ХХ ғасыр басында  Сұлтанмахмұттың сөзімен айтқанда, «қараңғы қазақ көгіне өрмелеп шығып күн» бола білген, қазақтың тіл ғылымынан бастап, әдебиет, музыка, түркология сынды ғылым салаларының негізін  салған, феномен ғалым Құдайберген Жұбанов еді.

Профессор Қ. Жұбанов бұл саладағы зерттеулерінде қазақ тіліндегі буындардың бірігуі немесе олардың орын алмастыруы, сондай-ақ екпін, әсіресе сингармонизм заңы секілді құбылыстардың һәммесі сөз элементтері арасында берік байланыстың болуы үшін қызмет ететін категориялар деген ғылыми қорытынды жасайды. Қ. Жұбанов қазақ фонетикасының пәнін анықтап, дыбыстардың жіктеліс жүйесін саралауда қисапсыз мол еңбек етті. Өзінің қазақ әліпбиі (алфавит), емлесі және өзге де қолданбалы салаларына арналған еңбектерінде сол кездегі фонологиялық ілімнің қағидаларына сүйенді.

Грамматика оқулығынан тыс Қ. Жұбанов 1936 жылы орта мектептің 5-7 кластарының қазақ тілі оқу бағдарламасын түзді. Бұл бағдарлама қазақ тілі пәнін ғылыми зерттеудің объектісіне айналдыруды көздеген алғаш жарық көрген құжаттардың бірі болды. Мұнда ғалымның құрмалас сөйлемнің синтаксисі жөніндегі көзқарасы мейлінше толық баяндалған болатын. Республикадағы ағарту ісі қайраткерлерінің аға өкілдерінің бірі А. Сытдықов бұл бағдарлама туралы былай деп жазған еді: «Жаңа бағдарлама қазақ тілінің өсу, кемелдену жайын ескеріп жасалған тың еңбек болды… Мұнда емлеміздің жаңа жазуымызға лайықталған нұсқасын жасау, қоғамдық-саяси терминдер мен жер-су аттарын жаңаша жазу мәселелері толық қамтылған».

Халық ағарту ісіне жан-тәнімен берілген тамаша педагог Қ. Жұбанов көптеген мектеп мұғалімдерімен толассыз хат жазысып, хат алысып тұратын. Хаттарында методикалық кеңестер беретін, ана тілін қалай оқытудың әдістерін түсіндіретін, грамматиканың, методиканың, терминологиялық сан қилы мәселелері туралы сөз қозғайтын. Осындай хаттарының бірінде қазақ тіліндегі көнеріп, ізі өшіп кеткен тұлғаларды балаларға үйретудің жолын былай нұсқаған-ды. «Кейде оқыту ісіндегі қиындықтың оқулықтың кінәсіне байланысты болмай, мұғалімнің өз басына байланысты болатын кездері бар. Сенің оқулыққа қойып отырған кінәратың, маған кінә сенің өзіңнен емес пе екен деген ой салды, өйткені бұл жайында маған сенен бөтен ешкім жаза қойған жоқ. Қандай қиындықтарға душар болсаң да маған хат арқылы жазып тұр. Егер менен кеткен кемшіліктер болса, дәлелде, мен де өз дегеніме бұрып, қарыса бермеспін». Педагогтік институттың құрметті профессоры бір ауыл мұғаліміне жазған хатында осылай деген еді.

Осындай бір үзік сырлар Қ.Жұбановтың қазақ мектептері тарихында алатын орнының ерекше екенін дәлелдесе керек.

