Алаш деп атқа қонып, сондағы кейбір сәттерге көңілі толмай, сырттай бастап ақырында ат құйрығын кесіскен күрделі тарихи тұлғалардың бірі – Нұрғали Құлжанов.

Құлжанов туралы деректерді қарастырғанымызда біздің бір нәрсеге көзіміз анық жетті: оның асыл жары, Алаштың аяулы қайраткер қызы Нәзипа жайлы жақсы жазылып, зерттелген екен де, Нұрғали есімі оның көлеңкесінде қалғандай әсер береді. Осындай олқылықтың орнын толтыруға септігін тигізер болса, мақаламызда біз белгілі балалар жазушысы С. Бегалиннің «Замана белестері» естелігінен ерлі-зайыпты екеудің өмі сырларын, көрнекті алаштанушы ғалым Тұрсын Жұртбайдың «Ұраным – Алаш» кітаптарындағы алаш арыстарының Н. Құлжановқа қатысы бар-жоғын, қостанайлық қаламгерлер С. Оспанұлы мен К. Мырзағалиеваның «Елге елеулі екеу» мақаласындағы тың деректерді молынан пайдалана алсақ, нысана етіп алған тақырыбымызды ашу барысындағы мақсатымызды орындаған болар едік.

Нұрғали Құлжановтың өмірі мен қызметі жайлы көптеген әдебиеттерде небары 5 пункттен тұратын ақпарат қана кездеседі, тым жұтаң. «Құлжанов Нұрғали (1869/70, Торғай уезі – 1919, Семей) – мәдениет қайраткері» деп басталатын өмірбаян Орынбор оқытушылар мектебін бітіргенінен,  1905 жылдан Семей мұғалімдер семинариясында ұстаздық еткенінен хабар береді де, 1906 жылы 1 қаңтарда 3 дәрежелі Әулие Станислав орденімен марапатталғанын айта жөнеледі. Бұдан соң, «1908 жылы Батыс Сібір география қоғамы Семей бөлімшесіне мүшелікке қабылдаған. Бөлімшенің тексеру комиссиясының құрамында болып, өлке тарихына қатысты ежелгі тарихи, музыка, фольклорлық мұраларды бөлімше мұражайына жинақтап тапсырған» деп бір қайырады. Ары қарай Абаймен жалғастырады: «1914 жылы Абайдың қайтыс болғанына он жыл толуына арнап Н. Құлжановамен бірге әдеби кеш ұйымдастырды» деген жалқы дерек «Қазақ», «Бірлік Туы», «Үш Жүз» газеттерінде мақалалары жарияланып тұрды» дегенмен жалғасып келіп, соңы «1919 жылы Колчак жендеттерінің қолынан қаза тапқанымен» тәмамдалады. Бары осы. 

Нұрғали Құлжанов қазіргі Қостанай облысының Жанкелдин ауданында Қошалақ құмында 1870 жылы өмірге келген. Оның әулеті, мұқым ата-бабасы Арғынның Айдарке тайпасынан тарайтын. Шежіре деректеріне қарағанда, Арғын ішіндегі Тоқал арғын атанған тармақтан шыққан аталарды рулық таңбасына қарай жоғарғы шекті деп атаған. Бұған Саржетім, Шақшақ, Сомжүрек, Айдарке, Анай сияқты аталар кіреді, олар Қазан төңкерісіне дейін Торғай уезін мекендеген деген деректер кездеседі. Ал И.М. Казанцев Орынбор әкімшілігінің шығыс бөлігінде мекендейтін рулар туралы жазған қолжазбасында Арғын тайпасының Шақшақ, Айдарке, Қарамылтық, Қараман, Жартым секілді рулар мен ру тармақтарының тарқатылуын анықтап көрсетіп береді.

Қалай болғанда да тарих көшінде Нұрғалидың аталары тегін адам болмаған, текті тұқымнан деседі ел аузындағы әңгімелер. Әкесі Құлжан заманында би болған, би түсетін үй болған, сөйтіп төреліктің сөзі жұптаған,  әділдің көзін жұтпаған көшелі кісі болыпты. Торғай елінің аузында сақталған «Құлжан-Төке» деген аңыз осы кісілердің ісіне байланысты шыққан. С. Оспанұлы мен К. Мырзағалиеваның жазуынша, «…әшейінде ауылда болыстыққа таласып, қырғи-қабақ болып жүретін екеуі үлкен жиындарда тізе қосып, бірінің сөзін бірі қостай сөйлейді екен. Осындайда екеуіне қарсы тұрып, дауласатын адам шыға қоймайтын деседі Торғай елі». Міне, осындай ауыздыға сөз, аяқтыға жол бермеген азулы әулеттен Нұрғали туып, өсіп-өнеді.

Торғай даласындағы білім шырағы Ыбырай Алтынсаринның тарихи еңбегінің арқасында негіз қаланғаны белгілі, осы мектепте бала Нұрғали алғаш әліпті таяқ деп таниды. Бұл мектепте ол кейін Алаштың бір арысына, рухани көсеміне айналған Ахмет Байтұрсынұлымен бірге оқиды.  Бұдан соң, ол 1893 жылы Орынбордағы екі сыныптық мұғалімдер мектебін бітіріп шығады. Алтынсарин демекші, Нұрғалидың жары Нәзипа кейін Ыбырай Алтынсарин шығармашылығы жайында баяндама жасап, «Көктем» өлеңін орыс тіліне тәржімалап шығатыны бөлек әңгіме.

