Бүгін Отырар ауданында Қазақстан халқы тілдері күніне арналған «Тіл ғұмыры- ұлт ғұмыры» атты мерекелік іс-шарасы өтті.
Шараның мақсаты жастарды Отанын, елін, тілін, жерін сүюге, мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту, тілдің мәртебесі мен маңызын кеңінен насихаттау болып табылады.
Мерекелік шарада аудандық орталық кітапхананың тақырып аясындағы кітап көрмесі көпшілік назарына ұсынылып, кітаптардың мазмұны таныстырылды.
Мұнан соң мерекелік шараның шымылдығы түріліп, ашылу салтанатында аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы
С.Құттыбай көпшілікті мерекемен құттықтады.
Ол өз сөзінде: «Адамзат мәдениетінің негізі – тілде, кез-келген ұлттың ең басты ерекшелігі – оның ана тілінде жатыр. Туған тілін мақтан ету, оны таза сақтау, оның өрлеп, өсе түсуіне еңбек сіңіру – кез келген ұлт өкілінің қасиетті парызы», — дей келе, халқымыздың тағдыры үшін, тілі үшін күрескен, қазақ әліпбиінің негізін қалаушы Ахмет Байтұрсынұлының туған күнімен тұспа-тұс келген атаулы мерекенің маңыздылығын атап өтті.
Салтанатты жиында ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы мен тіл саясатын жүзеге асыруға елеулі үлес қосып жүрген тіл жанашырлары арнайы алғыс хатпен марапатталды.
Шара одан әрі аудандық мәдениет сарайы өнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласып, көпшілік көтеріңкі көңіл-күймен тарқасты.