Әрине, әрбір зерттенімпаз ғылым жолында жүрген адамның ісінде кейде селкеу шығып жататын жайлардың да болып қалуы ғажап емес қой. Бұл да бір әр пендеге тән, заңды құбылыс па деп ойлаймыз. Өзі қамшы салдырмай бұрқыратып жазып жүрген кездерінде, тым тәуір-ақ еңбектерін бірінің үстіне бірін беріп, қазақ тілі жөніндегі ғылымның көсегесін көгертіп жүрген кезінде бірер жерде аяғының кібіртіктеп кеткен ыңғайы да байқалған кездері бар. Мәселен, әбден ет-еке боп елдің құлағына сіңіп кеткен терминдерді құбылтып басқаша қолдануын жөн дей алмаймыз; жұрнақ дегенді үстеу деп, жалғаулықты – жалғауыш дегеннен ештеме ұтып тұрмағанымыз кәдіксіз.

Кезінде Қ.Жұбанов жазған оқулықтың мұғалімдер қауымынан жоғары баға алғаны белгілі. Бірақ кісінің жеке басына табыну етек алып тұрған кезде оның еңбектерінің орынсыз сынға ұшырағанын да білеміз. Қ. Жұбанов еңбектерінде ол ұсынған грамматикалық қағидаларда зиянкестік бар деп жазғандар да болды. Енді міне Қ. Жұбановтың құрметті есімі ақталып, аршылған тұста осы бір ғылым еңбекқорының еткен ісін елге таныту – біздердің борышымыз. Қ. Жұбановтың мақалалар сериясының енді бір тобының қазақ тілінің емле, терминология, методика сияқты практикалық мәселелеріне арналғаны мәлім. Ол кісі – республикадағы тілдік құрылысмәселесіне өте белсене араласқан адам. 30-жылдардағы қазақ емлесінің жайын әңгіме қылатын бір архив дерегінде былай делінген: Бөгде тілден енген сөздер мен терминологияның емлесінде күні қазірге дейін созылып келе жатқан ала-құлалықтар бұл мәселені мықтап қолға алу туралы Ағарту халық комиссариатына қозғау салғаны сөзсіз. Айталық, «коммунист немесе комиссарша» деген секілді сөздерді бес-алты үлгіде жазып келгеніміз белгілі. Мұны қалай да жөндеуіміз керек. Емле жобасын жасау, терминология ережелерін түзу жұмысы Қ. Жұбановқа тапсырылған болатын. Ол өз жобасын алдымен Өлкелік комитеттің үгіт-насихат бөлімінде талқылауға ұсынып, содан кейін оны Алматыдағы мәдениет қызметкерлерінің кең талқысына салды. Талқылау төрт күні ҚазПИ-де өтті. Талқылау өте қызу өтті, оған жергілікті халық өкілдері де, сондай-ақ студенттер де қатынасты.

Бұл құжатта әрмен қарай Қ.Жұбановтың еткен еңбегінің ғылыми дәлелді екені, оның қисынсыз еместігі, ғалымның бұрыннан белгілі ізбен кетпегені айтылады. Өзінің ғылыми тұжырымдарының бәрін автор мұнда қазақ тілінің табиғатынан шығарып барып, оның фонемалық құрамын ескере отырып айтқан. Жобаның авторы ретінде Қ.Жұбанов қазақ тіліне шет тілден енген мұндай сөздерді бағзы қалпынан өзгертпей жазуды ұсынды. Бірақ бұлай жазу ол кездегі қазақ қауымы үшін аса қиындық келтіретін болғандықтан жоба қабылданбай қалды. Өйткені ол жылдарда мұны түсінерліктей теориялық дайындығы бар мұғалімдер, сондай-ақ өзге кадрлар республикамызда тым аз еді. Сондықтан жобаны, шет сөздерді жазу туралы ондағы ұсынылған ережелерді уақытша тоқтата тұруға тура келді.

Қ. Жұбановтың бұл жобасын белгілі түрколог С.Е.Малов өте жоғары бағалады. Қазақстандағы мәдени құрылыс жұмысына арналған 1935 жылғы мәслихатта: «Профессор Қ. Жұбановтың жобасы әрі ғылыми, әрі ол принциптік жағынан маңызды» – деп атады.

