Халықаралық балаларды қорғау күніне орай Арыс қаласындағы Т.Тәжібаев атындағы отбасы үлгісіндегі балалар үйінде тәрбиеленушілерге арналған «Бақытты балалық шақ» атты мерекелік іс-шара ұйымдастырылды. Балалардың жүзінде шаттық пен қуаныш сыйлаған бұл күн ерекше әсерлі сәттерге толы болды. Мерекелік шарада балалар ауылының тәрбиеленушілері ән айтып, би билеп жиналған жұртшылыққа өз өнерлерін көрсетті. Салтанатты шараға Арыс қаласы әкімінің орынбасары Ерғали Омарұлы қатысып, балаларды айтулы мерекемен құттықтап, жүрекжарды тілегін жеткізді. Сонымен қатар, Арыс ауданының прокуроры Алмас Себжанұлы мен Түркістан облыстық экология департаментінің өкілдері де шараға арнайы келіп, бүлдіршіндерге жылы лебіздерін арнады.

Келушілер тәрбиеленушілерге арнап мектепке қажетті оқу құралдарын тарту етіп, қамқорлықтың жарқын үлгісін көрсетті. Өз кезегінде балалар ауылының ұжымы мен тәрбиеленушілері жыл сайын жан-жақты қолдау білдіріп, қайырымдылық жасап келе жатқан жүрегі кең жандарға шынайы алғыстарын білдірді.