
Биыл Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген ғылым қайраткері, Ш.Уәлиханов атындағы І дәрежелі сыйлықтың иегері, Түркияның «Türk Dil Kurumu» лингвистикалық қоғамының құрметті мүшесі, Башқұртстан Ұлттық ғылым академиясының құрметті академигі, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының құрметті президенті, Ұлы Отан соғысының ардагері, филология ғылымының докторы, профессор, аса көрнекті түркітанушы-лингвист академик Әбдуәли Туғанбайұлы Қайдардың туғанына 100 жыл толды.
Әбдуәли Туғанбайұлы Қайдар (1924-2019) — қазақ тіл білімінің көрнекті маманы, белгілі түркітанушы, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі (1983), Қазақ ССР-інің еңбек сіңірген ғылым қайраткері (1982), Шоқан Уәлиханов атындағы І дәрежелі сыйлықтың иегері (1971), Түркияның «Dil Kurumu» лингвистикалық қоғамының құрметті (академик) мүшесі (1989), Башқұртстан Ұлттық ғылым академиясының құрметті академигі (1991), Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының құрметті президенті (2004), ҚР БжҒМ А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының Этнолингвистика бөлімінің бас ғылыми қызметкері, Ұлы Отан соғысының ардагері, филология ғылымдарының докторы, профессор. Ол саналы ғұмырының жарты ғасырынан астам уақытын тіл білімі саласына арнады.
Әбдуәли Қайдар 1924 жылы 13 желтоқсанда Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданындағы Талдыбұлақ ауылында қызметкер отбасында дүниеге келген. 1942 жылдың мамырында қазақ орта мектебінің 9 сыныбын және он айлық педагогика курсын аяқтасымен, өз еркімен сұранып майданға аттанады. Майдандағы жауынгерлік ерлігі үшін Ә.Қайдар ІІІ дәрежелі «Даңқ» (1944), І дәрежелі және ІІ дәрежелі «Отан соғысы» (1944), екі мәрте «Қызыл Жұлдыз» (1945) ордендерімен және «1941-1945 жылдардағы ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін», «Москваны қорғағаны үшін» т.б. медальдармен марапатталады.
Соғыстан кейін Қазақ мемлекеттік университетін үздік бітірген Ә.Қайдар, 1951 жылы Қазақ ССР Ғылым академиясының аспирантурасына қабылданып, оны 1954 жылы «ұйғыр тілі» мамандығы бойынша бітіреді.
Міне, осылай басталған аспиранттан академикке дейінгі, кіші ғылыми қызметкерден (1954) академиялық ғылыми-зерттеу институтының директорлығына (1978) дейінгі ғалымның ғылымдағы ғұмыры ҚР Ұлттық ғылым академиясының (қазіргі ҚР Білім және ғылым министрлігінің құзырындағы Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының) қара шаңырағында өтті. Ғалымның жалпы түркітану ғылымына, соның ішінде, әсіресе қазақ тіл білімі мен ұйғыртану саласына қосқан нақтылы үлесі мен сіңірген еңбегі оның жариялаған 500-ге жуық ірілі-кішілі (жалпы көлемі 1000 б.т. астам) зерттеулерден, оларда көтерілген сан алуан (50-ден астам) лингвистикалық проблемалардың теориялық өзектілігі мен практикалық қажеттілігінен де, тақырыбынан да айқын көрінеді. Солардың ішінде жеке кітап түрінде жарық көрген монография, жинақ, сөздік, мектеп пен жоғары оқу орындарына арналған оқулықтары мен кітапшаларының жалпы саны – 52.
Әбдуәли Қайдар – лексикография саласында өнімді еңбек еткен ғалым. Бұл салада оның: «Уйгурско-русский словарь» (1961), «Қазақ тілінің қысқаша этимологиялық сөздігі» (авторлардың бірі) (1966), «Қазақша-орысша бір буынды түбірлер сөздігі» (1986), «Тысяча метких и образных выражений: казахско-русский фразеологический словарь с этнолингвистическими пояснениями» (2003), «Халық даналығы (қазақ мақал-мәтелдерінің түсіндірме сөздігі және зерттеу)» (2004) және «Қазақтар ана тілі әлемінде 1-том.
