38 жасында жазықсыз жала құрба­ны болған ғалым ҚазПИ-де кафед­ра меңгерушісі, КСРО Ғы­лым академиясы Қазақ фи­лиа­лының тіл, әдебиет секторы же­­текшісі, халық ағарту комис­сариатының коллегия мүшесі және әдістемелік – авторлық оқу­лықтар секторының мең­ге­ру­шісі, Ұлт мәдениетін зерттеу институтының ғылыми кеңе­сі мүшесі және тілтану бөлі­мінің меңгерушісі, термин­ком төрағасы, Қазақстан орталық атқару комитетінің мүшесі қыз­метінде қыруар шаруа ат­қарды.

Қ. Жұбанов тек түрік және басқа тілдердің білгірі ғана емес, сонымен бірге ерекше публицист болатын. Оның «Күй» деген еңбегі мәселенің қойылысы тұрғысынан да, нақтылы деректерінің молдығы тұрғысынан да өте бір тың дүниелік болатын. Мұнда автор күй, домбыра, қобыз, жыр, толғау, бақсы, сыбызғы, ән, би тағы басқа музыкалық терминдерге тарихи-лингвистикалық талдау жасайды.

Татар жұрты үшін ән де күй, күй де күй, ал қазақтар болса, тек домбыра мен қобызда тартылатын аспаптық музыка жанрын ғана күй деп біледі. Бұл сөздің өзге түркі тілдердегі фонетикалық нұсқасы да түрлі-түрлі. Мысалы, шағатай , ұйғыр тілдерінде, сондай-ақ анадолы түріктерінде ол көк деген нұсқада қолданылады. Мұның дәлелі үшін автор М. Қашқари сөздігінен Ол көк ләнәр деген мысал келтіріп, оны қазақша «Ол ән салып тұр» деп аударады. Қазақ сөзі ән дегеннің түріктердегі көк сөзімен мәндес келуі, қазақ музыкасында күй мен әннің бір-бірінен жігінің бірі аспаптық, бірі вокалдық жанрды білдіретін болып жіктеліске түсуі – кейінгі бір дәуірлердің жемісі екенін аңғартады дейді зерттеуші. Күйдің дербес музыка жанры болып қалыптасуы жөніндегі алғашқы деректі автор XVI ғасырда жазылған еңбектерден алған. Иран музыкашысы Әбдул-Қадыр Мұрағидың «Зүбдатил Әдвәр» деген кітабында сол XVI ғасырдың өзінде түрік-моңғол мелодиясы үш салаға бөлінетіндігін айтқан көрінеді. Олар: аспаптық түр – көк һа және вокалдық түр – ыр және дола. Осыларды келтіре отырып, Қ. Жұбанов олардың қазақша баламаларын көрсетеді.

Көк һа – бұл күй сөзінің көпше тұлғадағы түрі, ыр қазақтағы жыр сөзімен сәйкес келеді (қырғыздар күні қазір де бұл сөзді ыр деп қолданады), дола – толғау (әндетіп айтатын өлең үлгісі). Қазақ тіліндегі жырламақ, толғамақ деген секілді жыр, толғау деген сөзден жасалған етістік тұлғасына кей түркі тілдерде, мәселен, түрік тілінде, даламақ етістігі тура келеді.

Қазақ сөзі әнге келетін болсақ – дейді автор – ол түркі түбірлі сөз емес, ол – кейініректе иран тілінен енген кірме сөз. Оның алғашқы нұсқасы оһәник. Біздегі ән сөзінің басындағы ә қазақ тілінде кейіннен араб-иран кірмелері арқылы пайда болған, бұл – араб-иран сөзінің ассимиляциялық құбылуға ұшыраған түрі. Халықтық музыка жанрындағы терминдерді жүйелеу, талдау арқылы түркі тілдердің тарихи-лингвистикалық даму заңдылықтарына сүйене отырып, сондай-ақ Әбдул-Қадыр Мұрағи, Рауар Екта, Әл-Фараби, Кизеветтер, Беляев, Успенский, профессор Фитрат, профессор Оганезашвили сынды музыка зерттеушілерінің еңбектерінен дәлелдер келтіре отырып, Қ. Жұбанов бұл ыңғайда тек қана фонологтарға қажетті нәрселердің сыр-сипатын түсіндіріп қоймай, бүкіл музыка зерттеушілерге, өнер зерттеушілерге қажетті жаңалықтардың бетін ашып берді.

