
Созақ ауданының орталығы Шолаққорған ауылында азаматтарды жұмыспен қамту мақсатында бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті. Ашық аспан астында ұйымдастырылған іс-шараны аудан әкімінің орынбасары Серік Маманов ашып, жәрмеңкенің негізгі мақсаты — жұмыссыз азаматтарға тұрақты жұмыс ұсыну және жұмыс берушілер мен жұмыс іздеушілер арасында тікелей байланыс орнату екенін атап өтті.
Жәрмеңкеге 16 жұмыс беруші мекеме қатысып, 136 бос жұмыс орнын ұсынды. Олардың қатарында білім және денсаулық сақтау салаларының ұйымдары, сондай-ақ «Қазатомпром» Ұлттық атом компаниясына қарасты «KAP Logistics» ЖШС филиалы, «Волковгеология» АҚ ГБЭ-5, «Казатомпром-SaUran» ЖШС және өзге де кәсіпорындар бар. Айта кетейік, жәрмеңкеге пробация есебінде тұрған, бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған, алимент бойынша берешегі бар және мүмкіндігі шектеулі азаматтар да қатысты. Нәтижесінде 86 азамат тұрақты жұмысқа орналастырылды, оның ішінде 6 мүгедектігі бар азамат еңбекке тартылды. Сонымен қатар, шара барысында мемлекеттік грант арқылы өз кәсібін ашқан тұрғындар өз өнімдерін көпшілік назарына ұсынды.
Жәрмеңке барысында жұмыс іздеушілер мен жұмыс берушілер арасындағы өзара байланыс нығайып, тұрғындардың еңбек нарығына жол тартуы жеңілдеді. Аталған іс-шара әлеуметтік қолдаудың тиімді тетігі ретінде тұрғындардың тұрақты табыс табуына және экономикалық белсенділіктің артуына ықпал етті. Сонымен қатар, мемлекеттік грант арқылы кәсіп ашқан азаматтардың өнімдерін таныстыруы өңірлік кәсіпкерлікті дамытуға қосымша серпін берді. Осындай шаралар болашақта да тұрақты түрде өткізіліп, ауданның әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға бағытталмақ.
