
Ордабасы ауданныда «Ұрпақ тәрбиесіндегі бетбұрыс» атты облыстық семинар өтті.
Шараға облыстық «Әжелер алқасының» төрайымы Балымхан Байтенова, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасының орынбасары Л. Қашқынбаев, пленум мүшелері, «Әкелер мектебі» мен «Әжелер алқасы» өкілдері, ардагерлер ұйымдарының мүшелері және жергілікті әкімдік өкілдері қатысты.
Семинарды аудан әкімінің орынбасары Илияс Тұрнияз ашып, жүргізді.
Негізгі баяндаманы облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Б.Раманқұлов жасап, ұрпаққа ұлттық құндылықтарды сіңіру жолындағы ардагерлердің рөліне кеңінен тоқталды.
Семинар барысында қатысушылар ұлттық тәрбие, отбасы мен мектептің өзара байланысы, отбасылық институттың маңызы, сондай-ақ тәжірибе алмасу бағытында тың ұсыныстарын ортаға салды.
Аға буынның ақыл-кеңесіне, өнегесіне сүйене отырып, жас ұрпақтың бойына адамгершілік пен ізгілікті, ұлттық рух пен елдік сананы дарыту – бүгінгі күннің басты міндеті.
Семинар барысында айтылғандай, ұрпақ тәрбиесіндегі басты бағыттардың бірі – ұлттық тәрбиенің мазмұнын тереңірек түсіндіру және оны заманауи қоғамда тиімді қолдану. Бұл шара аясында қатысушылар жастардың бойында ұлтжандылық, адалдық, еңбексүйгіштік және отансүйгіштік қасиеттерін қалыптастырудың маңыздылығын ерекше атап өтті. Ұрпақ тәрбиесіне қатысты қоғамның барлық қабаттарының атсалысуы қажеттілігі туралы сөз қозғалды.
Сондай-ақ, қатысушылар отбасы мен мектептің өзара байланысы мен бірлескен жұмысының тәрбиелік мәнін талқылады. Отанға қызмет ету, ұлттық құндылықтарды насихаттау, жас ұрпақты салауатты өмір салтына тәрбиелеу және мәдени мұраны сақтаудың маңызы зор екені айтылды. Бұл бастамалар барлық деңгейде қолдауға ие болып, еліміздің болашағы үшін үлкен әсер қалдырады деген сенім білдірілді.
