
Түркістан облысын өндірісі дамыған өлкеге айналдыру жолындағы жұмыстар белсенді жалғасып келеді. Өңірдің экономикалық әлеуетін арттыру, кәсіпкерлік саласын дамыту және инвестиция тарту мақсатында маңызды жобалар мақұлданып, кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Аталған саладағы өзекті мәселелер Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтың төрағалығымен өткен инвестштаб отырысында талқыланды.
Мәжіліске облыс әкімінің орынбасары Талғат Қозбеков, Өнеркәсіп және индустриалды-инновациялық даму басқармасы басшысының міндетін атқарушы Қанат Шонбасов, Кәсіпкерлік және сауда басқармасының басшысы Нұржігіт Мырзахметов және салаға жауапты басқа да мамандар қатысты. Жиында облыс басшысы аудан, қалалардағы индустриалды аймақтар мен кәсіпкерлік нысандарды кеңейту мәселелерін пысықтап, сала мамандарына өңірдің инвестициялық жағдайын жақсартуды тапсырды.
Күн тәртібінде Түркістан қаласы, Сайрам, Сауран, Ордабасы, Бәйдібек аудандарындағы инвестициялық жобалардың жүзеге асырылу барысы жан-жақты қаралды. Атап айтқанда, Түркістан қаласында орналасқан «PSI Machinery» ЖШС тау-кен металлургия кешеніне қажетті ауыр жабдықтар шығаратын зауыттың құрылыс жоспары, «Turan» АЭА аумағында жүзеге асатын екі жаңа жобаны іске асыру мәселелері сөз болды.
Сонымен қатар Сайрам ауданындағы «KUZOV KARABULAK» ЖШС арнайы техника құрастыру зауытының құрылысы, Бәйдібек ауданындағы «AMANAT AGRO BAIDYBEK» АӨК мақта өңдеу мен тамшылатып суару зауытының құрылыс жұмыстары, Түркістан қаласындағы «Hygeia Textile Kazakhstan» ЖШС мата зауытын салу, иірімжіп өндіру және джинс маталарын шығару зауытының құрылысы «Qaz Natural Laminat» ЖШС еден жабындарын өндіретін зауыттың құрылысы (I кезең) бойынша ағымдағы жағдайын «HUATING BIOTECHNOLOGY Co.,LTD» ЖШС ірі қара мал сүйегінен май және желатин компоненттерін өңдейтін зауыттың құрылысы мен «Samruk Signal Systems KZ» ЖШС-ның радиостанциялар мен басқа да электрондық құрылғылар өндіретін зауыт құрылысының жай-күйі пысықталды.
Жалпы облыс көлемінде кәсіпкерлік нысандардың қатары артса, енді бірінің іргетасын қалау жұмыстары жалғасып келеді. Түркістан облысының экономикалық өсімі мен индустриалды даму бағыты қарқынды жалғасып, аймақта іске асқан инвестициялық жобалар оң нәтижесін беруде.
Жаңа инвестициялық жобалардың жүзеге асуы Түркістан облысының болашақтағы дамуына зор ықпал етіп, өңірдің экономикалық әлеуетін арттырады. Тұрақты даму мен қолайлы инвестициялық ахуал қалыптастыру мақсатында атқарылып жатқан шаралар өңірдің әртүрлі салаларында жаңа мүмкіндіктер туғызуда. Бұл, әсіресе, индустриалды аймақтар мен кәсіпкерлік нысандардың кеңеюіне әсер етеді. Әкімдік тарапынан жүзеге асырылып жатқан жұмыстары мен қаржылық қолдау инвесторлардың қызығушылығын арттырып, жаңа кәсіпорындар мен өндіріс орындарының құрылысын тездетуде.
Сондай-ақ, Түркістан облысындағы әрбір жаңа жобаның іске қосылуы жұмыспен қамту мен жергілікті тұрғындардың әл-ауқатының жақсаруына да ықпал етеді. Мәселен, ірі өндіріс орындарының құрылуы мен қызмет көрсету саласындағы жаңа нысандардың ашылуы өңірде жұмыс орындарын көбейтуге мүмкіндік береді. Жергілікті өнім өндірушілер мен кәсіпкерлердің бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін жаңа технологиялар мен әдістерді қолдануға көңіл бөлінуде. Бұл жұмыстардың нәтижесінде облыс экономиканың әртүрлі салаларында тұрақты өсімге қол жеткізуі мүмкін.
Аталған жобалардың сапалы әрі тиімді жүзеге асырылуы Түркістан облысының индустриалды дамуын жаңа деңгейге көтереді. Алдағы жылдары аймақтың инвестициялық тартымдылығын арттыру үшін жергілікті билік қосымша қадамдар жасауға дайын. Инфрақұрылымды жаңғырту және кәсіпкерлік экожүйесін қолдау бағытындағы жұмыстар аймақтың әлеуметтік және экономикалық тұрғыда дамуына қуатты серпін береді.
