
Бүгін кітапханада талантты журналист, ақын, Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы атындағы «Сөз зергері» сыйлығының иегері, Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Ғалымжан Елшібайдың 50 жасқа толуына арналған «Қаламға қонған құт» атты шығармашылық кеш өтті.
Іс-шараның модераторлары — белгілі журналистер Оралхан Дәуіт пен Досымбек Қонысбек болды.
Кешке ел руханиятының майталмандары, ақын-жазушылар, журналистер, өнер және қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері, сондай-ақ Алматы, Астана, Шымкент қалалары, Жамбыл және Қызылорда облыстарынан келген қаламгерлер мен журналистер қатысты.
Шараның салтанатты ашылуында Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров сөз сөйлеп, Ғалымжан Елшібайдың қоғам мен журналистикадағы елеулі еңбегін жоғары бағалап, жүрекжарды лебізін білдірді. Сонымен қатар Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошанов пен Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның арнайы құттықтау хаттары оқылды.
Кеш барысында ақынның шығармашылық жолын танытатын бейнеролик көрсетіліп, «Самғау» би ансамблінің биі мен «Жаңа леп» өнер ұжымының композициясы ұсынылды. Сүндет Асан, Ақжүніс Азидолла, Ағабек Бақдәулет, Гүлзат Сатылханова сынды өнерпаздар ақын сөзіне жазылған «Қалай? Қалай?», «Махаббатым мәңгілік», «Үкілім-ай», «Түркістан жұлдыздары» атты әуезді әндерді орындады.
Танымал айтыскерлер — үш дүркін «Алтын домбыра» иегері қызылордалық Мұхтар Ниязов пен айтыстың арыстаны атанған «Алтын домбыра» иегері, түркістандық Бекарыс Шойбеков арнау айтыс айтып, кеш иесіне жыр шашуын арнады.
Сонымен қатар ақынның ізін жалғаған інілері мен жас талант Сезім Мергенбай жүрекжарды жырларын арнап, әсерлі өлең жолдарымен кештің рухани шырайын кіргізіп, көрерменге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Кеш барысында заң ғылымдарының докторы, қоғам қайраткері Бекет Тұрғараев, Түркістан облысының Құрметті азаматтары Серік Ибадуллаев пен Шәріпбек Жамалбек сөз сөйлеп, мерейтой иесіне ақжарма тілектерін білдірді.
Сонымен қатар алыстан арнайы келген белгілі қаламгерлер мен журналистер де жүрекжарды лебіздерін жеткізді. Олардың қатарында:
• Әмірхан Меңдеке – белгілі журналист, әдеби сыншы;
• Ғабит Мүсіреп – «Егемен Қазақстан» республикалық газетінің бас редакторы;
• Бауыржан Жақып – «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы, академик, Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы;
• Ерлан Жүніс – «Ана тілі» газетінің бас редакторы, ақын, Мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты.
Мерейтой иесі Ғалымжан Елшібай өз өлеңдерін оқып, көрермендердің сұрақтарына жауап беріп, шығармашылық және рухани сырласу форматындағы әсерлі жүздесуге ұластырды.
Іс-шара Түркістан облыстық әкімдігінің қолдауымен, сондай-ақ Қазақстан Журналистер және Жазушылар одақтарының Түркістан облыстық филиалдарының ұйымдастыруымен өтті.
Ғалымжан Елшібай — журналистика саласында отыз жылдан астам еңбек еткен тәжірибелі қаламгер. Ол республикалық және өңірлік басылымдарда қызмет етіп, бүгінде «Егемен Қазақстан» газетінің Түркістан облысы бойынша меншікті тілшісі.
Қоғамдық қызметте де белсенділігімен танылған қаламгер — түрлі марапаттардың иегері, оның ішінде «Ерен еңбегі үшін» медалі мен «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісі бар.
«Қаламға қонған құт» атты бұл тағылымды кеш Түркістан жұртшылығына рухани әсер сыйлап, елге еңбегімен танылған қаламгердің мерейлі белесін айшықтаған ерекше рухани жиын болды.
Кеш аясында Фараб кітапханасының фойесінде қаламгердің өмірі мен шығармашылық жолына арналған кең көлемді көрме ұйымдастырылды.
Көрмеде Ғалымжан Елшібайдың өмірінен сыр шертетін фото-суреттері, әр жылдары баспасөз беттерінде жарық көрген мақалалары мен жазылған өлеңдері, сондай-ақ «Рухани әкем – Мархабат Байғұт», «Әріптестер әлемі», «Жылдар-жылдар» атты мазмұнды бөлімдер қамтылды.
Экспозицияда қаламгердің марапаттары, медальдары, дипломдары және оның шығармашылық еңбегін айғақтайтын өзге де құнды мәліметтер көпшілік назарына ұсынылды. Көрме кештің мазмұнын байыта түсіп, оқырман қауымға Ғалымжан Елшібайдың сан қырлы талантын терең танытуға мүмкіндік берді.
