
Қазақстан – Туымен тұғырлы, Елтаңбасымен – еңселі, Әнұранымен – айбынды. Бұл рәміздер аңсап жеткен тәуелсіздігіміздің төлқұжаты.
Бүгін Ордабасы аудандық Мәдениет үйінде 4 маусым – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер күніне арналған «Мақтанышым мемлекеттік Рәміздерім» атты салтанатты іс – шара өтті.
Мерекелік шара әрбір қазақ азаматын «кең байтақ жеріне», «бірлігі жарасқан тәуелсіз еліне» деген мақтаныш сезімге бөлейтін мемлекеттік Әнұранмен ашылып, сахнаға салтанатты түрде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы мен Мемлекеттік Елтаңбасы енгізілді.
Алғашқы құттықтау сөз аудан әкімі Азат Оралбаевқа берілді. Аудан басшысы «Мемлекеттік рәміздер – ел дамуының ажырамас бөлігі. Сондықтан қазақстандықтардың осы рәміздерге деген құрметі, оларды бойтұмардай қастерлеуі ерекше сезіліп тұруы тиіс. Рәміздер арқылы елімізді бүкіл әлем таниды. Өйткені онда қазақ халқының бастан өткізген тарихы, мәдениеті мен дәстүрі көрініс береді. Жастардың отансүйгіштік сезімін оятады, патриотизмге үндейді, батылдыққа тәрбиелейді»-деп, аудан жұртын мерекемен шын жүректен құттықтап, ауданның өсіп-өркендеуіне, қоғамдық жұмыстарға белсене атсалысып жүрген бірқатар азаматтарды марапаттады.
Келесі кезекте мақтанышымыз «Дарын» тобы ауданымыздың құрметті азаматы сазгер Құрманәлі Жылқыбайдың сөзіне жазылған, Нүркен Әліпбектің «Рәміздерім – айбыным» әнін орындап, мейрамның мәнін аша түсті. Мерекелік концерт басқа да белгілі патриоттық шығармалармен жалғасып, көрермен рухын асқақтатты.
Мемлекеттік Рәміздері күні құтты болсын!Қазақстанымыздың даңқы арта берсін!