Нұрғали Құлжанұлы еңбек жолына Шұбар болыстық мектебінде мұғалім болып бастайды. Осы қызметте жүрген кезінде ол Нәзипаның тағдырына араласады. Бұл оқиға кейін екеудің туған Торғайынан алыстап, сонау Семей шаһарынан бірақ шығаратын үлкен дауға себеп болады.

Нәзипаның әкесі Сегізбай кедей адам болғанымен, татар байларға жалданып жүрсе де, қызының өз қатарынан қалмай, білім алуып, сауатты азамат болып қалыптасуына ықпал еткен саналы жан болғанға ұқсайды.  Бір жылы Қостанайдағы педагогикалық гимназияда оқып жатқан Нәзипа оқуға төлеуге қаржысы болмай қатты қиналады. Сонда Нәзипаға мұғалімге бар сырын жасырмай айтқан, мұғалім оның Шұбар болысында қызмет істейтін Нұрғали Құлжан баласына барып, жағдайын айтып көруге кеңес береді. Жоқ-жітік пен жетім-жесірге жанашыр Нұрғали Нәзипаның мұң-мұқтажын да қарап, көмек қолын созады. Мұның соңы білімді жастардың махаббат хикаясына ұласады.

Қолы қысқа Сегізбай Нәзипаның Қостанайды білім алып жатқан кезеңінде оны сырттай бір байдың баласына тұрмысқа беріп қояды. Қалың малы төленген соң, бай баласы да айттыруға асық, бұл жағдайды сезген Нәзипа дереу Нұрғалиға хат жазып, кісі жібереді. Бірақ қызды айттырып қойған жақ дау шығарып, Н. Құлжанұлының үстінен арыз жазып, ұлықтарға шағымданады. «Іс насырға шаба бастаған соң, Нұрғали мен Нәзипа Ресей оқу министрлігі жолдамасымен Семейде жаңа ашылған мұғалімдер дайындайтын семинарияға (қазіргі М. Әуезов атындағы педагогикалық колледж) барып, мұғалім болады» деп тәмамдалады бұл оқиға.

Ерлі-зайыпты Құлжановтар Ыбырай Алтынсарин мектебінде оқып, кейін ұлы ұстаздарының ізін жалғастырған айтулы тұлғалар. Сонымен бірге олар Ыбырай еңбектерін насихаттаушы. Нәзипа Ыбырай Алтынсарин шығармашылығы жайында баяндама жасап, «Көктем» өлеңін орыс тіліне аударған ұлы ұстаздың алғашқы аудармашыларының бірі. «…Менің осы мақтана айтып отырғанымның ерекше бір нәрі – Нұрекең мен Нәзипа жеңгейдің үйінде тұрған бір жылдық өмірім еді. Өйткені, ол үйде Нұрекең мен Нәзипа жеңгейдің адамгершілік ерекше қасиеттерін өзіме өнеге етсем, оның үстіне сол үйде тұрғанда жаңа заман сәулесіне ана тілімді құрметтей оқитын газет-журнал болды» – деп балалар әдебиетінің негізін қалаушылардың бірі, жазушы Сапарғали Бегалин романына арқау еткен Нұрекең – Нұрғали Құлжанов қазіргі Қостанай облысының Жанкелдин ауданында Қошалақ құмында «Қазақтың ескі, жуан тұқымынан» деп Сұлтанмахмұт ақын айтқандай, Арғынның Әйдерке тайпасынан тарайтын Түгелбайұлы Құлжан бидің баласы. Мұны нақтылай, егжей-тегжейлі айтып отырған себебіміз – кейбір зерттеушілер Нұрғалиды Жітіқарада туып-өскен деп жаңсақ пікір айтып жүр. Нұрғалидың Жітіқарада (бұрынғы Шұбар болысында) оқуы мүмкін, алайда алғаш Торғайдағы Ыбырай Алтынсарин іргесін қалаған мектепте оқып сауатын ашқаны, кейін Орынбордағы екі сыныптық Мұғалімдер мектебін (Учительская школа) 1893 жылы бітіріп, Шұбар болыстық мектебінде мұғалім болып істегені рас. Бірақ оның ата-бабасы, әкесі – Құлжан Торғай жерінен қоныс аударған емес. Мұны туған-туыстары, Торғай елінің халқы жақсы біледі. Торғай тарихында «Құлжан-Төке» деп аттары қосылып айтылатын екі кісі жайында аңыз-әңгімелер жетерлік. Әшейінде ауылда болыстыққа таласып, қырғи қабақ болып жүретін екеуі үлкен жиындарда тізе қосып, бірінің сөзін бірі қостай сөйлейді екен. Осындайда екеуіне қарсы тұрып, дауласатын адам шыға қоймайтын деседі Торғай елі.