«Адам» атты этнолингвистикалық сөздігі және т.б. еңбектерін атап айтуға болады. Академик Әбдуәли Қайдар – қазақ этнолингвистикасының негізін салушы ғалым. Этностың инсандық болмысы мен дүнияуи табиғатын, оның даму заңдылықтарын тіл феномені арқылы танып-білудің ғажайып мүмкіншіліктері, яғни «этностаным» мен «тілтаным» арасынан туындаған лингвистиканың жаңа да дербес саласының бағыт-бағдарын, мақсат-мүддесін айқындау, ғылыми тұжырымдамасын негіздеу – ғалымның осы саладағы соңғы кездегі зерттеулерінің негізгі арқауы.
Ғалымның қазақ этносы туралы зиялы қауымның сауалына және көпшіліктің ой-пайымдарына жауап ретінде ұлттың менталдық ерекшелігін көрсететін «Қазақ қандай халық?» (2008) атты көлемді еңбегі жарық көрді. Этностың болмысына қатысты мыңдаған, тіпті миллиондаған мағыналық бірліктердің жиынтығы мен синтезін таныту мақсатында «Қазақтар ана тілі әлемінде: «Адам» (1 т.), «Қоғам» (2 т.), «Табиғат» (3 т.) атты 3 томдық этнолингвистикалық сөздік баспаға дайындалып, оның бірінші томы жарыққа шықты. Бұл еңбектер келешек ұрпаққа ұлттық қасиеттерімізді басқа бұлақтардан емес, тек тіл бастауынан ғана сусындап білуге көмектесері сөзсіз.
Ғалымның есімі ғылымдағы үздік өнегесімен ғана белгілі емес, сонымен қатар, еліміздің рухани-мәдени, саяси-әлеуметтік, қоғамдық өміріне де белсене араласып, бұл салада да азаматтықтың жоғары деңгейінен көрінген. Оны біз ғалымның еңбек жолынан айқын көреміз. Солардың кейбіреулерін, яғни ғалымның міндетті қызметтерінен басқа атқарған қоғамдық тапсырмаларының біразы мынадай:
1) тіл білімі бойынша кандидаттық және докторлық диссертация қорғау кеңесінің төрағасы (23 жыл);
2) ҚР Ғылым академиясының «Хабарлары» атты ғылыми журналдың бас редакторы (8 жыл); сондай-ақ Бүкілодақтық «Советская тюркология» журналының, «Білім және еңбек», «Парасат» журналдарының редакция алқасының мүшесі;
3) кезіндегі «Достық қоғамдары» мен ҚР Халықтар Ассамблеясының мүшесі (20 жылдан астам);
4) Мемлекеттік терминологиялық комиссия төрағасының орынбасары әрі мүшесі (25 жылдан астам);
5) Мемлекеттік ономастикалық комиссия төрағасының орынбасары (12 жыл);
6) СССР Министрлер Советі жанындағы СССР-дің Ғылым мен техника саласындағы Лениндік және Мемлекеттік сыйлықтар жөніндегі Комитетінің мүшесі (2 жыл);
7) Ел президентігіне 8 үміткердің ішінде бірінші елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтан қазақ тілі бойынша мемлекеттік емтихан алған комиссияның басшысы болды;
8) Қазақ ССР Министрлер Советі жанындағы Қазақ ССР-інің ғылым мен техника саласындағы мемлекеттік сыйлықтар жөніндегі Комитеттің мүшесі;
9) СССР Жоғары аттестациялық комиссияның мүшесі, ҚР ЖАК-ның Төралқа мүшесі (3 жыл);
10) ҚР «Тіл туралы заңның» жаңа жобасын жасаушы Комиссияның мүшесі;
11) ҚР Президенті жанындағы мемлекеттік саясат жөніндегі Ұлттық кеңестің мүшесі;
12) Академик Ә.Қайдардың редакторлығымен 76 еңбек (монография, жинақ, сөздік), соның ішінде 2 энциклопедия («Қазақ тілі» энциклопедиясы мен «Жетісу» энциклопедиясы) жарық көрді;
13) Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті (1989 ж. бері) және т.б. қоғамдық қызметтерді атқарды.
Академик Әбдуали Қайдар – тіл білімі бойынша ғылыми кадрлар дайындауға да ерекше көңіл бөлген ғалым. Оның ғылыми жетекшілігімен филология ғылымдары бойынша диссертация қорғаған 17 ғылым докторы мен 75 ғылым кандидаты Қазақстанның түкпір-түкпірінде, сондай-ақ, елімізден тыс мемлекеттерде (Мәскеуде, Уфада, Абаканда, Нүкісте, Ташкентте, Нальчикте, Кемеровте, Бішкекте, МХР-да, ҚХР-да т.б.) жемісті еңбек етіп жүр. Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі, профессор Ә.Т.Қайдардың ғылыми-педагогтік қызметі, ғылымды дамытудағы, ғылым кадрларын даярлаудағы еңбектері үкімет тарапынан жоғары бағаланып, «Халықтар достығы» ордені, «Отан» ордені, «Құрмет нышаны» (Түркия ордені) және 12 медаль, көптеген құрмет грамоталарымен марапатталған.
