
Кентау қаласының 70 жылдық мерейтойына орай облыстық деңгейде фотобайқау ұйымдастырылды. Байқаудың мақсаты – қала және оған қарасты ауылдардың тыныс-тіршілігін, «Қаратау қорығының» көркем табиғатын, туризм әлеуетін кеңінен насихаттау, сондай-ақ фотография өнерін дамытуға серпін беру.
Бір айға созылған байқауға Түркістан облысының барлық аудан-қалаларынан кәсіби және әуесқой фотографтар қатысып, өз туындыларын жолдады. Қазылар алқасы тарапынан Кентау қаласының бірегей келбетін бейнелейтін, бұрын жарияланбаған үздік фотолар іріктеліп, сарапқа салынды. Жарыс қорытындысы бойынша 1-орынды мақтааралдық Ернар Бөрібаев иеленді. Екінші орын жетісайлық Нұрдәулет Сүлейменов және кентаулық Темур Сабировқа бұйырды. Ал, 3-орынға түркістандық Нуриддин Ысқақов, шардаралық Ермахан Мұсаханов пен түркістандық Нахып Шынтеміровтер лайық деп табылды. Жеңімпаздарға арнайы алғыс хаттар мен бағалы сыйлықтар табысталды. Өзге де үздік туындылар иелері ынталандыру сыйлықтарымен марапатталды.
Айта кетейік, биыл Кентау қаласының құрылғанына 70 жыл толып отыр. Осы орайда, Кентау қаласы әкімдігінің мәліметі бойынша, Кентау қаласының 70 жылдығына арналған іс-шаралар жоспары әзірленіп, оған мәдениет және тілдерді дамыту, спорт және денешынықтыру, ішкі саясат бөлімдері белсенді қатысуда.Жоспарға сәйкес, түрлі байқаулар, жарыстар, кездесулер мен басқа да қызықты шаралар өткізу көзделуде.Мақсат – қала тұрғындарын біріктіріп, жастар мен зиялы қауым өкілдерін қамту.Сонымен қатар, салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында бұқаралық спортты дамыту шаралары да жоспарланған.
Жалпы, Кентау қаласының тарихы — Қазақстанның индустриалды дамуы мен Оңтүстік өңірінің қалыптасуымен тығыз байланысты. Ол ХХ ғасырдың екінші жартысында ірі өнеркәсіптік орталық ретінде бой көтеріп, бүгінде Түркістан облысындағы маңызды қалалардың бірі болып саналады.
Кентау қаласы 1955 жылы құрылып, Түркістан облысының маңызды өнеркәсіптік және мәдени орталығына айналды.Қалада бірқатар өндіріс орындары, білім беру және мәдениет мекемелері орналасқан.Соңғы жылдары қала инфрақұрылымы жақсарып, жаңа тұрғын үйлер салынып, жол құрылысы қарқын алған.Қала көшелерін жарықтандыру және газбен қамтамасыз ету жұмыстары да жүргізілуде.