Баспасөзде, кітап беттерінде қазақтың тұңғыш журналист қызы, көрнекті педагог, жазушы, аудармашы, Абай шығармаларын алғаш насихаттаушы Нәзипа жайында жиі айтылады да, Нұрғали жөнінде көп әңгіме болмайды. Нәзипаның оқып, білім алуына алғаш жағдай жасаған Н.Құлжанов екенін біреу білсе, біреу біле бермейді. 1899 жылы халықтың қаржысына ашылған Қостанайдағы педагогикалық гимназияда (Кос-танайская русско-киргизская женская промимназия) оқып жүрген Нәзипа оқуына төлеуге қаржысы болмай қатты қиналып, сонда сабақ беретін бір орта жастағы мұғалімге қайдан келгенін, әкесі Сегізбайдың кедей екенін, Торғайда Ғайнолла деген татарға жалданып, малын бағып, ақша тауып, өзін оқытқанын түгел жасырмай айтады. Мұғалім: «Шұбар болысында Нұрғали Құлжанов деген торғайлық жігіт бар, мұғалім, ол кісі жетім-жесірге қашан да жанашыр жан. Сол кісіге барсаң көмектеседі», – дейді. Нәзипа Нұрғалиға барып жағдайын түсіндіреді. Нұрғали оқуының ақшасын төлеп, өзін әдемілеп киіндіреді. Гимназия басшыларына әрі қарай да қаражатын өзі көтеретінін айтып, кепілдік береді. Нәзипа Қостанайда оқып жүргенде әкесі Сегізбай оны бір байдың баласына тұрмысқа беретін болып, уәделесіп, қалың малын алып қояды. Бұл әңгімені бір жанашыр адамы Нәзипаға хат арқылы хабарлайды. Нәзипа оны Нұрғалиға жеткізеді: Нұрғали: «Сен уайымдама, сауатың бар ғой, оқып жатырсың. Қостанайдың әскери губернаторына өзіңнің оқығың келетініңді, сүймейтін адамға барғың келмейтінін – барлық жағдайды айтып арыз бер», – деп ақылын айтады. Арыз бергесін әскери губернатор Нәзипаны шақырып алып: «Өзіңнің көңілің қалаған адамың бар ма?» – деп сұрайды. Нәзипа Нұрғалиды ұнататынын, бас бостандығын алса, сол кісіге тұрмысқа шығатынын жасырмай айтады. Губернатор «Нәзипа Құлжанованың бас бостандығы өзіне берілсін, қалың малға төленген мал мен қаражат Құлжанов Нұрғалидың әулетінен, яғни, Құлжан әулетінен өндіріліп берілсін» деген сияқты үкім шығарады. Алайда, қызды айттырып қойған жақ дау шығарып, Нұрғалидың үстінен «Құлжанның орысша оқыған Нұрғали деген баласы елді азғырып, үкіметке қарсы қойып жүр» деген сияқты арыз жазады. Оның үстіне Нұрғалидың туған-туыстары да «кедейдің қызы, орысша оқыған» деп, қосылғандарына ризашылық білдірмей, екеуін айырмақ болады. Іс насырға шаба бастаған соң Нұрғали мен Нәзипа Ресей оқу министрлігі жолдамасымен Семейде жаңа ашылған мұғалімдер дайындайтын семинарияға (қазіргі М.Әуезов атындағы педагогикалық колледж) барып, мұғалімдік қызметтерін жалғастырады.
Нұрғали «қазақ тілі мен әдебиетінен» сабақ беріп жүріп, Ішкі Ресейден саяси көзқарастары үшін жер аударылып келген адамдармен араласып, Семейдегі астыртын ұйымға, Семейдегі Географиялық қоғамына мүше болады. Семейдің Слабодка деген ауылында қазақша мектеп ашып, қазақ тілінде оқу құралы болмағандықтан, өзі қолжазба «әліппе» кітабын жазады. Бұл қолжазба сол кезде оқу құралы ретінде пайдаланылғанымен кітап болып типографиядан басылып шықпаған, кейін жоғалып кеткен. «Құлжановтар өмірінің Семей кезеңі қазақ өнері мен әдебиеті тарихында белгілі із қалдырған, – деп жазады профессор Темірбек Қожакеев. – «Біржан-Сара» айтысын алғаш сонда сахнаға шығарған солар, Қ.Сәтпаев, М.Әуезов, Ә.Қашаубаев, И.Байзақовтарды алғаш сахнаға тартқан да солар.

Ол Алтынсарин бастаған дәстүрді одан әрі дамытып, қазақ балаларына арнап сауат ашу мектептерін ұйымдастырады және сол мектептер үшін қазақ тілінің «әліппесін» жазу жұмысымен шұғылданады. Семейдің Слабодка деген аумағында қазақша мектеп ашып, сабақ үйретуді бастайды. Қазақ тілінде оқу құралы қат болғандықтан, тіпті болмағандықтан, өзі қолжазба «әліппе» кітабын жазады. Жас ұрпақты сол өзі жазып, қолжазба күйінде тараған кітаппен оқытып, білім нәріне бас қоюға күш салады. Туған өлке Торғай сыйдырмаған қос мұңлықтың ендігі тағдыры Семей қаласымен байланысып жатты.

Белгілі балалар жазушысы Сапарғали Бегалиннің де балалық шағы, оқу-білім алуы да осы отбасының өмірімен тікелей байланысты. Бала Сапарғалиды әкесі Семейге оқуға әкеліп, ерлі-байлы Құлжановтардың қолына тапсырады. Отбасындағы қораның атқосшысы болып жүріп, оқуға ден қойғанын, мұғалімдер жанұясы қол ұшын созып, білім алуына көмектескенін айтады. «Кешкілікте бір-екі сағат Назипаның өзі, кейде Нүкеңнің өзі сабақ үйретіп, жазу жаздырып, есеп көрсетіп оқытады. Күндіз Нұрғалиды Ертіс жағасындағы Городской школына алып барып салып, алып қайтам» деп еске алып жазады кейін жазушының өзі.