Төрткүл дүниеге танымал тюрколог. Әбдуәли Қайдар – жарты ғасыр бойы қазақ және ұйғыр тілдері мен жалпы және салыстырмалы түркітану мәселелерін зерттеумен шұғылданды. Оның жалпы түркітану ғылымына, оның ішінде, әсіресе, қазақ тіл білімі мен ұйғыртану саласына қосқан нақтылы үлесі мен сіңірген еңбегі жеке монография, оқулық, сөздік, жинақ, мақала түрінде 400-ден астам (жалпы көлемі 600 б.т.) ғылыми зерттеулерде көрініс тапты.
Академик Әбдуәли Қайдардың ғылыми мұрасы. Ғалымның жалпы түркітану ғылымына, соның ішінде, әсіресе қазақ тіл білімі мен ұйғыртану саласына қосқан нақтылы үлесі мен сіңірген еңбегі оның жариялаған лингвистикалық проблемалардың теориялық өзектілігі мен практикалық қажеттілігінен де, тақырыбынан да айқын көрінеді.
Академик Әбдуәли Қайдар – тіл білімі бойынша ғылыми кадрлар дайындауға да ерекше көңіл бөлген ғалым. Оның ғылыми жетекшілігімен филология ғылымдары бойынша диссертация қорғаған 17 ғылым докторы мен 75 ғылым кандидаты Қазақстанның түкпір-түкпірінде, сондай-ақ елімізден тыс мемлекеттерде (Мәскеуде, Уфада, Абаканда, Нүкісте, Ташкентте, Нальчикте, Кемеровте, Бішкекте, МХР-да, ҚХР-да т.б.) жемісті еңбек етіп жүр.
Ғалым, ұстаз Әбдуәли Қайдар 95 жасқа қараған шағында дүниеден озды.
Академик 2014 жылы берген бір сұхбатында:
– Мен 1924 жылғымын. Отан соғысы басталғанда он алты жаста едім. Маусымның үші күні радиодан Сталин сөйледі. Сталинның сөзі кеңес халқына арналған болатын. «Солдаты! Офицеры! Генералы! Адмиралы! Рабочий класс, колхозники, к вам я обращаюсь, друзья мои». Сталин «друзья мои» деп айта қоймайтын адам. Сол сөзді естігенде жылағандар да болды. Сөзінің аяқ жағында: «Біздің соғысымыз-ақ. Біз жеңеміз!» – дегенді айтты. Сол арада біз де тұрдық. Біздің ұққанымыз бір нәрсе: халық қиын жағдайға ұшыраған. Кейбіреулер үйіне қайтты. Біз көшеде асық ойнап, доп теуіп жүрген бала едік. Үйге келсек, үн-түн жоқ. Ешкім сөйлемейді. «Оу, не болды?!» деп сұрайды. Сталиннің сөзін айттық.
Соғысқа елді ала бастады. Екі айдың ішінде көп адам кетті. Әкем райфинотделда инспектор болатын. Ағамның біреуі колхозда, біреу қарапайым қызметкер болатын. Талқан-тарысын дорбаға салып, үшеуі майданға жүріп кетті. Ол уақытта Алматыға арбаменен, машинамен алып кетуші еді. Соғысқа кетіп бара жатқан адамдарды музыкамен шығарып салатын. Одан кейін ойын да тоқтады. Тамыз айының екінші жартысында мектепке бардық. Молотов атындағы орта мектептің тоғызыншы сыныбын бітірген едім. Он шақты бала жиналып қалдық. Сұрастырсақ сабақ беретін еркек мұғалімдер өздері сұранып соғысқа аттанып кетіпті. «Әкелеріміз, ағаларымыз Отан қорғап жүргенде, біздің ауылда жүргеніміз дұрыс па?» деген сөз болды. Содан ақылдасып келіп, біз де соғысқа сұрандық. Аудандық «Үлгілі колхоз» деген газет болатын. Соған барып, өзіміздің қан майданға өз еркімізбен аттанатынымызды айттық.
