
Сауран ауданында мерзімді әскери қызметке азаматтарды шақыруды іске асыру мәселелері талқыланған жиын өтті. Шара басқармалар үйінде аудан әкімі Мақсат Таңғатаровтың төрағалығымен ұйымдастырылды. Жиынға Түркістан қаласы және Сауран ауданының қорғаныс істері жөніндегі біріктірілген басқармасының бастығы, полковник Дилмурат Нуржанов, ауылдық округ әкімдері мен жауапты мамандар, ішкі саясат бөлімі мен жастар орталығының басшысы, сондай-ақ құқық қорғау органдарының өкілдері қатысты.
Басқосу барысында жастардың әскерге баруға деген қызығушылығын арттыру, патриоттық тәрбиені күшейту және әскерге шақыру науқанының тиімділігін қамтамасыз ету мәселелері кеңінен сөз болды.
Полковник Дилмурат Нуржанов өз баяндамасында әскерге шақыру жоспарының орындалу барысына тоқталып, ауылдық округтердегі жұмыс қарқынын арттыру қажеттігін атап өтті. Аудан әкімі Мақсат Таңғатаров өз сөзінде жастарды әскери борышын өтеуге ынталандыру — тек әскерге шақыру комиссияларының емес, жалпы қоғамның ортақ міндеті екенін атап өтті.
— Біз жастарға әскери қызметтің мәнін түсіндіруде жүйелі әрі нақты жұмыс жүргізуіміз қажет. Әскер – тәртіп пен жауапкершіліктің мектебі. Әрбір жас үшін Отан алдындағы борышын өтеу — азаматтық міндет әрі ерлікке бастайтын жол, — деді аудан әкімі.
Сонымен қатар, аудан басшысы жауапты бөлімдерге және ауылдық округ әкімдеріне күзгі әскерге шақыру жоспарын толық орындауды, түсіндіру және үгіт-насихат жұмыстарын күшейтуді тапсырды. Жиын қорытындысында күн тәртібіндегі мәселе бойынша баяндамалар назарға алынып, тиісті тапсырмалар хаттамаға енгізілді.
