Түркістан облысында 2025 жылы автомобиль жолдары саласын дамыту мақсатында 1 235,6 шақырым жол мен көшелерге құрылыс-жөндеу жұмыстары жүргізіледі деп жоспарланған. Жыл қорытындысымен 951,4 шақырымы пайдалануға беріледі деп көзделуде. Бұл жайында Түркістан облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Қуатжан Жұматаев БАҚ өкілдерімен өткен брифингте мәлімдеді.

«Қазіргі таңда облыстық маңызы бар 225,2 шақырым жолдың құрылыс-жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Одан бөлек, аудандық маңызы бар 130,7 шақырым көшеге, елді мекендердегі 885,6 шақырым жолға жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында 140 елді мекенде жалпы ұзындығы 395,5 шақырым көшеде құрылыс жұмыстары жүргізіледі. Биыл жыл қорытындысымен жергілікті маңызы бар жолдардың жақсы және қанағатты жағдайдағы үлесін 94,7%-ға жеткізу жоспарланған. Құрылыс жұмыстарының сапасы «Ұлттық жол активтері сапасы орталығы» РМК ТО филиалының тұрақты бақылауында» — деді спикер.

Сонымен қатар, басқарма тарапынан қаржыландыруды қажет ететін 4 көпір және жалпы ұзындығы 132,6 шақырымдық 7 жолды күрделі жөндеуден өткізу жобасы әзірленіп, сараптама қорытындысы алынған. Одан бөлек, жаңадан 33,4 шақырым жолға жоба әзірленуде. Айта кетерлігі, Түркістан облысы аумағында автоматтандырылған өлшеу станцияларын орнатуға 7 жол аймағы белгіленген. 2024-2025 жылдары Арыс қаласындағы Арыс-Темірлан, Арыс-Қабылсай жолдарына орнатылды. Биыл Сайрам ауданында Қарамұрт-Ақсукент автомобиль жолының бойына 2 жерге аталған станцияны орнатуға қаржы қаралды. Қазіргі таңда мердігер мекеме анықталып, жұмыстар басталған.

Бұл ауқымды құрылыс жұмыстарын жүргізу арқылы Түркістан облысында автомобиль жолдарының сапасы айтарлықтай жақсарып, жолаушылар мен жүк тасымалдарының тиімділігі артпақ. Жолдар мен көшелердің жөнделуі өңірдің көлік инфрақұрылымын дамытудың маңызды қадамы болып табылады. Сонымен қатар, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында жүргізілген құрылыс жұмыстары елді мекендердегі өмір сапасын арттыруға бағытталған, бұл өз кезегінде ауыл тұрғындарының тұрмыстық жағдайын жақсартуға әсер етеді.

Жол жөндеу жұмыстарының тиімді жүргізілуі үшін құрылыс сапасының жоғары деңгейде бақылауда болатыны белгілі. Ұлттық жол активтері сапасы орталығы тарапынан жүргізілген бақылау жұмыстарымен құрылыс процесі толықтай жүйелі түрде қамтамасыз етілмек. Бұл жұмыстардың аяқталуы облыстың барлық аудандарындағы жергілікті жолдардың сапасын едәуір жақсартып, әлеуметтік және экономикалық даму үшін маңызды шарттарды қалыптастыруға мүмкіндік береді. Ал, автоматтандырылған өлшеу станцияларының орнатылуы көлік қозғалысы мен жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін маңызды қадам болып табылады.