Аудандық әскери бөлімшеге бардық. Тұмарбеков деген адам бар еді. Сол кісі: «Сендер мылтық көтере алмайсыңдар» деп бізді соғысқа дайындайтын жерге жіберді. Онда екі ай болдық. Он екі бала едік. Арамызда бір орыс, қалғандары қазақ болатын. Газетке суретімізбен «Өз еркімен сұранғандар» деп басып жіберді. Түргенде сегіз айлық мұғалімдік курс ашыпты. Сонда оқуға түстік. Сонда оқуда жүргенде әскери бөлімшеден бізге шақырту келді. Жүгімізді алып, сонда келдік. Бізді арбамен де, машинамен де емес жаяу жіберді. Сонымен, біз қырық бес шақырым жерді жаяу жүріп келдік. Таңертең шығып, кешке Алматы маңындағы Калинин совхозының жанына келіп түнедік. Ертесі «Алматы-1»-ге бардық.
Барсақ, бізді алып баратын бір жас жігітті белгілеген екен. Барлық құжат соның қолында. Ол кетіп қалыпты. Ары күтеміз, бері күтеміз. Жоқ. Бізге күдікпен қарап, заттарымызды да ұрлатып алдық. Ертесі күні Қазақ әскери бөлімшесінен жолдама алдық. Алматыдан Ташкентке бардық. Сонда үш ай училищеде оқыдық. Радио-телеграфный курс дейді. Үш айдан кейін бізді Мәскеу қаласына аттандырды. Кремльдің үстінде аэростат деген заттар қаптап тұрды. Кремльге бомба тастатпау үшін жауып қойған екен. Сол жерде бізді екіге бөлді. Бізбен бірге нағашы ағам да болған. Сапта қол ұстасып, «өлсек, бірге өлейік» деп тұр едік, командир келіп, қолымызды айырып, екеуімізді екі жаққа жіберді. Оны Кавказ маңына, мені Калинин фронтына. Калинин фронтында «Марс» деген операция жүріп жатыр екен. Сол жерде бір рет жараландым, бір рет контузия алдым. Контузияға байланысты айтатыным. Бейтарап аралықта немістердің бір пулеметі жатыр еді. Солдаты оққа ұшқан. Соны кім алып келеді деген бұйрық келді. Жанымда бір орыс жігіті бар, «біз алып келейік» дедім. Еңбектеп барып, бір пулеметті екі дискісімен алып келдік. Содан командный пунктте комбат қарап тұр екен. Сол келіп: «Пулеметті алып келген кім?» деді. Олар бізді көрсетті. Сол үшін үшінші деңгейлі «Даңқ» орденін берді. Сол майданда жараландық. Бізді шана тектес сүйретпеге (солоска) байлап, үйретілген иттерге сүйреттіріп жіберді. Қарағайлардың арасымен ешбір жерге соқпай, иттер бізді емдеу пунктіне жеткізді. Біз есімізден айырылып қалған едік. Бізді «не жилец» деп зовқа лақтырып жіберді. Өлген адамдардың арасында жарты түнге дейін жатыппыз. Суықтан есімізді жинап, «я живой» деп айғайладық. Сонымен, бізді санитарлар жүгіріп келіп, емдеуге апарып, екі айдан кейін майданға жіберді.
Бір күні радиода сөйлесіп отырсам, бір қазақ баласы екен: «Мен сотый бригадасынанмын», — деп айтты. «Менің әкем сол бригадада еді, біліп бересің бе?» деп едім, «біліп берейін» деді. Бірақ біліп бере алмады. Әкем менен он күн бұрын майданға кірген екен…
Ол кісінің аты – Тұрғанбай. «Операция «Марс». Казахи в долине смерти» деген кітапта бар. Қазақтардың қырылған жері – осы. Екі миллион қазақ шейіт болған. Бірақ әкеміз туралы «пропал без вести» деген қағаз келді. Өліп қалды деп жылап-сықтап жүргенімізде, тірі екен деген хабарды естідік. Шешеміз айтатын: «Сол немістің бір қызына үйленіп, үндемей жатқан шығар ұялып» деп. Кейін әкем қайтыс болған жерге қарындасым барып келді. Жатқан жерін көріп, сол жердегі тізімнен атын оқыпты. Бірақ алып келуге мүмкіндік болмады. Көрдіңіз бе, он күн айырмашылық. Ол кісі 12-сінде қайтыс болған. Мен 21-інде жаралы болдым. Бір соғыс осы. Калинин фронты. Одан кейін Ленинградты блокададан босатуға салды.