Қазақ әдебиетінің классигі Абайдың қайтыс болғанына отыз жыл өтуіне байланысты ұлы ақынның тілі туралы жазған мақаласы танымдық жағынан маңызы аса зор тартымды да өзекті еңбек болды. Мұның өзі қазақтың әдебиеттану іліміне қосылған үлкен үлес-олжа болғаны кәміл. Мақала Абай өлеңдерінің өзгеден озық тұрған ерекшелігін тап баса көрсетіп берді. Абайдың халық тілін шеберлікпен пайдалана біліп, жаңалыққа оза шапқан оқшау тұрған даралығын ғалым айқын дәйектермен дәлелдеп шықты. Оқымысты мұнда Абай Құнанбаев қазақ мәдениеті тарихында алатын орнын дұрыс, дәл көрсете отырып, өзінің бүкіл әлем мәдениеті қазынасын, соның ішінде классикалық Шығысты керемет білетін білгір адам ретінде Абайдың өзгеден мойнының озықтығын көрсету мақсатында өткендегі мәдениет тарихына шолу жасағандай болады. Бұл жөнінде ол былай деп жазады: «Мұсылман күншығысының мәдени қалыбын бұзып, көнерген халық даналығының тар аумағынан шығып, әдебиет маңдайын жаңа арнаға қарай бұрған, жер жүзі әдебиетінің кеуде жеріне жетелеген ақын-жазушы ол кезде Орта Азия былай тұрсын, Ресей күншығысы ғана емес, мемлекетті ел – Түркияда да кем болатын… Абайды көрші елдердегі замандастары, бәсекелестерімен салыстырсақ, оған Мырза-Фаталиден басқа ешкім де шендесе алмайды. Ұлт тіліне, әдебиетіне сіңірген еңбегін бағамдасақ, ақындықтың шеңберінде толысқан сәтінде Абай бәрінен де озып шығады. Өйткені ол кезде таза халық тілімен жазып тұрып, ол жазғанын классик әдебиет үлгісімен шығарған ол елдерде адам болған жоқ. Абайдың бірқатар сыншылар ескермей жүрген бір оқшаулығы – осы.

Құдайберген Жұбанов – шын мәніндегі ірі зерттемпаз түрколог. Петербордың Шығыс институтында, одан кейін Яфетидология институтында (қазіргі КСРО Ғылым академиясы Тіл білімі институты) оқып жүрген кезінде-ақ байқағыштығы нәзік, шығысты жақсы білетін қарымды зерттеуші лингвист ретінде танылған-ды. Осы бір қазақ ғалымының дарыны мен қабілеті әсіресе Қазақтың Абай атындағы педагогтік институтында бірнеше жыл қатарынан сабақ беріп, қазақ тілі кафедрасының меңгерушісі болып істеп жүрген тұста мейлінше айқын да жарқын көрінген болатын. Жалпы тіл білімі, қазіргі қазақ тілі және түркология саласынан ол оқыған лекциялар тек студенттер ғана емес, қазақ зиялыларының қалың қауымының назарын өзіне кеңінен аударған еді. Құдайберген Жұбанов өз пәнін жетік білетін. Лекцияны оқудың да асқан шебері еді. Лекциялары түркі тілдердің қазіргі жайы мен өткенін баян ететін деректерге аса бай келетін. Ежелгі түркі жазбаларының тілін де еркін білетін, құлпы тастардағы орхон-енисей жазуларының сырына да жетік болатын, оның лексикалық, грамматикалық, фонетикалық белгілерінің бәрін бүге-шегесіне дейін игерген адам еді. Өзінің ұстаздық мамандығын қазақ тілі мен түркі тілдердің қыруар құбылыстарын тынымсыз зерттеумен ұштастырудан қол үзген емес. Оның қаламынан туған ғылыми зерттеулер өзінің нәрі мен мәнін, зәрулігін әлі күнге жоғалтқан жоқ. Ол кісінің «Из истории порядка слов в казахском предложении» (1936), «Заметки о вспомогательных и сложных глаголах», «Күй» деп аталатын сериясы, түрлі мәслихаттар мен съездерде сөйлеген сөздері, «Буын жігін қалай табуға болады», «Жаңа грамматиканың жаңалықтары жайында», шылаулар, қос сөздер, біріккен сөздер секілді қыруар зерттеулері арқылы мамандар арасында зор бедел, құрметке ие болғаны талассыз. Оның зерттеулеріне тән бір қасиет – салыстырмалы-тарихи деректердің мол болуы. Әрине, өз заманына тән Н. Я. Маррдың ілімінің жетегіне еріп кейде мүлт басқан жерлері де жоқ емес.

