
Мақтаарал ауданы әкімінің орынбасары Бижан Анарбеков Республика күні қарсаңында пайдалануға берілетін құрылыс нысандарына зерделеу жұмыстарын жүргізді. Ең алдымен ол Мырзакент кентінде орналасқан орталық саябаққа барды. Нысан аумағын аралап көріп, мердігер мекемеге құрылыс жұмыстарын белгіленген мерзімде аяқтауды тапсырды. Сонымен қатар, кейбір кемшіліктерді түзету бойынша ескертулер берді. Жобаға сәйкес, жаңа саябақ заманауи талаптарға сай абаттандырылып жатыр. Онда балаларға арналған ойын алаңшалары, әртүрлі атракциондар, ашық аспан астындағы концерт және мәдени іс-шаралар өткізетін алаң, сәндік субұрқақтар мен жасанды көлшіктер, демалыс орындықтары мен көлікке арналған автотұрақ және көгалдандырылған аймақтар қарастырылған. Бұл нысан тек демалыс орны ғана емес, сонымен қатар жастардың бос уақытын тиімді өткізуіне арналған мәдени орта болмақ.
Одан соң Бижан Шералыұлы Ж.Нұрлыбаев ауылдық округі Ынталы ауылындағы «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында құрылысы аяқталған мәдениет үйі мен кітапхана ғимаратын қарап шықты. Нысанда мәдениет залы мен кітапханасынан бөлек, спорт залы да бар. Одан бөлек, көрме залдары, үйірмелер мен мәдени іс-шараларға арналған алаңдар болады.
Сондай-ақ, аудан әкімінің орынбасары Атакент кентінде бой көтеріп жатқан 1500 орындық “Жайлы мектептің” құрылыс алаңында да болып, атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен танысты. Қазіргі таңда білім ордасының құрылысында соңғы кезеңдегі жұмыстар жүргізілуде. Атап айтқанда, нысанның ауласын абаттандыру, мектеп ішін құрал-жабдықтармен және жиһаздармен қамту жұмыстары жүргізілуде. Айта кетейік, аталған нысандар 25 қазан – Республика күні қарсаңында пайдалануға берілмек.
Бұл маңызды нысандардың ашылуы аудан тұрғындарының өмір сүру сапасын арттырып, жергілікті әлеуметтік-экономикалық дамуға тың серпін береді деп күтілуде. Мемлекеттік қолдау мен атқарушы органдардың жүйелі жұмысы нәтижесінде Мақтаарал ауданы алдағы уақытта да әлеуметтік-инфрақұрылым саласында ауқымды жобаларды жүзеге асыруды жалғастыратын болады.