Волганың бойындағы бір қалаға Ленинградтан Жданов атындағы әскери-инженерлік училище көшірілген екен. Сол жерде офицерлік оқуда болдым. Майдан кезі. Оқуым біте салысымен, ұшақпен бір түнде Еуропа жеріндегі екінші Беларусь фронтына апарды. Сол жерде кішкене ерлігімді көрсеткендей болдым. Екі орден алдым. Бір жағы Австрия, бір жағы Польшаның шекарасынан өтетін өзенге көпір жасап, әскерді өткіздік. Сол арада соғыс бітті. Біздің Бас қолбасшымыз Рокоссовский: «Бізге Берлинді алуды тапсырған еді. Бірақ бізден бұрын Жуков алды. Соғыстың аты – соғыс. Жеңіс бәрімізге ортақ. Сол үшін қуанайық!» деп сөз сөйледі. Содан біз Штиттель деген қаланы тазаладық. Біздің алдымызда немістер екі сағат бұрын көшіп кеткен екен. Сол арадан елімізге қайттық. Ташкентке келдік. Ташкенттен Түрікменстанның Ленинабад қаласына апарды. Сол жерде офицер ретінде бір айлық демалыс берді.
Ауылға келсем, хәлдері өте нашар екен. Шешеміз апамызды, ағамыздың әйелін, үш баланы өзі жалғыз бағып жүр екен. Оның үстіне бір шешен отбасын асырап алған. Қорадағы тоқал тамда солар тұрады екен. «Мыналар кім?» десем, «Ол шешен деген халық. Әкеп төккесін, жаным ашып тамды босатып бердім» деді. Сөйтіп, «Үйіне қарайтын адам жоқ» деп анықтама алдым. Қазақбаев деген бастық қабылдады. Содан әскерден толық шықтым. Одан кейін әскери бөлімшеде істедім. Сол жерде істеп жүріп, соғысқа байланысты тастап кеткен сабағымды кешке оқып жүрдім. Оныншы сыныптың құжатын алып, Алматыға келіп, университетке түстім. Оны төрт жылда бітірдім. Әскерге барып келгендер жақсы оқыса, бір курс аттауға болады екен. Екінші курсты аттап, үшінші курсқа түстім. Аспирантураға түсіп, академияда Ісмет Кеңесбаевтың қамқорлығын көрдім.
Сол кездегі ректорымыз Төлеген Тәжібаевтан бір курс аттауға рұқсат алып шығып келе жатсақ, алдымыздан Әуезов кездесті. «Ағай, біз рұқсат алып едік емтихан тапсыруға. Осы демалысты пайдаланып сіздің сабағыңыздан тапсырайық деп едік» дедік. «Жарайды. Онда жүре әңгімелейік» деп, Төлебаев көшесімен жоғары қарай жаяу жүріп сөйлестік. Алдымен Балтабай Адамбаевқа сұрақ қойды. Ол кейін әдебиетші болды. Одан кейін мен жауап бердім. Біздің жауабымыз ұнаған болуы керек. Өзіміз дайындалып жүрген болатынбыз. «Сендердің дайындықтарың жақсы екен» деді. Үйінің алдына келдік. Опера театрына қарама-қарсы тұратын. Сол кезде Балтабай мінезі жеңілдеу еді. «Ағай, есік алдыңызға келгеннен кейін сіздің үйіңізге кіріп, көріп кетейік» дегені. «Ой, бәрекелді! Кәне, жүріңдер!» деп үйіне кіргізді. «Әй, Валя, шәй қой, қонақтар келді», – деді. Кабинетіне кіргізіп, кітаптарын көрсетті. «Мынау шығыстануға байланысты, мынау Еуропа елдерінің әдебиеті, мынау Далаға байланысты» деп ретімен таныстырып жатты. Өзінің жазған еңбектерін көрсетті. Дастархан әзір болды. Дәм таттық. Бұны кейін ешкімге айтқан жоқпыз. Әуезовпен осылай таныстық.
Әскерден келгеннен кейін, оныншы сыныпты бітірді деген құжат керек болды. Ол құжатсыз оқуға алмайды ғой. Мектепке барсам, «қалай болар екен» деп қиналдым. «Бұл мен оқыған мектеп. Оныншы сыныпты балалармен отырып, оқып шығайын. Сонан кейін беретін шығарсыздар. Менің салған суретім әлі тұр екен» дедім. Әскерге кетердің алдында Амангелдінің портретін салып кеткен болатынмын. «Ойбай-ау, мына суреттің авторы сен бе?». «Иә, менмін». «Онда алдық» деп мені оқуға алды. Әкем маған кішкене күнімде домбыра мен мандолина алып берген. Мен мандолинаны көбірек ұнаттым. Радиодан скрипкада ойнаған музыканы естісем, соны аяғына дейін тыңдап болмай кете алмайтынмын. Сөйтіп, сабақтан кешіккен уақыттарым да болды. Мандолинада әжептеуір ойнаушы едім. Академияда да ойнап жүрдім.