Қ.Жұбанов ол жылдарда Республика үкіметі жанындағы терминология мен емлені үйлестіру орталығын ұйымдастырушылардың бірі болатын. Мәдени құрылыс жөніндегі съезд қарсаңында Қ. Жұбановтың басшылығымен Мемлекеттік терминкомның бюллетенінің төрт нөмірі басылып шықты. Бюллетень емле жобасы мен көп ғылым саласы бойынша қазақша терминдердің үлгісін жариялады. Қ.Жұбановтың өзі Бюллетень бетінде емле мен терминология мәселелерін сөз еткен бірнеше мақала жариялады. Олардың бәрінде терминдердің ерекшелігі, емле мәселелерін сөз етті. Бұл мақалалар мұғалімдер үшін әлі күнге маңызын жойған жоқ.

Қ.Жұбанов емле ережелерін жүйелеу жағына қатты көңіл аударды. Емлені мектеп оқушыларын сауатты жазуға баулу мен республикадағы ересектерге хат білдіріп, қара танытуға қажетті құрал деп есептеді.

Төңкеріске дейін берік дәстүрі болып көрмеген қазақ тілінің емлесі арқаны, негізінен фонетикалық принципке сүйеді. Ал морфологиялық принцип болса, ол да осы принципке қарайластырыла жүргізілді. Әрине, өзге белгілі ғалымдар сияқты Қ. Жұбанов та фонетикалық принциптің сөздің сыртқы пішініне сүйеніп жүргізілетін, ал морфологиялық принциптің түбір сөзді сақтауға байланысты болатынын жақсы түсінді. Өз зерттеулерінде осы екі принципті бір-біріне орайластыра, жабыстыра отырып пайдаланды.

1938 жылы қазақ емлесінің кей мәселелері ішінара жүйеге түсірілгені мәлім. Қазақ әліпбиінде бұрын жоқ ф, х дауыссыздарының да енгізілгені осы кез болатын. Бұл латынға негізделген жазу емлемізді орыс емлесіне қарай бейімдей түсуге көмектесті. Асылында, ф, х әріптерін ендіру жөніндегі идея да Қ. Жұбановтікі болатын, бірақ бір мәнәйі себептермен оны тоқтата тұруға тура келген-ді. Олай дейтініміз, Мемлекеттік терминология комиссиясының Ағарту халық комиссариаты жанындағы Бағдарлама-методика секторымен 1934 жылдың 27 қарашасында бірігіп өткізілген бір мәжілісінің бағдарламасында Қ. Жұбанов өзінің термин жасау мен оны бекітуге арнаған баяндамасында емле жобасын ұсынып, онда халықаралық терминдерді дұрыс жазу үшін қазақ әліпбиіне ф, х дыбыстарының таңбасын ендірудің қажет екендігін айтты деп көрсетілген. Бірақ мәжіліс: «Өкілетті орындармен келісіп алғанға шейін ф, х әріптерін қазақ жазуына ендіруді әзірге тоқтата тұру керек. Оған дейін бұл мәселе төңірегінде кең көлемді айтыс ұйымдастыру керек» – деп қаулы алып, ұсынысты қабылдамай қойды.

у, и дыбыстарының жазылуын оңайлату жөніндегі ұсыныс та Қ. Жұбановтікі еді. Бұлардың әрқайсысы қосар әріппен белгіленіп келген болатын. Бұл идеяның тек 1957 жылы ғана жүзеге асқанын бәріміз жақсы білеміз.

Тіл құбылыстарын зерттеуге жаңа тұрғыдан келуі жағынан болсын, филология саласындағы мамандарды әзірлеуге белсенді араласуы жағынан болсын Қ. Жұбановты қазақ тіл білімінің негізін салушылардың бірі деп қарауға әбден болады.

