Түркістан қаласында «Достардың махаббаты» атты балалар хикаяты қазақ тілінде жарық көрді. Туынды балалық шақтан басталған достықтың, еңбек пен адалдыққа негізделген табыстың көркем көрінісіне бағытталған. Шығармада бала кезден фабрикада қатар жұмыс істеген екі достың өмір жолы суреттеледі. Олар өмірдің түрлі сынақтарынан бірге өтіп, қиындық пен әділетсіздікке мойымайды. Уақыт өте келе екеуі де жоғары білім алып, инженер-механик мамандығына қол жеткізеді. Көркем шығарманы қазіргі таңда Түркияда білім алып жүрген журналист Гүлжаз Қарыбек аударған.

«Кітап авторы – Түркияның белгілі қаламгері Фатма Гүнер. Оның балалар кітаптары мен романдары күні бүгінге дейін оқырман арасында сұранысқа ие. Бұл еңбек қызығушылықтан туған дүние. Кітап мазмұны жүрегімді тербеген соң, уақыт өте келе тәржімалауға бекіндім. Алғаш болып қолдау білдірген облыстық Ы.Алтынсарин атындағы Балалар кітапханасының директоры Рысбек Ермекұлы. Бүгінде бұл кітапты балалар да, ата-аналар да, ұстаздар да алғыс айтып оқып жүр»,- дейді Гүлжаз Қарыбек.

Бұл жаңа кітап балалар арасында достық пен адалдықты, еңбек пен табысқа жетудің маңыздылығын насихаттайтын ерекше туынды болып табылады. Әсіресе, бүгінгі таңда бала тәрбиесіне ерекше көңіл бөлініп отырған уақытта, «Достардың махаббаты» кітабының мазмұны қоғамда маңызды тәрбиелік рөл атқарады. Шығарманың екі достың өмірі арқылы балаларға өмірлік құндылықтар мен адамгершілік қасиеттерді үйрететін оқиғалармен өрілгені өте маңызды.

Кітаптың аударылуы Түркия мен Қазақстан арасындағы мәдени байланысты нығайтуға да ықпал ететін болады. Әсіресе, автор Фатма Гүнердің шығармаларының кеңінен танылуы және Гүлжаз Қарыбек тәржімалаған туындының Түркістанда жарық көруі мәдениетаралық алмасудың маңызды кезеңі. Кітаптың балаларға ғана емес, ата-аналар мен ұстаздарға да пайдалы болатыны сөзсіз. Мұндай кітаптар жастарға шабыт беріп, адалдық пен достықты, еңбекқорлық пен өзара көмектесуді ұғынуға көмектеседі.