Отыз жыл басшылықта өткен уақытымда ғылыммен айналыса алмай қалдым Көп жазуға мүмкіншілік болған жоқ. Өйткені, жиналыс. Партия жиналысы, профсоюз жиналысы, ғылыми Кеңестің отырыстары көп болатын. Отыз жылымның көпшілігі соған кетті. Маған орныңызды босатыңыз деп екі академик келді. Жабайхан Мүбараков пен Зәки Ахметов. «Сендер немістен де ұқыпты екенсіңдер. Немістер айтқан уақытында келетін. Мен: «тоғызыншы майда мені директорлықтан босатыңыздар» деп арыз жазып ем, сендер жетінші майда келдіңдер» деп әзілдеп, орнымды босатып бердім. Орнымды босатқаннан кейін, бес жылдай «Құрметті директор» болдым. Сол кезде: «Зейнетке шықсам, қолым босайды. Жиырма бес кітап жазамын» деген уәде бергенім рас. 25-ке жеткен жоқ. 12-13 кітап жаздым.
«Қазақ бір-бірін мақтаса – алты қырдан асырып жібереді, даттаса – жеті қабат жердің астына батырып жібереді». Осы екі бағалау Конфуцийдің теориясына қарсы. Ол тек қана мақтау үшін оның жақсы жағын да, жаман жағын да тексеріп, екі жағын таразылап отырып, ағын айтқан. Кейде қатар жүрген жолдастар онша бір елден ерекше қызмет ете алмайды. Ол қартайғанда немесе дүниеден өткенде жер мен көкке сыйғызбай, «ұлы адам» еді деп мақтайды. Ұлы адам болу деген М.Әуезов сияқты адамдардың маңдайына жазылады. Елдің бәрі ұлы бола алмайды. Осы мінез халқымызда менталитет ретінде сақталған. Бұрын да солай болған, қазір де солай. Біреулерді қазір мақтап жатса, мен оған сын көзбен қараймын.
Сексен шәкіртім бар. Он алтысы ғылым докторы. Қалғаны кандидаттар. Шәкірттің бәрі бірдей ойдағыдай болмайды. Ойдағыдай дейтін себебім, қорғап, үлкен мәртебеге қолы жеткенше осы алды-артыңа түседі. Одан кейін әрең амандасатын жағдайға келеді. Өзім болдым дейді. Ондайлар болды. Бір заманда менің директорлық орныма таласқан шәкіртім болды. Мен оны кешірдім. Жастықпен істедің дедім. Шәкірттерімнің ішіндегі өте алғыры да сол.
Менің ғылыми нысаным – ұйғыр тілі. Өскен ортамда ұйғырлар көп болды. Ұйғыр мектебінде оқыдым. Сергей Ефимович Маловтың айтқаны бар: «Түркологияда мықты болу үшін оны зерттеуші-ғалым алдымен ұйғыр тілін білуі керек» деп. Ұйғыр тілі осыларға кілт ретінде қолданылатын көне тілдердің бірі. Содан мен «Парные слова современного уйгурского языка» деген тақырыпта диссертация қорғадым. Ол тақырыпты маған Кеңесбаев берген. Бұл – үлкен мәселе. Түркологияда бірінші орында. Содан кейін Севортянға хат жаздым. «Осындай еңбегім бар еді. Доктор болуға лайықтымын ба? Жоқ па, әзірге болмай ма?» деп, ол кісі жазған еңбегіме пікірін білдіріп, «бірінші оппонент болуға дайынмын» деп хат жазды. Менің жетекшім Константин Кузьмич Юдахин. Мен Маловтан кепілдеме алып, ол кісіге шәкірт болған едім. Қазақша, орысша, қырғызша, өзбекше, немісше судай еді. 1500 бет докторлық жұмыс жаздым. Бүкіл Шыңжаңды зерттеген ғалымдардың еңбегін қарадым.
