Түркістан облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер күніне арналған «Рәміздер – Мәңгілік ел мұрасы» атты салтанатты-патриоттық іс-шара өтті.
Бұл күн – халқымыздың елдік пен егемендікке деген құрметін, ел рәміздеріне деген адал сезімін айшықтайтын аса маңызды дата.
1992 жылдың 4 маусымында Тәуелсіз Қазақстанның Туы, Елтаңбасы мен Әнұраны ресми түрде бекітіліп, мемлекетіміздің тәуелсіздігін әлемге танытқан ұлы күн ретінде тарих бетіне жазылды.
Іс-шара салтанатты түрде Ұлттық ұлан сарбаздарының қатысуымен, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздерге құрмет көрсетіліп, Мемлекеттік Әнұран орындау рәсімімен басталды.
Салтанатты жиын барысында «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасының директоры Жанат Шардарбекова, сондай-ақ ел тыныштығын күзетіп жүрген сала мамандары, Түркістан облыстық төтенше жағдайлар департаментінің аға инспекторы, азаматтық қорғау майоры Бексұлтан Абызбеков, Мамандандырылған күзет қызмет басқармасының взвод командирі, полиция капитаны Мансұр Аманов, ҚР Ұлттық Ұлан 5574 әскери бөлімінің лейтенанты Қалжігіт Ережепов құттықтау сөз сөйлеп, Мемлекеттік рәміздердің ел болмысындағы рөлін айрықша атап өтті.
Жазира Сабирова жүрек тебірентер «Қазақстан» әнін орындаса,
Ұлттық ұлан сарбазы Кашканкулов Ердәулет «Самға, қазақ» әнін тарту етті.
Сымбат би тобының орындауындағы «Кең жайлау» биі,
Балалар және жасөспірімдер орталығының көркемсөз оқушыларының өнері – жас ұрпақтың елжандылық рухын айқын көрсетті.
Сонымен қатар, Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері патриоттық әндер орындап, мерекелік көңіл күй сыйлады.
Шара барысында Отанға қызмет етуде адалдық пен жауапкершілік танытып жүрген Түркістан облысы Төтенше жағдайлар департаменті, Түркістан облысының МКҚБ ММ 2-полиция батальоны, ҚР Ұлттық Ұланы 5574 әскери бөлімі мен қоғамдық іс-жоғары деңгейде өтуіне белсенді атсалысқан бірқатар кітапхана қызметкерлері алғыс хаттармен марапатталып, естелік сыйлықтар табысталды.