
Биыл Түркістан облысында ауыл шаруашылығы субъектілерін қолдауға 48,5 млрд. теңге қаржы бөлінді. Оның ішінде облыстық бюджеттен 43,3 млрд. теңге, үкіметтік резервтен 5,2 млрд. теңге қаржы бөлінді. 9 айдың қортындысымен 42 млрд. теңге шаруаларға бөлініп, аграрлық саланы мемлекеттік қолдау ауыл шаруашылығы өндірісінің тұрақты дамуын қамтамасыз етіп отыр. Осы бағыттағы жұмыстар облыс әкімі аппаратының апталық мәжілісінде талқыланды.
Облыс әкімі Нұралхан Көшеров шаруаларды қолдау бағытындағы жұмыстар жалғасатынын, бұл субсидиялар мен жеңілдіктер өңірдің өзіндік кірістерін арттыруға және азық-түлік қауіпсіздігіне үлес қосуы тиіс екенін жеткізді. Жауапты басқарма басшысы мен аудан, қала әкімдеріне тиісті тапсырмалар жүктелді.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Файзулла Байдуллаевтың айтуынша, «Басым дақылдардың өндірісін субсидиялау» бағдарламасы арқылы 4,4 млрд. теңге қаржы қаралды. Бағдарлама арқылы жылыжай шаруашылықтарын қолдау нәтижесінде жылыжай өнімдерінің бағасы тұрақтанып, егіс көлемі мен алынған өнім көлемі артуда. 2023-2025 жылдары жылыжай өнімдерінің бағасы маусымаралық кезеңде (наурыз-сәуір айлары) төмендеген. Сондай ақ 2023 жылы 78 мың тонна өнім алынса, бүгінде жылыжайлардан 101,5 мың тонна өнім жиналып отыр немесе 1,3 есе артты.
Мемлекет басшысының ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің көлемін 2 есеге ұлғайту жөніндегі тапсырмасын орындау жөніндегі ҚР АШМ әзірлеген 2024 — 2028 жылдарға арналған жол картасына сәйкес, облысқа 2025 жылы 189,8 мың тонна минералды тыңайтқыш ендіру тапсырылды. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді минералды тыңайтқыштармен қамтамасыз ету үшін бюджеттен 12,2 млрд. теңге бөлінді. Бүгінгі күнге жоспар толық орындалып, егіс алқаптарына 206 мың тонна минералды тыңайтқыштар енгізіліп, өткен жылмен салыстырғанда 1,4 есе артқан.
Республика бойынша ірі қара малдың 13 % (1 143,6 мың бас), ұсақ малдың 22 % (4 947,6 мың бас), жылқының 11 % (495,8 мың бас) және түйенің 14 % (43,2 мың бас) Түркістан облысының үлесінде. 8 айда 123 мың тонна ет, 367 мың тонна сүт, 177 млн. дана жұмыртқа өндірілді. Мал шаруашылығында 25 бағытта қолдау көрсетіледі. 2024 жылдан бастап, бағдарлама арқылы асыл тұқымды аналық мал бастарын сатып алуға басымдық берілуде Нәтижесінде жылдан-жылға асыл тұқымды мал саны артуда. 2023 жылмен салыстырғанда асыл тұқымды ІҚМ саны 117 %, ұсақ мал 3,9 есе, жылқы 101,2 пайызға артты. Қайта өңдеуші кәсіпорындардың шығындарын субсидиялау бағдарламасы бойынша 2023 жылы 1,3 млрд. теңге, 2024 жылы 1,85 млрд. теңге, 2025 жылы 1 млрд. теңге бөлінді. Бағдарлама облыстың тамақ өнімдерінің көлемін арттыруға оңды әсерін тигізуде.
Бұл қаржылық қолдау ауыл шаруашылығының әр түрлі салаларына, әсіресе мал шаруашылығы мен егін шаруашылығына тиімді әсер етуде. Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында қолға алынған шаралар ауыл шаруашылығы өнімдерін ішкі нарықта да, сыртқы нарықта да бәсекеге қабілеттілігін арттырады. Жыл сайын артып келе жатқан жылыжай өнімдері мен мал басының өсуі Түркістан облысының ауыл шаруашылығын жаңғыртуда айтарлықтай үлес қосуда. Бұл өз кезегінде облыстың экономикалық тұрақтылығын арттырып, жұмыссыздық мәселесін шешуге де оң ықпал етуде.
Ауыл шаруашылығын дамыту бағытындағы жұмыстарды қаржылай қолдау тек аграрлық секторды қолдаумен шектелмей, ауыл тұрғындарының әлеуметтік жағдайын жақсартуға да мүмкіндік береді. Облыста мал шаруашылығын қолдау шаралары аясында асыл тұқымды мал бастарының санының өсуі нәтижесінде шикізат өндірісі артқанымен, өңдеу секторында да үлкен жетістіктер байқалады. Қайта өңдеуші кәсіпорындардың шығындарын субсидиялау бағдарламасы облыстың тамақ өнеркәсібі мен өңдеу саласында оң нәтиже көрсетіп, өнім көлемінің ұлғаюына ықпал етуде. Бұл жобалар ауыл шаруашылығы саласының барлық деңгейде тиімділігі мен тұрақтылығын нығайта отырып, бүкіл өңірдің болашағын қалыптастыруға қызмет етеді.
