Бүгін Республика күніне орай Ордабасы ауданындағы тарихи орын — Қарауыл төбеде мемлекеттік рәмізіміз — көк Ту көтеріліп, Гимн орындалды.
Салтанатты шараға аудан әкімінің орынбасары Олжас Болатханұлы, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Бостандық Жәкей зиялы қауым өкілдері мен ардагерлер, әскери қызметшілер, ауыл округ әкімдері мен дербес бөлім басшылары және аудан тұрғындары қатысты.
Мерейлі мерекеге орай аудан әкімінің орынбасары Олжас Болатханұлы жиналған қауымды Республика күнімен құттықтап, Ту көтеру – аса маңызды оқиғаларға орай жасалатын ерекше рәсім екенін атап өтті. Сондықтан мемлекеттік рәміздерге деген құрметті өскелең ұрпақ санасына ұялатудағы аға буынның еңбегіне ризашылығын жеткізді.
Ел тарихында тәуелсіз мемлекет болып қалудың тағдыршешті сәті ретінде осыдан 34 жыл бұрын 25 қазан күні “Егемендік туралы” декларация қабылданғанын еске алған ауданымыздың зиялы қауым өкілдері ұлт үшін ұлық мерекенің мән-маңызына тоқталып өтті.
Биыл да Ордабасы жұртшылығы маңызды мерекені жоғары деңгейде атап өтіп, мемлекеттік рәміздер дәріптелді.
Сонымен бірге, Ордабасы ауданының әкімі Азат Оралбаев арыстықтарды Респубика күнімен құттықтады: «Құрметті жерлестер! Сіздерді Республика күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Бұл күн Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен еліміздің ұлттық мерекесі қатарына қайта қосылды. Көпшілік білетіндей, 1990 жылғы 25 қазанда «Егемендік туралы» декларация қабылданды, еліміз тәуелсіздікке бет бұрды, азат болудың алғышарты жасалды. Сондықтан біз үшін бұл күннің орны ерекше.
Тәуелсіздік тарихына үңілер болсақ, осы жылдар аралығында экономикамыз нығайып, халықтың тұрмыс-тіршілігі жақсара түсті. Еліміздің тұрақты дамуына жерлестеріміздің де үлесі зор.
Ауданымызда ауыл шаруашылығы саласы дамып, өндіріске, оның ішінде шағын және орта бизнес қарқынды дамыды.
Ауданымызды табиғи газбен қамту, білім беру, медициналық мекемелер құрылысын жүргізуде де ауыз толтырып айтарлықтай жаңалығымыз көп.
Міне, осы еңбектің барлығында еңбекқор, бірлігі мен тірлігі жарасқан аудан тұрғындарының үлесі зор.
Мемлекет басшысының «Біз үшін Қазақстанның Тәуелсіздігі бәрінен қымбат. Осы тұрақсыз, құбылмалы әлемде Қазақстанымыз бізден басқа ешкімге керек емес. Сондықтан, маған елімнің амандығы мен жерімнің тұтастығынан асқан ешбір құндылық жоқ», — деген сөзі әрқайсымыздың жадымызда жатталып тұр.
Құрметті Ордабасылықтар!
Республика күні мерекесі құтты болсын! Әр шаңыраққа бақ дарып, ырыс ұяласын! Елімізге тыныштық, халқымызға береке-бірлік, еңбектеріңізге табыс, игілікті ғұмыр тілеймін!».