Түркістан облысында білім саласын дамыту, ұстаздардың біліктілігін көтеру бағытында жұмыстар атқарылуда. Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің тапсырмасымен мектептердің материалдық базасын жақсарту, білім сапасын жақсартуға басымдық беріліп, жауапты басқарма тұрақты ізденіп, жаңа идеяларды енгізуге күш салуда.

Осы ретте Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев «EdCrunch Academy» білім беру институтының негізін қалаушы Нұрлан Қиясовпен кездесті. Кездесуде білім саласындағы өзекті мәселелер көтеріліп, ұсыныстар айтылды. Атап айтқанда, Түркістан облысында арнайы жобаны енгізіп, 50 мектептің директоры мен орынбасарларын оқытады. Ұстаздарының да біліктілігін көтеріп, білім берудегі тың әдістерді үйретеді. Сонынмен бірге мектеп басшылары Еуропаның елдеріне барып, білім беру мекемелерінде тәжірибе жинайды.

Облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев аталған ұсыныс назарға алынып, зерделенетінін жеткізді. Қос тарап осы бағыттағы жұмыстарды тереңірек талдап, талқылау жөнінде уағдаласты.

Айта кетейік, өңірде 83 мыңнан астам ұстаз жас ұрпаққа білім мен тәрбие беріп, аянбай тер төгіп жүр. Мемлекет басшысының «1000 көшбасшы» жобасы аясында өңірден 600-ге жуық ұстаз іріктеліп, олардың 46-сы білім саласында басшылық қызметке тағайындалды. «Daryn Teacher» халықаралық жобасы аясында 25 ұстаз Малайзия, Сингапур, Финляндия және Эстония елдерінде тәжірибе жинақтаған. Осы ізденістер нәтижесінде облыстың 152 мектеп түлегі шетелдің беделді жоғары оқу орындарының студенті атанып отыр.

Осылайша, Түркістан облысында білім сапасын көтеруге бағытталған нақты қадамдар жасалып, ұстаздардың кәсіби біліктілігін арттыруға арналған жобалар табысты іске асуда. Жаңашылдықтарға негізделген бұл бастамалар өңірдегі білім беру жүйесін одан әрі жетілдіруге мүмкіндік береді. Ал ұстаздардың біліктілігін арттыру мен тәжірибе алмасу арқылы облыстың жас ұрпақтары болашақта тек Қазақстанның ғана емес, бүкіл әлемнің талаптарына сай білім мен дағдыға ие болады. Түркістан облысының білім саласындағы жетістіктері болашақта жаңа буынның сапалы білім алып, елдің өркендеуіне өз үлестерін қосатын ұрпақ болып қалыптасуына негіз болады.