Қазақ сөйлеміндегі сөздердің орналасу тәртібін зерттеуге арналған еңбегінде тіліміздің қазіргі синтаксистік құрылымындағы сөздердің орын тәртібін бар ынта-жігермен құлшына зерттеп, синтаксистің бұл саласының тарихи даму ерекшелігін, сөздердің орналасу тәртібінің қалыптасуы мен қазіргі жай-күйін бұлтартпас фактілермен талдап, түсіндіріп береді.

Сөйлем мүшелерінің барша түркі тілдерге ортақ бұлжымас заңдылығын былай көрсетуге болады – деп жазады Қ.Жұбанов, – анықтауыш анықтайтын сөздің алдында, толықтауыш толықталатын сөздің алдында, ол сөйлемнің барлық мүшелері баяндауыштың алдында тұрады .

Күн ұзаққа деген қазіргі сөйлеуімізде жиі қолданылатын екі сөздің тізбегін алатын болсақ, мұндағы сөздердің орналасу тәртібінің қазақ тіліне тән еместігін оңай байқаймыз, өйткені мұның анықтауыш сөзі анықталатын сөзден кейін тұр, егер қазақ синтаксисіндегі сөздердің тіркесу жөн-жосығына салсақ, мұндағы сөздер ұзақ күн болып орналасуы керек еді. Осы жерде автор жоғарыдағы күн ұзаққа деген тізбекпен синоним болып келетін ұзақты күн деген тіркеске де назар аударады. Бұл тіркесті күн ұзаққа деген тіркеспен синонимдес етіп тұрған -ты деген меншіктік аффикстің қызметі деп көрсетеді Қ. Жұбанов. Расында да, бұл жерде меншіктік аффиксті алып тастасақ, тіркесіміз ұзақ күн болып шығар еді. Бірақ ұзақты күн деген мен ұзақ күн дегендер – мағыналары басқа-басқа тіркестер. Кейінгі тіркес күннің ұзақтығын тек астрономиялық тұрғыда ғана білдіреді. Сөйтіп, автор күн ұзаққа деген тізбектің ұзақты күн деген сөз тізбегімен қатар өмір сүруіне назар аударта келіп: «Қазақ тілінде сөздердің орналасу тәртібі ертеректе қазіргіден басқашарақ болған, яғни анықтауыш сөз анықталатын сөздің алдында келмей, одан кейін тұрған. Ал мына күн ұзаққа деген тіркес болса, ол қазіргі тілімізде ескі тілдік заңдылықтың қалдығы ретінде сақталған».

Әрине, авторды мұндай қорытындыға жетелеп отырған осы бір ғана мысалдың жай-жапсары емес. Ол қазақ тілінің қазіргі заңдылығына керісінше үлгіде құрылған мұндай сөз тізбектерінің талайын талдап барып, жоғарыдағы қорытындыға келген. Автордың зерттеуіндегі осындай кері үлгіде құрылған тіркестің бірі – адам тағы. Бұл – фольклорда кездесетін кейіпкер. Мұнда да тағы деген анықтауыш анықталатын адам сөзінен кейін тұр.

