
Келес ауданында Республика күні – Ұлттық мерекесіне арналған салтанатты іс-шара өтті. Іс-шараға Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев, аудандық мәслихаттың төрағасы Нұржан Шаулиев, ардагерлер, аудандық мәслихаттың депутаттары мен аудан тұрғындары қатысты. Салтанатты жиында сөз алған аудан әкімі Жәнібек Есенұлы келестіктерді Республика күні мерекесімен құттықтап, елеулі еңбектерімен көрінген бір топ сала қызметкерлерін марапаттады.
– Сіздерді бүгінгі Республика күнімен шын жүректен құттықтаймын. 1990 жылы 25 қазанда Қазақстанның егемендігі туралы декларация қабылданды. Бұл тәуелсіздікке қол жеткізу жолындағы алғашқы қадам еді. 2022 жылдан бастап Мемлекет басшысы Республика күні мерекесіне ұлттық мейрам мәртебесін қайтарды. Республика күні Қазақстанның жаңа тарихында еліміздің басты мерекелерінің бірі болып қайта оралып, кең көлемде аталып өтілуде. Бұл ретте, Республика күні мен Тәуелсіздік күні түрлі мағыналық мазмұндағы мерекелер мен шығу тарихы жағынан өте маңызды мейрам екенін атап өткен жөн. Қазіргі шақта Жаңа, Әділетті Қазақстанды құрудың маңызды қадамдары жасалуда. Еліміздің құрылымдық жүйесінде, саяси-экономикалық бағытында жаңғыртулар қолға алынды. Халық жаңа қоғам қалыптастыруға деген бастамаларға қолдау білдірді. Демократиялық үрдістерді орнықтыруға, тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған бұл өзгерістердің Келестіктер үшін де маңызы зор болмақ, — деді аудан басшысы.
Кейін аудандық мәслихаттың хатшысы Нұржан Шаулиев мемлекеттік қызмет, мәдениет, спорт қызметкерлерін алғыс хатпен марапаттады. Шараның көркін Әшірәлі Кенжеев атындағы Мәдениет үйінің өнерпаздары дайындаған концерттік бағдарламаға ұласты. Республика күніне арналған салтанатты шараға қазақ эстрадасының жарық жұлдызы, әнші Қанат Тасқан мерекелік ән шашуын тарту етті.