Сауран ауданының Майдантал ауылдық округінде аудан әкімдігінің бастамасымен қолға алынған «Әлеуметтік бақша» жобасы жүзеге асырылып жатыр. Жоба аясында арнайы бөлінген 0,6 гектар аумаққа картоп пен қызанақ егілген. Бүгінгі таңда 5 тонна өнім жиналып, тұрғындар күзгі терімге атсалысты. Жиналған көкөністер ауылдағы әлеуметтік жағынан аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға тегін таратылуда. Бұл шара күнделікті тұрмыстық қажеттілікті өтеуге елеулі көмек болып отыр.

Жобаның негізгі мақсаты – ауыл шаруашылығы әлеуетін тиімді пайдалана отырып, қоғамдағы әлжуаз топтарға нақты қолдау көрсету. Аудан әкімдігі жобаны іске асыру арқылы ауыл шаруашылығын тек экономикалық сала ретінде емес, әлеуметтік қолдау құралы ретінде де пайдалануға болатынын көрсетті. «Әлеуметтік бақша» жобасы алдағы уақытта да жалғасын табады. Осы тәжірибе ауданның басқа ауылдық округтерінде де кезең-кезеңімен енгізілмек.

«Әлеуметтік бақша» жобасы биыл алғаш рет жүзеге асырылып отыр. Алғашқы нәтиже жаман емес – тұрғындар өнімін жинап, оны мұқтаж жандарға жеткізіп жатыр. Әкімдік алдағы уақытта егіс алқабының көлемін арттырып, көкөніс түрлерін көбейтуді жоспарлап отыр.