Қазақтағы кісі аттарында жиі байқалатын, әсіресе әйел адамдардың аттарындағы Күн сұлу, Ай сұлу, Таң сұлу, сондай-ақ ер адамдардың есіміндегі Күн жарық, Ай жарық, Таң жарық дегендердегі күн, ай, таң сөздерінің сұлу, жарық деген сын есімдердің алдында келуін автор мысалға келтіреді. Бұл мысалдар да зерттеушінің болжамының дұрыстығын байқатып тұр. Ғалымның мысалдары көңілге қонымды, адамға ой салатын мысалдар екені сөзсіз. Ол өзінің қорытындысына тіліміздің қазіргі заңдылығынан ауытқи айтылатын фактілерді арқау еткен. Бірақ менің айтқаным ғана ақиқат, осыны ғана ұстанып, осыдан таймаңдар деген кеңес бермейді. Осы орайда ол былай деп жазады: «Сөздердің орналасуындағы көне тәртіптің мысалдары тілімізде, әрине некен саяқ қана. Олай болмаған жағдайда көне тәртіптің қазіргі тәртіпті ығыстырып шығаруы кәдік қой. Анықталатын сөздің анықтауыштан бұрын келуі біздің қазіргі грамматикалық түсінігіміз тұрғысынан алғанда оғаш көрінетіні рас. Сондықтан біздің анықталатын сөзді анықтауыш сөз деп қабылдай салуымызға таң қалуға да болмайды».

Историзм болмаған жерде, тіл құбылысына ғылыми талдау жасау мүмкін емес. Алайда сол кездегі елдің бәрі әуестенген яфетидологиялық ілімге еліктеу – Қ. Жұбанов еңбегінің құнын түсіре алмаса керек.

Бұл айтып отырған Қ. Жұбанов теориясының мәні жалғыз сөздердің орналасу тәртібін білу үшін ғана қажет болып қоймай, түркі тілдердің тарихын, этимологиялық сырын түсіндіруге қолғабыс етер теория екенін де атауымыз керек. Түркі тілдердің деректерін салыстырмалы-тарихи әдісті қолдана зерттеудің керектігі бұл жайлардан айқын аңғарылады.

Көмекші етістіктер мен етістіктің күрделі зерттеуге арналған еңбектерінен автордың ана тілінің лексикалық, грамматикалық заңдылықтарын егжей-тегжейлі білетіндігі айқын елес береді . Қазақ лингвистикасы топырағында бірінші болып отыр, тұр, жатыр, жүр көмекші етістіктеріне ғылыми талдау жасаған адам – осы Қ. Жұбанов. Нақтылы да айқын деректерге сүйене отырып, аталған көмекші етістіктердің грамматикалық қызметін, олардың негізгі етістерге жапсарлас тәуелділігін ашып берген осы кісінің зерттеуі болатын. Жіктік жалғауы жалғанатын грамматикалық тұлға осы көмекші етістіктер болғандықтан лексикалық мағынаға ие негізгі етістіктердің өзі де бір жағынан оларға тәуелді сияқты боп көрінетіні бекер емес. Оның үстіне бұл көмекші етістіктердің сөйлемде дербес тұрып та предикаттық қызметте жұмсалатын кезі бар. Мысалы: отыр+мын, жүр+мін, тұр+мын, жатыр+сың т.б.

Орта мектептің 5-6 кластарына арналған қазақ тілі оқулығын терген алғашқы авторлардың бірі осы кісі болғанын еске сала кетудің де орайы бар. Бұл кітабында автор қазақ тіліндегі сөздің құрылымын, фонетикалық құбылыстардың жай-жапсарын жүйелі түрде әңгіме етеді. Ғалымның бұл оқулығы қазақ тіліне арналған одан кейінгі оқулықтардың жасалуына игі ықпал етті.

Грамматиканың пәнін түсіндіре келіп, Қ.Жұбанов мұнда қазақ синтаксисі жөнінде оқушыларға түсінікті тілде мәлімет береді, қазақ лексикасының негізіне талдау жасайды.

Ең қажетті деген материалды оқушыларға қарапайым тілмен түсіндіріп береді. Осының арқасында кітап алғашқы еңбектердің ішіндегі маңыздысының бірі болды. Кітаптан республикадағы сол кездегі лингвистикалық білім берудің деңгейін, шама-шарқын аңғаруға болады.

Қазақ фонетикасының өзі зерттеген өзекті мәселелерін де автор кітабында қамтуға тырысқан. Мұны қазақ фонетикасы саласындағы бас-аяғы бар тәмамдалған еңбек десек болады. Кітаптан үндестік заңы, екпіннің сөз ішіндегі орны туралы қысқа да болса нұсқа түсінік алуға болады.

