Облыс аумағында өткен жылғы жылыту маусымы кезінде улы газбен уланудың 2 жағдайы тіркеліп, 3 адам қайтыс болды. Сондай-ақ, 3 адам жарақат алды. Бұл туралы өткен брифингте Түркістан облыстық ТЖД мемлекеттік өрт бақылау басқармасының басшысы Мейрамхан Кемелханов мәлімдеді.

«Жазатайым оқиғалар көбінесе тұрғын үйдегі қауіпсіздік талаптарын сақтамаудан туындайды. Қазіргі таңда облыс бойынша 598 елді мекен табиғи газға қосылған. Ал, қалған елді мекендер көмірмен жылытылады. 2025 жылдың 2 қазан күні жылыту маусымына дайындық барысы туралы Түркістан облысы әкімінің орынбасарының төрағалығымен төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі комиссия отырысы өтті. Соның ішінде газ инспекциясын құру мәселесі талқыланды. Бүгінде облыс көлемінде 17 газ инспекция мекемесі құрылды. Биыл 15-тамыз бен 5-қазан аралығында облыс аумағында департамент қызметкерлері «Өрт қауіпсіздігі» айлығын жүргізді. Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау департаментінің мәліметіне сәйкес, әлеуметтік осал топқа жататын 34 197 адам есепке алынды. Қазіргі таңда 2025 жылдың басынан улы газбен уланудың алдын алу мақсатында 11 088 жеке тұрғын үйге газосигнализатор құрылғысы орнатылды»- деп баяндады спикер.

Түркістан облысында тұрғындардың қауіпсіздігін арттыру және табиғи газбен байланысты оқиғаларды болдырмау мақсатында қолға алынған шаралар өте маңызды. Газ инспекция мекемелері құрылып, жеке үйлерге газосигнализаторлар орнату секілді жұмыстар жүргізілуде. Бұл қадамдар халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қажетті қадам болып табылады, әрі мұндай шаралар мен алдын алу тәсілдері еліміздің болашақтағы жылыту маусымдарында қауіпсіздікті қамтамасыз етуге үлкен үлес қосары анық.

Жалпы, бұл жұмыс жалғасын тауып, халықтың өмір сүру жағдайын жақсарту бағытындағы ең маңызды бастамалардың бірі болып қала береді.