
Қазақ руханияты мен спорт тарихында өшпес із қалдырған, әлемге әйгілі таэквондо шебері, Қазақстанда осы спорт түрінің негізін қалаушы, халқымыздың біртуар перзенті Мұстафа Өзтүріктің қызы Неслихан Өзтүрік және бауырлары қасиетті Ордабасы топырағына тағылымды сапармен келді.
Аудан орталығы Темірлан ауылында мәртебелі меймандарды аудан әкімінің орынбасары Мейрамбек Ақмұратов пен Илияс Тұрнияз құрметпе қарсы алды.
Сапар барысында Мұстафа Өзтүріктің ұрпақтары күш атасы Қажымұқан Мұңайтпасұлының кесенесіне барып, ұлт мақтанышының рухына құран бағыштады.
Одан кейін қонақтар даңқты балуанның қара шаңырағына ат басын бұрып, Қажымұқан атамыздың өмірі мен мұрасына қатысты тың деректермен танысты. Сондай-ақ, Қажымұқан атындағы облыстық спорт музейінде болып, тарихи жәдігерлерді тамашалап, музейдің қонақтар кітабына өздерінің қолтаңбаларын қалдырды.
Бұл сапар – екі дәуірдің, екі ұлт мақтанышының рухани сабақтастығын тереңнен тоғыстырған мәні зор кездесу болды.
Мұстафа Өзтүрік пен Қажымұқан Мұңайтпасұлының ерлікке толы өмір жолы – елдік пен ерліктің мәңгілік символы, бүгінгі ұрпаққа үлгі мен өнеге.
Мәртебелі қонақтар Ордабасы ауданындағы тарихи-мәдени нысандармен танысумен қатар, жергілікті жастармен кездесіп, еркін форматта пікір алмасты. Неслихан Өзтүрік өз сөзінде әкесі Мұстафа Өзтүріктің туған жеріне, қазақ халқына деген шексіз құрметі мен сүйіспеншілігін ерекше атап өтті. Ол: «Әкемнің арманы – Тәуелсіз Қазақстанды көріп, туған халқына қызмет ету еді. Бүгінгі бейбіт күн мен жастардың жігерін көріп, оның арманы орындалғанын сеземін», – деді.
Сапар соңында аудан басшылығы мен қонақтар Ордабасы тауында орналасқан тарихи мемориалдық кешенге барып, ұлт бірлігі мен рухының символына айналған қасиетті мекенде тағзым етті. Бұл сапар – тек тағылымды естелік қана емес, ұрпақтар сабақтастығының, рухани байланыстың жаңа белесі болды. Ордабасы топырағына табан тіреген Мұстафа Өзтүріктің мұрагерлері алдағы уақытта еліміздің тарихы мен мәдениетін дәріптейтін жобаларға атсалысуға ниетті екендерін жеткізді.