Екі жас Семей шаһарында мұғалімдік қызметпен қатар қазақтың салт дәстүрі, мәдениеті туралы Орыс географиялық қоғамының хабаршысына мақалаларын жиі жазып тұрған. Осы еңбектері үшін Нәзипа Құлжанова мен Нұрғали Құлжанов ашылғанына көп уақыт өте қоймаған Орыс географиялық қоғамына мүше болып қабылданған. Ғылыми-зерттеу мекемесіне айналған бөлімшеде ерлі-зайыпты Құлжановтар тарихи, этнографиялық, археологиялық және географиялық экспедициялар ұйымдастырып, қазақ халқы өмірінен көптеген құнды да қызықты материалдар жинауға атсалысты.

Орыс география қоғамының Семей бөлімшесіне әр жылдары қазақтар арасынан Әлімхан Ермеков, Жақып Ақпаев, Райымжан Мәрсеков, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Мұхаммет Хамитов, Арынғазы Абылайханов, т.б. арқасында сол еңбектер әлі күнге дейін өз мәнін жоғалтпай келеді.

1914 жылғы 26 қаңтарда императорлық орыс географиялық қоғамының Семей бөлімшесі ұйымдастырған, оның өзінде де Құлжановтар отбасының тікелей атсалысуымен өткізілген этнографиялық әдеби-музыкалық кеш Абайға арналады. Тарихта бұл әдеби кеш «Абай кеші» деген айтулы оқиға болып таңбаланып қалды. Абай кешін өткізіп тарихта қалды деп қазір жазу оңай, ал сол мәдени іс-шараны ұйымдастыруға рұқсат алу да оңай болмаған.  Патша үкіметінің қатаң бақылауына түскен қазақ әрекетіне оның мәдениеті мен әдебиеті, рухани мұрасы да тартылды. Бұл тәртіп бойынша көпшілік жиналатын жерде ойын-сауық өткізу үшін арнайы рұқсат қағаз жазылып, оған елге белгілі тұлғалардан отыз адамның қолын қойғызып, жергілікті әскери губернаторға өтініш жолдануы тиіс болатын. Осындай бір жапырақ қағаздың әуресі Құлжановтардың екі айға жуық уақытын алған.
Семей әскери губернаторы Тройницкийдің есігін тоздырып жүріп алған алақандай қағаз үшін ет жүректің қаншалықты қуанғанын сезсеңіз… Осыдан кейін барып өз елі мен жерінің үстінде өз тілінде ойын кешін өткізуге дайындық жұмысына кіріседі. Абайдың қайтыс болуының он жылдығына әдеби кеш ұйымдастырып, ұлы ақын мұрасы туралы Нәзипаның орыс тілінде баяндама жасайтыны да осы Семейде». Нұрғали Құлжановтан оқып, кейін ұстаздық қызмет атқарған Г.М.Хомутов 1906-1907 жылдары Семейде семинарияда оқып жүргенінде Нұрғалидан мәдениетті, орыс тілін таза сөйлейтін оқымысты қазақты бұрын-соңды көрмегенін, екі жыл сол кісінің пәтерінде жатып оқығанын, саяси әрі көркем әдебиеттерді көп оқитынын баяндай келіп А.С.Пушкиннің «Капитан қызы» повесін Құлжановтар үйінен тұңғыш көргенін айтады. Н.Құлжановтың көмегі арқасында оқып-білім алған С.Бегалин «Заман белестері» романында 1914 жылы, 26 қаңтарда өткен Абай Құнанбаевтың қайтыс болғанына 10 жыл толуына орай өткен тарихи әдеби кешке тоқтала келіп: «Ойынды аяқтап, қазақ ұлт әдебиеті-ойын кешінің тұңғыш шымылдығын ашқан саналы зайыптар Семей жұртшылығына бұрынғыдан да абыройлы көріне бастады… Ойынның артынан сол кешке жиналған 918 сом ақша қазақтың мұқтаж оқушыларына таратылды. Мысалы, Петербургта оқитын, Томда, Орынборда, Қазанда, тағы басқа жерде оқитын мұқтаж оқушылардың тізімі жасалып, соларға жіберілді. Түнек заманның түнерген бұлтынан жылт еткен сәуледей Семей оқытушылар даярлайтын мектептің оқытушысы Нұрғали Құлжанов, оның жары қазақтың сол кездегі аса мәдениетті оқыған қызы Нәзипа Құлжанова осындай бір игілікті істі бастап еді» – дейді.

Қазақ арасында бұрын болмаған театр өнері, актерлер ойыны мен сахна сыры ең алдымен осы Құлжановтар шаңырағында басталады. Әдеби кеш болатын күнге дейін Нұрғалидың үйі мәжіліс, басқосу, жаттығу өткізетін орынға айналды. Бұл міндетті мойнына алған екеу қазақ әдеби-мәдени кешінің жүргізу тәртібін, екі тілде (қазақша, орысша) бағдарламасын жасақтап, оны қаланың іші-сыртындағы қауымға таратады.

