
Қазығұрт ауданы әкімдігінің қолдауымен және аудандық «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен жастар арасында ұлттық мәдениет пен салт-дәстүрді насихаттау, ұлттық ойындар арқылы рухани-адамгершілік қасиеттерді дамыту мақсатында «Ауылдағы бір күнім» атты аудандық реалити-шоу сайысы өтті.
Шараға аудан әкімі Азизхан Исмаилов арнайы қатысып, қатысушы командаларға сәттілік тілеп, ауыл өмірінің тәрбиелік мәніне тоқталды.
– Біз әдетте «Ауыл – тәрбие бесігі» дейміз. Расында да, ауыл – қазақтың алтын тамыры, дәстүр мен құндылықтың қайнар көзі. «Ауылдағы бір күнім» сайысы арқылы жастарымызға сол рухты сезіндіруді, ата-бабамыздан қалған ұлттық мұраны дәріптеуді мақсат еттік. Бұл шараның мәні – ауыл өмірінің шынайы болмысын көрсету, ұлттық ойындарымызды кеңінен насихаттау және жастардың туған жерге деген сүйіспеншілігін арттыру, – деді аудан әкімі.
Бүгінде елімізде жастарға жан-жақты қолдау көрсетіліп, олардың бастамаларына жол ашылып отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жастар – ел болашағының кепілі» деген сөзі осының айғағы. Шынында да, ел ертеңі – білімді, еңбекқор, отаншыл жастардың қолында.
Сайысқа ауданға қарасты 13 ауылдық округтен келген жас қатысушылар бірнеше командаға бөлініп, өзара бақ сынасты. Ереже бойынша ер жігіттер садақ ату, асық ату, қазақ күресі, мас-рестлинг (таяқ тартыс), алыптар сайысы және арқан тарту сынды ұлттық ойын түрлерінен күш сынасты. Ал қыз-келіншектер қауымы арасында табаға нан жабу, қамыр жаю, кеспе кесу, талқаннан жент жасау және ұлттық тағам түрлерін әзірлеу бойынша сайыстар өтті.
Жарыс барысында қатысушылар ауыл өмірінің сәні мен салтын көрсетіп, өз өнері мен шеберліктерін паш етті. Көрермендер қазақтың ұлттық ойындары мен тағам дәстүрлеріне қанығып, ауыл тіршілігінің әсем бір көрінісін тамашалады. Қазылар алқасының шешімімен үздік деп танылған командалар арнайы дипломдармен, алғыс хаттармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