Кеңесбаевты ертіп Бішкекке бардым. Юдахин: «1500 беттік еңбекті оқып отыруға менің күшім жетпейді. Бұны Батманов деген академик бар. Соған тапсырайық. Ол рұқсат берсе, қорғауға болады», – деді. Жұмысымды Батмановқа апарып бердім. Ол кісі қарап шығып: «Бұның 1000 бетін алып қорғауға болады, 500 беті артық» деді. Бұны кімге ұсынамыз дегенде: «Севортянның пікірі жақсы еді. Сол кісіге берсек» дедім. «Севортян түркологияда бірінші адам. Өте қатал кісі. Турасын бір-ақ айтады» деді. Алматыда қорғауға болмайды. Бакудегі Шералиев деген академикке өтініш айттым. Ол кісі Севортяннан кейінгі екінші оппонент болып, докторлықты Бакуде қорғадым. Қорғауға бір күн қалғанда үстімнен арыз түсті. Ол әдебиетшіні бір заманда өзім қолдап ем. «Қайдаров Лениннің сөзін дұрыс аудармаған. Ондай адамға қорғатуға бола ма?» деп отыз екі беттен тұратын телеграмма жазып жіберіпті. Содан ғылыми Кеңес жиналып мәселені шешті. Жұмысты жақсы деп бағалап, қорғап шықтым. Кейін шәй ішіп отырғанда Севортян: «Егер қарсы болмасаңыз мен сіздің жетекшіңіз болайын», – деді. «Сіздің жетекшілігіңізді қуана қабылдаймын», – дедім.
Сол жылдары жұмысымыз жанданғандай еді. Кітаптар шығардық. Конференциялар өткіздік. Қазақстан қазіргі түркі тілдерін зерттеуде үшінші орында. Бірінші орында Мәскеу, Петербор, үшінші орында Қазақстан, төртінші Әзірбайжан. «Сендер үшінші орындасыңдар» деген сөздер бар. Қазақ тілі өзіміздің мінез сияқты. Еркін. Айтуға, тілдің икеміне байланысты анау-мынау қиыншылықтар жоқ. Бұл тіл ноғайларға жақындау. Қазақ халқы көп халықтармен араласқан. Моңғолдармен, парсылармен бірге тұрған уақыттар болды. Тілімізде парсы тілінің элементтері басқа түркі тілдеріне қарағанда көп. Оны зерттеп жүргендер аз. Бір заманда чуваштар Каспийдің бойында тұрған. Олардың тілі өзгеріп кеткен. Бірақ бір буынды түбірлері қазақ тілімен бірдей. Аяқ жағындағы қосымшалары арқылы өзгеріп отырған. Осындай жағдайлар бар. «Қазақтар ана тілі әлемінде» деген еңбегім негізгі жұмысым. Ақсақалдармен сөйлесіп отырғанда тыңдап көріңіз, қазақтар әдеби тілдің нормасын онша сақтамайды. Басқа сөздерді қолданады. Осының бәрі этнография. Яғни реалды өмірде қолданып жүрген заттардың атауын басқа сөздермен алмастыру. Бұл этнолингвистикада жаңа сала болып есептеледі, үш томдық еңбек жаздым. «Адам. Қоғам. Табиғат» осы үшеуі қазақ тілін түгел қамтиды. Түркологияда этнолингвистикамен тек қана Мәскеуде шұғылданады. Онда Лев Толстойдың немересі бар.
Бала күнімде ойнап жүріп, Финка деген балаға қолым тиіп кетсе керек. Соны жүрегінде сақтап жүр екен. Бір күні жұдырығымен қойып қалды. Оған жауап қайтаратын жағдай болмады да, үйге барып, тамның көлеңкесінде жылап отырдым. Сонда әкем қайдан көріп қойғанын: «Әй, балам, сен таяқ жеп кеп отырсың ғой. Неге жылайсың?» деді. «Анау Финка мені ұрып кетті» дедім. «Сен Финкаға тиісіп пе едің?». Бұрын бір сондай жағдай болғанын айттым. «Сен өмірде өзіңе тиіспеген адамға тиіспе. Екіншіден, өзіңнің әлің жетпейтін адамға тиіспе. Ал енді тиіскен екенсің, таяқ жеп қалсаң, ол бір жерде ебін тауып ұрып кетсе, онда жылама» деді. Осы өсиет өмір бойы менің ойымда сақталды. Өзім тиіспеймін. Тиген адамды аямаймын. Ғылымда да солай. Ғылымда да сен алған тақырыпты басқа біреу алмасын. Басты принцип – осы. Біреудің тындырған ісі онша табысты болмаса, сонда ғана кіріс. Мен ешкімнің тақырыбын қайталамадым. Бірақ мына «Қос сөз» Кеңесбаевтың тақырыбы. Ол кісі докторлығын қорғады. Мен кандидаттығымды қорғадым. Жер бетінде барлық халықтар қос сөзді пайдаланады екен. Осыған көзім жеткеннен кейін қос сөзді жинай бастадым. Содан кейін жетекшіме айттым. «Әй, қос сөзді мен де жинап жүрмін» деді. Одан кейін кілт тоқтаттым. Арасында кездескен фактілерді жинап жүрдім. Қызы «Папамның қос сөз туралы қолжазбасы» деп әкеп берді. Оған көңілім толмай, жинауды қайта бастадым. Сөйтіп, мендегі материал көп болды. Ол кісі материалдарын лаборанттарға жинаттырыпты. Олар қанша жинаса, солай ғана болып қалды. Зерттемей қалуға болмайтын жағдай еді.