Қазақ тілінің дыбыстық құрылымын талдау барысында сөз дыбыстарының мағына ажыратуға қатысты жағын да назардан тыс қалдырмаған. Мағына жағынан сөздердің бір-бірінен дараланып тұруы үшін оның барлық дыбыстарының өзге сөзден түбегейлі өзгерісі болуы шарт емес, сөз құрамындағы бір ғана фонеманың өзге сөздікінен өзгеше болуы олардың семантикасын ажыратуымызға жетіп жатыр дейді Қ.Жұбанов.

Мәселенің ғылыми жағына еш нұқсан келтірместен, фонеманың осындай қасиетін оқулығында шәкірттерге ұғымды тілмен түсіндіріп береді. Сөйтіп, Қ. Жұбанов жалпы фонологияның өзекті бір түйіні – фонеманың жай-жапсары туралы байыпты қорытынды жасайды.

Ғалымның фонеманың сандық және сапалық құрамы жөнінде де айтқан сындарлы пікірлері бар. Қай тілді алсаңыз да сөз дыбысы атаулы сан жағынан толып жатыр, бірақ олардың бәрі бірдей фонемалық қасиетке ие емес. Сөздердің мағыналық тұрғыдан бір-бірінен ажырата көрсетуге қабілетті дыбыстар аса көп емес. Қ. Жұбановтың бұл тұжырымдары жалпы фонологияның принциптерімен сабақтасып жатыр.

Оқулықтың авторы қазақ тілі дыбыстарының құрамын дауысты, дауыссыз және үнді (сонор) дыбыстар деп аталатын үш топқа бөледі. Тілдің сөйлеген кезде жоғары көтерілу, төмен түсу ыңғайына қарай а/ә, о/ө, е дауыстыларын толық дауысты, ы/і, ұ/ү дауыстыларын келте дауысты деп атайды. Yнсіз дауыссыздарды екі жікке ажыратып, б, д, ж, з, ғ, г дауыссыздарын ұяңдар тобына, п, т, ж, с, қ, к дауыссыздарын қатаңдар тобына жатқызады. Жасалу жолына қарай п-б, т-д, қ-ғ, к-г дегендерді үздікті дауыссыз, с-з, ш-ж дегендерді үздіксіз дауыссыз деп бөлген.

Yнсіз дауыссыздарды жасалу орнына қарай көмей, тіс, ерін дауыссыздары деп аталатын үш топқа ажыратады. Оқушылардың түсінуіне жеңіл келу үшін дыбыстардың өзара жіктелісін әдейі қарапайым үлгіде жеткізуге тырысқандығы көрінеді.

Yнді дауыссыздарды Қ.Жұбанов алдымен тура жолды сонорлар, айналма жолды сонорлар деп екі топқа бөліп, оның алғашқысына ү, и, кейінгісіне р, л, м, н, ң дауыссыздарын жатқызады.

Соңғы топтағы сонорларды әрмен қарай ауыз жолды, мұрын жолды деп екіге айыра көрсетеді.

Ұзын сөздің қысқасы, Қ.Жұбанов дыбыстардың жасалу жолдарын жан-жақты қарастыра келе, олардың толық топтастыру жүйесін жасап берген. Лингвист ғалым өзінің бір тиянақталған еңбегін қазақ сөзінің буынын зерттеуге арнады. Буын жасауға қатысатын дыбыстарды санына қарай қазақ тіліндегі буынды төртке, ал дыбыстардың буын ішінде орналасу тәртібіне қарай үшке бөледі. Қазақ сөзіндегі буын санының сөз ішіндегі дауыстылардың санымен бірдей болатындығы жөнінде толық мағлұмат береді. Буынның түрлері оның құрамына енетін дыбыстардың бір-бірімен тіркесу ыңғайына тәуелді. Буындардың бірімен-бірінің бірігіп, жымдасып кететіні де, бірімен-бірінің орындарының ауысып қолданылатын кездері де бар. Қазақ тілі буын құрылысының бұл да бір ерекшелігі деуімізге болады.