтермен бірлесіп, тұрғындармен тұрақты кездесулер мен түсіндірме жұмыстарын ұйымдастыру тапсырылды.
Сонымен қатар, табиғатты қорғау және заңсыз аңшылықпен күрес те басты назарда болды. Орман-тоғай мен су айдындарында рейдтерді жиілету, аңшылық ережелерін бұзғандарды жауапқа тарту, браконьерлікпен күресте тұрғындармен кері байланысты жолға қою қажеттігі айтылды. Жиын соңында аудан әкімі құқықтық тәртіп пен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету — тек құқық қорғау органдарының емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті екенін ескертіп, бұл бағытта жүйелі және кешенді жұмыс жүргізуді жүктеді.