Осы бір ғана мақалада Қ. Жұбановтың тіл білімі саласындағы ойға түйген нәрселерінің, идеяларының қаншалықты жүзеге асқанын анықтап шығу, әрине, мүмкін емес. Қ. Жұбановтың тіліміздің грамматикасы, фонологиясы, лексикологиясы және қолданбалы мәселелері хақындағы айтқандары, тұжырым-толғамдары, қағидалары біздің дәуіріміздің зерттеушілерінің еңбектерінде жүзеге асып жатыр, солардың ғылыми жұмыстарында әр түрлі дәрежеде көрініс тауып жатыр десек, артық айтқан болмаймыз. Қ.Жұбанов идеялары мен айтқандарының біздің қазіргі ғылымымызда қаншалықты жүзеге асқанын анықтау – арнаулы зерттеулердің тақырыбы болуға әбден лайық.

Біз Қ.Жұбановтың ғылымда кім екенін ел-жұртқа таныстырмақ болған ойымызға орай ол кісінің көзін көрген, қазақ тіл білімі саласында бірге қызмет істескен әріптесі ретінде Құдекеңнің жеке басына қатысты жайлардан оқушыларды хабардар ете кетсек пе деп отырмыз.

Ең алдымен бұл кісінің нағыз еңбеккер адам болғанын айтқым келеді. Әріптестері мен шәкірттері ол кісіні қатты сыйлап, зор ізет, құрмет тұтатын. Өзі қаншалық зор білімдар, асқан мағлұматты адам болғанымен, өзін әлбетте пәс ұстайтын, ғажайып сыпайы адам болатын, бір нәрсеге дауысын қаттырақ көтеріп, күйгелек мінез көрсеткенін өз басым байқаған емен. Бірақ өз пікірін дәлелдеуге келгенде зор айтыскер адам еді. 20-30 жылдардағы қазақ тіл білімінің проблемалары жөніндегі барлық істің басы-қасында жүретін. Қазақ тіл білімінің практикалық мәселелері болсын, теориялық мәселелері болсын бұлардың дамуына бұл кісінің игі ықпалы мейлінше зор болды. Тіл жөніндегі айтыс-тартыстардың бәрінде де, түптеп келгенде, осы кісінің пікірі өтетін. Ешкіммен қатты сөзге бармай-ақ білімінің арқасында үнемі жеңіп шығатын. Ауызша сөйлегенде де, жазып сөйлесе де ойларын қысқа тұжыратын. Ойының дәлелділігінен болуы керек бұл кісімен сөз жарыстырған қарсыластары тез келісетін. Осы секілді қасиеттері мен зор білімдарлығы ол кісіні қазақ зиялылары арасында зор ізет-ілтипатқа ие етті.

Қ.Жұбанов біреумен дүрдараздыққа еш уақыт барған адам емес. Кісіге еткен жақсылығын әсте міндет етіп көрген емес. Адамның білімге деген құштарлығы мен басына біткен қабілеті, дарыны – ол кісі нағыз қастер тұтатын нәрселер болатын. Бір жастың бойынан ғылымның, я өнердің бір саласына деген бейімділікті, талпынысты сезе қалса, соған көмектесуге, қалай да шылбыр ұшын беруге даяр тұратын. Ол үшін өзінің қолынан келгеннің бәрін істеп бағатын. Абай атындағы Қазақтың педагогтік институтында профессор болып істеп жүрген кезінде Ғ.Мұсабаев деген бір ізденгіш, тіл ғылымына бейімділігі бар студентті байқап қалып, ол баланың білім алуына, лингвистика саласына деген талабына қошеметті болып, көмектескенін әлі ұмытқан жоқпын. Ең соңғы курста оқып жүрген Мұсабаевты оқуын бітірмей жатып Ағарту халық комиссариатындағы бағдарлама-методика секторына нұсқаушы методист етіп жұмысқа алғызғаны бар. Бұл жөнінде кейін Қазақстан ғылым академиясының корреспондент мүшесі болған профессор Ғ.Мұсабаев былай деп айтып отырады: «Студент боп оқып жүрген кезімде, лекциядан босаған сәттерде Ағарту комиссариатына баратынмын, маған жетекші Қ.Жұбанов әр барған сайын топ-топ ғылыми кітап дайындап қойып, оқып шық, таныс дейтін. Оларды белгілі бір уақыт ішінде оқып шығуға тиіс болатынмын. Солармен әбден танысып болғаннан кейін, әлгі кісі не біліп, не қойғанымды тексеріп, менен бейне бір емтихан алып отырған адамша сұрақтар қоятын, әрмен қарай өзі түсіндіріп, өзі айтып кететін. Соның арқасында мен Пешковскийдің, Обнорскийдің, Бодуэн де Куртэнэ, Радлов, Мелиоранский, Казамбек еңбектерімен сол кезде-ақ таныс болдым».