Сауық кешін ұйымдастырушылары Нұрғали мен Нәзипа және Абай балалары болғанымен, алғашқы үлкен мәдени кешке сол кезеңде Семей Мұғалімдер семинариясында білім алып жатқан қазақтың талапты жастары, атап айтқанда, болашақ ғұламалар Мұхтар Әуезов, Қаныш Сәтбаев, Семейдегі орыс мектебінің оқушысы жас Сапарғали Бегалин бір кісідей жүгіріп, атсалысқан. Бақсы ойыны жүреді дегенге ой-қырдағы қазақ түгел жиналуғаасыққыан, тіпті билет те табылмаған. Кеште Қаныш бірнеше күй тартып, ән салса, Мұхтар ойынның бағдарламасын жасақтауға, «Біржан-Сара» айтыс дастанын сахнаға ыңғайлап әзірлеуге көмектесті, Абай елінен әншілер мен күйшілерді шақырып, оларды ойынға қатыстырды. Бұл бастама кейін оның 1917 жыл Ойқұдықта «Еңлік-Кебек» қойылымын қоюға көп көмектескені айтпаса да түсінікті.

Профессор Темірбек Қожакеев: «Құлжановтар өмірінің Семей кезеңі қазақ өнері мен әдебиеті тарихында белгілі із қалдырған. «Біржан-Сара» айтысын алғаш сонда сахнаға шығарған солар, Қ. Сәтпаев, М. Әуезов, Ә. Қашаубаев, И. Байзақовтарды алғаш сахнаға тартқан да солар» деп жазса, жазушы С. Бегалин «Заман белестері» романында: «Ойынды аяқтап, қазақ ұлт әдебиеті-ойын кешінің тұңғыш шымылдығын ашқан саналы зайыптар Семей жұртшылығына бұрынғыдан да абыройлы көріне бастады… Ойынның артынан сол кешке жиналған 918 сом ақша қазақтың мұқтаж оқушыларына таратылды. Мысалы, Петербургта оқитын, Томда, Орынборда, Қазанда, тағы басқа жерде оқитын мұқтаж оқушылардың тізімі жасалып, соларға жіберілді. Түнек заманның түнерген бұлтынан жылт еткен сәуледей Семей оқытушылар даярлайтын мектептің оқытушысы Нұрғали Құлжанов, оның жары, қазақтың сол кездегі аса мәдениетті оқыған қызы Нәзипа Құлжанова осындай бір игілікті істі бастап еді», – деп еске алады [4].

«Ойынды аяқтап, қазақ ұлт әдебиеті – ойын кешінің тұңғыш шымылдығын ашқан саналы зайыптар Семей жұртшылығына бұрынғыдан да абыройлы көріне бастады. Бұрын от басында, затон астындағы госпитальдің фельдшерінің ғана келіншегі Тұрар Семей жұртшылығына сахна көркі болып танылды». Тұрар Қозыбағаров – атақты алаш қайраткері Ахметжан Қозыбағаровтың әйелі болатын.

Семейдің ой мен қырын, даласы мен қаласын түгел серпілткен айтулы оқиға жайлы мақала «Қазақ» газетінде 1915 жылғы 9 мамыр күні жарық көреді.

Нұрғали Құлжановтың жергілікті комитет жұмыстарының барысы мен олардың жұмыстарын тексеру мен қадағалау мақсатында Семейден шығып, өзге аймақтарға инспектор ретінде жіберілгені жайлы деректер сақталған. Мысалы, Қарқаралы уездік қазақ комитетінің құрылуы мен оның жұмысының басталуын да қатысқан делінеді. 1917 жылы Қарқаралы уездік қазақ комитетін құру үшін Семейдегі мұғалім Нұрғали Құлжанов және Николай Васильевич Вайсер екеуі комиссар ретінде Қарқаралыға жіберіледі. Оларға бұл жауапты шаруа сеніп тапсырылады. 15 наурыз күні Қарқаралыға жеткен комиссарлардың алдында жергілікті халықты Уақытша үкіметке сенім артуға шақыру міндеті тұрды. Нұрғали Құлжанов Аманбайдың үйіне, Вайсер Игнати Бабиннің үйіне келіп түскен. «1911 жылы Семей шаһарында иық тіресіп суретке түскен бұл екеудің жолы Қарқаралыда тағы түйіседі» деп жазылған .

Ақпан төңкерісінің буынан іле-шала 1917 жылғы 7 наурызында құрылған Семей облыстық қазақ комитеті «жаңа тәртіпті жұртқа түсіндіру, ел арасында тыныштық орнату, құрылтай жиналысына қамдану, қазақ пен орыс арасын жайластыру, билік құрған мекемелердің үстінен күзетші болу» секілді мәселелерді көтеріп, саяси-қоғамдық жұмыстың жүйелі басталуына әсер етеді. 28 наурызда осы қазақ комитетінің жалпы жиналысы болып, оның құрамы сайланып бекітіледі. Ал 25 сәуір мен 7 мамыр аралығында өткізілген Семей облыстық қазақ сиезінде қазақ комитетінің жаңа құрамының  төрағалығына Р. Мәрсеков, комитет мүшелігіне: Ж. Ақпаев, Х. Ғаббасов, М. Боштаев, Б. Сәрсенов, Ә. Ермеков, А. Қозыбағаров, Н. Құлжанова, А. Тарабаев, Ә. Молдабаев, М. Тұрғанбаев, Т. Ибрагимов, С. Сабатаев, Ы. Оразалин, М. Малдыбаев, А. Абылайханов, мүшелікке кандидаттар болып Ж. Аймауытов, Қ. Есенғұлов, Ш. Керейбаев, К. Дүйсебаев, Ж. Қияқов, М. Малдыбаев бірге Н. Құлжанов та сайланады.