Мен лексикологпын. Мына еңбектерім осы салаға жатады. Ғылымда бір салаға бейімделу керек. Әр салаға барған болмайды. «Халық даналығы» деген еңбегімде теория жағына көп бармаймын. Мақал-мәтелдердің пайда болуы, қолдану айтылады. Студент кезімде көп ғалым «шәкірт бол» деді. Балақаев, әдебиетші Белгібай Шалабаев. Өзі майдангер.
Тоқсанға келген ақсақалға өмір деген – Жақсы, сыйлас адамдармен өткізген уақыт.
Бақыт деген ше?– Өзіңнің орындалған арманың.
Байлық деген ше?– Көп кітаптарымды Түркі академиясына тапсырдым. Аш жүрсем де, қалтамда ақша болса, кітап сатып алдым. Байлығым сол болды.
Мен соғысты көргендігімнен бе, анау-мынау қиындыққа мойынсұнбаймын. Үш қызым бар. Бәрі қызметте. Бәйбішем медицина ғылымдарының кандидаты. Менің осы уақытқа дейін жетуіме осы кісі көп еңбек сіңірді. Бәріне шүкір! Аса өкінетін дүние жоқ сияқты… деп, өзі жайлы өте құнды әңгімелерімен бөліскен екен.
Ғылымда да, өмірде де азаматтық биік тұғырдан көрінуге, белсенді позициясын сақтауға талпынысы зор болған азамат-ғалым; барша саналы ғұмырын тынымсыз ізденіске бағыштаған еңбекқор адам; өзі таңдап алған өмірлік мамандығына берілген, оны сүйе де, сол үшін жан-тәнімен күйе де білген ғалым; ғылымдағы бір жақтылықты, тар шеңберінде қалуды қаламайтын, мүмкін болғанша одан жан-жақты хабардар болуды, әр құбылысты зерделей білетін, көп нысаналы зерттеуге бейім әмбебап, кең тынысты ғалым; ана сүтімен бойына дарыған ана тілінің құдіретті күшін, биік рухы мен асыл қасиетін жасынан сезініп өскенін, туыс тілдерді білгенін өз мамандығының ұйытқысы, арқауы деп санаған ғалым; ана тілінің тағдырына жан дүниесімен күйзелетін, ол үшін кіммен болса да бел шешіп күресуге дайын ұлтжанды, саясаткер-ғалым; ғылымның жан-жақты дамуына, идеяның жалғасып, өрісінің кеңейуіне, өресінің өсуіне өзінің де, өзгенің де үлес қосуын қалап өткен ғалым; өзіне қимайтын қымбат уақытын шәкірттерінен аямайтын қамқоршы ұстаз; сондықтан елге істеген игілікті ісін міндет етіп, пұлдамайтын, ал өзін ел алдында да, ғылым алдында да, үлкен мен кіші алдында да «парыздармын», «қарыздармын» деп санаған ұстаз-ғалым; табысына мастанбайтын, сәтсіздікте жасымайтын, «таспен атқанды аспен атуды» қалап өткен, көңілінде дық сақтауды білмеген абзал жанды ғалым; қаншама еңбек жазса да, ұлы жоспармен өмір сүрсе де, «ең жақсы кітабым әлі жазылған жоқ» деп өткен сыпайы ғалым. Шәкірттерінің ардақ тұтар ұстазы туралы түсінігі, пікірі осындай. Академик Әбдуәли Қайдар жалпы тіл ғылымының, оның ішінде түркітану, қазақ және ұйғыр тілдерінің қыры мен сырын әлем жұртшылығына таныта білді. Ендігі жерде иісі қазаққа, барша түркі әлеміне Әбдуәли Қайдарды тереңдете таныту керек, және бұл біздің парызымыз деп есептейміз.