Қ. Жұбанов өзінің студенттерінің арасынан ең қабілетті дегендерін таңдап алып, осыдан бірдеме шығады-ау дегендерін ірі оқу орындарына орналастыруға көмектесетін. Осы кісінің көмегі арқасында республикамызға бұл күнде аты мәлім ғалымдар Қазақстан Ғылым академиясының корреспондент мүшесі, профессор М. Балақаев, филология ғылымының докторы, профессор М. Қаратаев Петерборға аспирантураға жіберілген еді.

Жалғыз жастар ғана емес-ау, кім болса да, ғылымның қай саласымен айналысқысы келсе де Қ. Жұбанов үшін… бәрібір еді, ол елдің бәріне де көмектесуге әзір тұратын. Оның өнерге, техникаға ұмтылған адамдардың талайына ақыл-кеңес беріп, білімін әрмен қарай жалғастыруға септік еткен жайлары көп. Өзінің туған інісі Ахметтің музыкаға қабілетін ерте танып, өзімен бірге Петерборға ала кетіп, консерваторияға оқуға түсіреді. Ахмет Жұбанов қазақ халқы тарихында – музыкалық жоғары оқу орны – Санкт-Петербург консерваториясын бітірген тұңғыш қазақ болды. Өзіне жақындап кеткен бір ғана адам болса, Құдекең бәріне шарапатын тигізгенше асығатын. Оларды оқуға, білімге тартуды өзінің мойнына біреу міндеттеп қойғандай борыш санайтын. Кейіннен КСРО Архитектура академиясының мүшесі болған, ол кезде бала жігіт, белгілі қазақ архитекторы Төлеу Бәсеновтің Петербордағы инженерлік құрылыс институтына түсіп кетуіне тікелей көмек көрсеткен адам – осы Құдайберген болды. Қазақстанның еңбек сіңірген суретшісі Әубәкір Ысмайылов, Қазақстан өнеріне еңбек сіңірген қайраткер Асқар Тоқпанов, тағы басқа да осындай көп кісілер Қ. Жұбановты өзінің «әкесі» деп есептейді. Қазақтың белгілі жазушысы Хамза Есенжанов Қ. Жұбановты «әти» деп кеткен. Бұл – ол кісіге ерекше ілтипат білдіре айтқан «әке» деген сөз.

Өзінің отбасы, ошақ қасына деген сүйіспеншілігі ғаламат болатын. Балаларына еміреніп тұратын. (Ол кісінің үш ұл, үш қызы бар). Балаларының бәрі де жоғары білім иелері. Олардың білім алып, ер жетуіне көп еңбек еткен адам – Құдайбергеннің зайыбы Раушан Жұбанова.

Профессор Қ. Жұбановты қазақ зиялылары, ағарту саласының қызметкерлері өте жақсы білетін. И. И. Мещанинов, А. Н. Самойлович, В. В. Бартольд, С. Е. Малов, К. К. Юдахин, А. К. Боровков сынды ірі орыс оқымыстылары Қ. Жұбановты білікті ғалым, лингвист ретінде ерте танып бағалады.