Комитет 1918 жылдың шілдесіне дейін алаш ұлт-азаттық қозғалысы аясында көптеген жұмыстар атқарады. Атап айтқанда, олардың белсене араласуымен жер комитеттерін, «Алаш» партиясының облыстық және жергілікті комитеттерін, денсаулық сақтау, ұлттық білім беру жүйесін құру, шаруашылық жүргізу, әділ сот билігін, Земстволық басқаруды енгізу сияқты қыруар жұмыстар жүзеге асырылады. Маусым айының басында Алашорда үкіметінің іске кірісуіне байланысты бұл қоғамдық-саяси ұйым өз қызметін тоқтатады. Жалпы алғанда, бұл комитет өңірдегі ұлт-азаттық қозғалысының өрістеуіне, жалпы халықтың санасына азаттық идеяларын сіңіруге, жалпықазақ сиезін ұйымдастыруда, кейінірек Алаш партиясының, Алашорда үкіметінің саясатын жүргізуде үлкен тарихи еңбек атқарды.

Көзін көргендердің әңгімелеуінше және жазылған бірен-саран естеліктерге қарағанда, Нұрғали Құлжанов оқыған-тоқығанымен қоса, қашаннан-ақ жұртшылықтың үлкен құрметіне бөленген, зор амбицияға ие, мінезге де бай, кей жағдайда келіспейтіні болса, келіспейтінін айтып, ақырына дейін сол ұстанымында тұра алатын қайсар тұлға деп дәріптеледі. Оның алаш қайраткерлерімен бірде келісіп, бірде келіспей, қайбір сәттерде қарсылық танытып, өз ой-пікірін білдіріп отыруы сол туабітті мінез көрінісіндей болады да тұрады. Оның үстіне өмір бойы жинаған бай тәжірибе, көпті көргеннен сұра деген қазақ тәмсіліне салғанда жас үлкендігі бар, тағдырдың талай теперішін көрген үлкен басы бар, осылардың барлығын ескере келгенде алаш жолындағы кейбір келеңсіз әрекеттері мінезінен туындап жатуы әбден мүмкін.

Аяулы ақын Сұлтан Махмұт Семейдегі қазақ оқығандарын таныстырған әйгілі поэмасында «Қайратты, кең ойлайтын сабырлы адам, Жасымайтын, бермейтін жанға сырын. Турашыл жан бетіне қарамайтын, Онан келер зиянды санамайтын» деп сипаттайды. Ал Сапарғали Бегалин: «Нұрғали ағайдың мінезі қызық кісі еді, бір нәрсеге көңілденсе қауқылдап ағыл-тегіл сөйлеп, бала демей, шаға демей ойындағысын ақтара айтатын. Бір нәрседен көңілсізденсе қабағы түйіліп, селдірлеу мұртын қайырып қойып иегін сипай беретін» деп суреттейді.

Келеңсіз қылық пен кеселді мінезі үшін Нұрғалиды алаш тарапы түрмеге жапқанын Сәкен Сейфуллин растайды. Оның Алаш қайраткерлерінің іс-әрекеттерін жайынан хабар беретін «Тар жол тайғақ кешу» романында «Алашорда» Семейде «Совдепке кірдің», «Большевик болдың…» – деп, Нұрғали Құлжанұлын айыптап абақтыға жапқызды. Және елдегі болыстық дауларға, араздық партиясына қатынасып жатты. Семейдегі «Алашорда» мен Земство бастықтарының көбі Тобықты елінің ісіне көбірек қатынасты» деп жазады. Сәкеннің тобықты елінің ісіне көбірек қатнысты деп отырғаны – Нұрғалимен бірге абақтыға қамалған Мұсатайдың ісі.

Семейдің қазіргі Саржал жерінде бір мезгілде Мұсатай және Ике деген екі кісі қатар өтті, жай өтпей, бірімен-бірі алысып, қырқысып, жауласып өтеді. Былай қарап отырсаңыз, руы бір, бір атаның баласы екеуі де. Абай қақсап айтатын қазақтың партияшылдығы бұл екеуін де іліп әкетеді, екеуіне ерген ел де адасады. Осылайша туыс елдің арасы ашылады. Бірінің үстінен бірі арыз жазған екеуінің ісін С. Сейфуллин қатты шенейді. «Алашорда» бастықтарының бірі – Икенің туысқаны дегені Халел Ғаббасұлы, апайын алып отырған жездесі болатын. «Мұсатай Икеден таяқ жеген соң, Икені «Алашордалар» сүйеген соң, турашылықты Совдептен тапқан соң, большевиктерді, Совдепті қуаттамай қайтсін! «Мұсатай жауыз, ұсталсын!» деп «Алашорданың үкіметі» жарлық шығарады. Жарлыққа Бөкейханұлы қол қояды. Мұсатайды ұстатып, абақтыға жаптырады».

