
Ерлік – ешқашан да ұмытылмауы керек.
Халқымыздың тарихында ерекше атаулы күндер бар. Олар зор мәнге ие. Мәселен, өмірдегі барлық бақ-байлығымыздың негізі – 16 желтоқсан Тәуелсіздік күні әр қазақ үшін қымбат, қастерлі. Сондай-ақ, мәңгілік ұмытылмас күндер бар. Кешегі Ішкі әскер, бүгінгі Ұлттық ұлан үшін ол 7 сәуір. Дәл осы күні, 1995 жылы ел үшін кеудені оққа керген қазақстандық Ішкі әскердің жауынгерлері тәжік-ауған шекарасында айбынды ерліктің не екенін нақты дәлелдеп, қайтпас қайсарлық, беріспес батылдықтың ерен үлгісін көрсеткен болатын.
Тәжік-ауған шекарасындағы қаралы оқиға елімізден барған қаншама азаматтарымыздың жанын қиды, жанұясын қайғыға толтырды. Қайткенмен, қайсар ұлдарымыз жауға барынша тойтарыс беріп, жауынгерлік борыштарын өжеттікпен өткерді. Абыройды таптатпай, антқа деген адалдықтарын танытты.
8 ақпан күні Төлеби аудандық мәдениет үйінде Тәжік – Ауған шекарасындағы ұрыс қимылдарына қатысқан ардагерлерге құрмет көрсетілді.
Жиында аудандық маслихаттың төрағасы ардагерлерді арнайы мерекемен құттықтап, бірқатар азаматтарды арнайы мерекелік алғыс хаттармен марапаттады.
Іс – шарада аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары келген қонақтардың және ардагерлердің назарына патриоттық рухты оятатын әсем әндерін тарту етті.