
Түркістан жоғары көпсалалы қолөнер колледжі мен «Түркістан текстиль» тігін фабрикасының бірлесуімен «Өндірістегі дублер» күні ұйымдастырылды. Іс-шараға 6 педагог пен «Тігін өндірісі және киімдерді үлгілеу» мамандығында оқитын 75 студент қатысты. Шараның басты мақсаты – студенттердің өндіріс ортасында тұлғалық және көшбасшылық қасиеттерін ашу, тігін ісі бойынша шеберліктерін шыңдау, сондай-ақ коммуникативтік және іскерлік дағдыларын дамыту.
Тәжірибе барысында 1-курс студенттері тігін машинасында өз қолдарымен қол орамалдар мен алжапқыштар тігіп, тігін машиналарының түрлері мен қызметі туралы кеңінен мәлімет алды. Сонымен қатар, техникалық қауіпсіздік ережелерімен танысты. Педагог пен студент – ғылым мен техниканың, өнер мен өндірістің қозғаушы күші ғана емес, экономиканы дамытатын, инновацияға жол ашатын және қоғамды ілгерілететін тірек екенін бұл шара айқын көрсетті.
Осы іс-шара студенттерге өндірістік ортада тәжірибе жинақтап, кәсіби шеберліктерін арттыруға мүмкіндік берді. Сонымен қатар, олар нақты өндіріс процесін түсініп, болашақ мамандықтарына деген қызығушылықтары мен ынтасын күшейтті. Мұндай тәжірибе алмасулар студенттердің білім мен іскерліктерін жетілдіруге, еңбек нарығына жақсы дайындалуына септігін тигізеді. Алдағы уақытта да осындай бірлескен жобалар арқылы жастардың кәсіби дамуы мен өңірдегі өндірістің өркендеуі жалғаса бермек.