Ең қызығы, Мұсатай мен Нұрғали Құлжанұлын абақтыға жатқызуға Алаш қайраткерлерінің ішіндегі Мұхамеджан Тынышбайұлы қарсы болған. Бірақ өзгелері оның қарсылығын тыңдамай, соттаған. Сейфуллиннің басқа емес, осы Тынышбайұлына деген ілтипаты ерекше: «Алашорда» бастықтарының ішінде татулықты сүйгіші, сезгіш жүрегі Мұқаметжан Тынышбайұлы болған. Семейде әскери-майдан соты құрылмақ болғанда (военно-полевой суд) Тынышбайұлы қарсы болып айтысып, қарысып отырып, майдан сотын жасатпаған», – деген С. Сейфуллиннің дерегін Т. Жұртбай «Ұраным – Алаш» кітабында келтіреді.

Семейде Кеңес өкіметі жеңіске жеткенде Нұрғали Құлжанов баспахана меңгерушілігіне тағайындалады. Баспахананы халық игілігіне пайдалану керектігін жақсы түсінген ол 1918 жылғы маусым айында Сібірден келіп, Семей большевиктеріне шабуылға шыққан Колчак әскерінен сескенген баспахана қызметкерлері баспахананың машиналары мен басқа да жабдықтарын Ертіске батырып жібермек болғанда қарсылық білдіріп, баспахана қызметкерлерін айлықтарын төлеп, екі айға уақытша таратып жібереді. Бұл оның Колчак үкіметінің көпке бармай, құлайтынын сезгендігі еді.

Сол 1918 жылдары «Ярдам» баспаханасында әріп теруші болып істеген, 1917 жылы қазақ тілінде шығып тұрған «Халық сөзі» газетін ұйымдастырушылардың бірі Насыр Ешимов: «Сол айда Семейге келген Колчак ақ бандысы біздерді ұстап алып Халық үйіне (саяси-ағарту үйі) әкеліп, 24 сағат ішінде баспахана жұмыс істемесе «большевиктерді» жақтаушы ретінде өлім жазасын қолданатынын айтты, – дейді. – Алайда, Колчак үкіметінің үстемдігі ұзаққа бармады.

Ақ пен қызыл айқасып, бірін-бірі ысырып, ақырында 1919 жылдың желтоқсанында Колчак үкіметі құлап, Семейде большевиктер билік басына келеді. Жаңа үкімет жеңісін тағдыр теперішін сан мәрте көрген Нұрғали Құлжанов қуана қарсы алады. Ол осы кезеңде Семейдегі баспахананың меңгерушілігіне тағайындалады. Халық қазынасын Колчак армиясының талан-таражына айналдырмау үшін қарсы шығады.

Бірақ кетерінде Колчактың орталық штабы мен Семейдегі Алашорда комитетінің мүшелері Нұрғали Құлжановты атып кетті». Осы қайғылы оқиға жайында А.С.Яковлев «За власть Советов» кітабында, С.Бегалин «Замана белестері» романында егжей-тегжейлі жазыпты. Семинария ғимаратының екінші қабатындағы Н.Құлжановтың үйі сол кездегі Семей зиялыларының бас қосатын орталығы сияқты болады. Ахмет Байтұрсынов (Н.Құлжанов Ахметпен мектепте бірге оқыған, Ахметтен үш-ақ жас кіші, 1870 жылы туған), Мұхтар Әуезов, Әлмұқан Ермеков, т.б. ақын, ғалымдар бұл үйге жиі соғып тұрса, Сапарғали Бегалин, Мұсағали Қаңлыбаев, Дәмеш Ермекова, Ақан сері Қорамсаұлымен айтысатын атақты Сараның інілері, Маман Тұрысбектің балалары осы үйде жатып оқыпты. Мұсағали Қаңлыбаев бір естелігінде: «Сәлем берейін деп Нұрғали мен Нәзипаны іздеп келдім, – деп жазады. – Ол большевиктер жағына шыққаны үшін семинариядан қуылыпты. Мен барғанда туған Миллат атты ұлы өлген. Бір қазақтың үйінде залда тұрып жатыр екен. Бір келгенімде Нұрекеңді түрмеге жауып тастапты. Реніш үстінде өткен күндерде көрген-білгенді еске түсіре бастадым. Нұрғалиды ат арбамен шақырған жерге апарғаным есіме түсті. Мен ауыз үйде отырсам да, құлағым төр жақта болды. Сонда Нұрғалидың жиналған оқымыстылардың сөзін қостамай, үнемі қарсыласқаны есіме түсті. Шындығында да, ол кісінің әділет жолын жақтауы тым ерте басталған екен ғой. Оны әуелде мен ұқпаппын. Келсем Нәзипа апай Нұрекеңе тамақ апарғалы жатыр екен. Екеуміз бірге бардық. Нұрғалиды түрмеге қарсы арестанттар үйіне жауыпты. Нұрекең тордың ар жағынан қолын бұлғап, сабырлы сөйлесті.

Құлжановтар отбасының шарапатын бір кісідей көрген көрнекті балалар жазушысы С. Бегалин «Заман белестері» атты романында қайраткердің ақтық сәтін жары Нәзипамен екеуара әңгімеде егжей-тегжейлі баяндайды. Көп уақыттан соң, Семейге жолы түсіп, үйге соққан Сапарғали Нәзипа мұңлықтың «Ағаң жайын естіген боларсың. Құтырған қасқырдай қағынған ақтың жауыз жендеттері ақыры түбіне жетті» деп көзіне жас алып, біраз уақыт отырып қалғанын жазады.

