
Отырар аудандық балалар кітапханасының ұйымдастыруымен рухани байлық – кітаптың құдіретін таныту, өскелең ұрпақтың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру мақсатында «Әлемді кітап арқылы танимын» атты аудандық байқау болып өтті. Байқауға көрнекті балалар жазушысы Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа» шығармасы ұсынылған болатын.
Байқауды аудан әкімінің орынбасары Құлмаханов Айдос Құлмаханұлы алғы сөзбен ашып, «Кітап беттерінде адамзат тіршілігінің сан қилы құпия сырлары сақталған. Яғни, кітап -біздің жан азығымыз» дей келе, ауданымызда кітапхана саласы бойынша өтіп жатқан байқаулар мен жобалар туралы айтып өтті. Сонымен қатар, бүгінгі байқауды ұйымдастырушылар мен үміткерлерге сәттілік тіледі.
Қатысушылар байқау ережесінде көрсетілгендей «Менің отбасым және кітапхана», «Балалық шаққа саяхат», «Зияткерлер алаңы» атты үш кезең бойынша бейнеролик, сахналық қойылым көрсетіп, тақырып аясындағы сұрақтарға жауап берді.
Байқау сарапшыларының шешімі бойынша Төленбай Жания мен Тәліпбек Бектас ІІІ орын, Еркінбекқызы Маржан мен Әжмахан Аян ІІ орын иеленді.
Қатарластарынан оза шапқан оқырманымыз Жамалбек Нұрислам І орын, ал, Ақтөбе ауылдық кітапханасының белсенді оқырманы Умирхан Абдулла бас жүлдеге ие болды.
Жас өрендерімізге құтты болсын дей келе,
әрдайым ақ жол тілейміз!