Нәзипа Сегізбайқызының әңгімелеуінше, Нұрғалидай арыстың қазасы былай болған: өз ойлағаны болмаса, оңай илікпейтін жолдасын «сақтан, тіпті қырға шығып кет» дегеніне көндіре алмайды. «Жан сақтай алмай сүмеңдеп қашып-пысып жүрген ақтың азғындарынан қорқып қырға шықпаймын» деп қасарысып тұрып алған. Бұған дейін бақылауда жүрген оған бір күні кешкісін екі әскери адам келіп, «штапқа шақырып жатыр» деп алып кетеді. Жарының «мыналардың түрі жаман екен, барма» дегеніне көнбестен, баратын болып, киініп алады. Сол кеткеннен оралмайды. Таң ата штапқа барған Нәзипа Құлжанова жолдасының қайда кеткенін біле алмай, кері, үйге қайтады. Есік алдында бір топ адам, жолдастары күтіп, қайғылы хабарды естіртеді.

«Мұғалім Нұрғали Құлжановты ақтың солдаттары қашып бара жатқан жерінен атып өлтірді» деген хабарламаны 1919 жылдың 27 қарашасында «Сарыарқа» газетінен оқыдым да, Нәзипа апайды іздеп үйіне бардым. Нұрғалиды ақтар далаға алып шығып атқан екен. Бейіт басына көп адам жиналып, жерлепті. Олардың арасында орыстар, татарлар, басқа да ұлт өкілдері болған екен» деп еске алады қайғылы жайтты Мұсағали Қаңлыбаев.
Сұлтанмахмұт Торайғыровтың поэмасында қайраттылығын, кең ойлап, кең пішетін сабырлылығын, жасымайтынын, көпке сырын аша бермейтінін, шындықты бетке айтатын турашыл жан екенін айтып, жақсы баға беруі, Сәкен Сейфуллиннің өзінің «Қызыл сұңқарлар» пьесасын арнап жазған ардақты, ардагерлер қатарында Нұрғали Құлжановты атауы оның өз замандастары мен тұстастары арасында қадірлі азамат болғанын аңғарта түседі. «Қарт Ертістің Семей өңірінде өздерінің қысқа да саналы ғұмырын өткізген аяулы екі азамат жайлы әңгімелер әлі күнге таусылмай айтылып келеді. Тағы да құлақ тосасың, тағы да ойға батасың. «Апыр-ау, неткен ғажап адамдар еді бұл, ерлі-зайыпты Құлжановтар деген екі жас!» – деп еріксіз толғанасың. Әсіресе, патшалық заманның өзінде олардың тікелей ұйымдастыруымен 1914 жылы Семей қаласында өткізілген сол бір кеш ойға қайта-қайта орала береді. Семейдегі Абайдың мемлекеттік мәдени-тарихи және әдеби-мемориалдық музейінің бүгінде көрермендері көп. Әсіресе оның «Абайтану» залына қойылған экспонаттардың бірі – үстіміздегі ғасырдың басында осы Семейде тұрып, халық ағарту жұмыстарымен шұғылданған ерлі-зайыпты Нұрғали мен Нәзипа Құлжановтардың суреттері тұсына келгенде олар сол жансыз бейнеден күні бүгінге дейін өздеріне жұмбақ болып келе жатқан талай сұрақтарға жауап іздейтіндей тесіле қарап, ұзақ аялдайды», – деп семейлік М.Имашев жазғандай, халқының қамын ойлап жарғақ құлақтары жастыққа тимей, жастық шақтарын сарп етіп, халқымыздың рухани дүниесін байытуға үлес қосқан қос қайраткер жайында біз не білеміз? Олар осы Қостанай құшағынан қанаттанып ұшқан қарлығаштар емес пе еді?! Қаламызда ерлі-зайыпты Құлжановтарды еске түсірерлік қандай белгі бар? «Өлі риза болмай, тірі байымайды». Халық қамын ойлаған адам – халықтың ұлы, оны ешқашан ұмытпауымыз керек, қайта ұлықтауымыз керек.

ХХ ғасыр басындағы қазақ мәдениетінің қос қарлығашы Нұрғали мен Нәзипа Құлжановтардың шаңырағында сәбидің іңгәсі естілген. Олардың Миллат атты ұлы болыпты. Бұл баланың өмірі өте қысқа болды да, ол жайлы деректер тіпті жоқтың қасы. Ал Нәзипа Сегізбайқызы 47 жасында 1934 жылы бұ дүниеден бақиға өткен екен. Қиын кезең, ауыр тағдыр жолы бұл шаңыраққа мұрагер қалдыруды жазбапты. Десе де, дәтке қуат ететіні, ең маңыздысы да, жақсы да ғибратты өнеге қалдыра алуында жатыр.

Ерлі-зайыпты екеудің артындағы құнды қазынаны тірнектеп жинап, зерттеген адам – Мұратқали Қамалов. Нәзипа Құлжанованың жақын туысы боп келетін бұл кісі қос ғашықтың тағдыр-тауқыметін бүге-шігесіне дейін білетін. Ол Арқалық қаласының әкімдігіне қайта-қайта кіріп жүріп, Арқалық педагогика училищесіне Нәзипа Құлжанованың есімін бергізді. Сол училищенің өзінде Нұрғали мен Нәзипа Құлжановтарға арналған шағын мұражай жасақталуына атсалысты.